14 қазанда Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші қарауыл қызметінде міндетін орындау кезінде өзіне бекітілген қарудан басына оқ атып, көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлады.
- Аталған оқиға әскери қызмет өткерумен байланысты емес. Алдын ала ақпарат бойынша, сарбаз отбасылық-тұрмыстық жанжал кезінде өз-өзіне қол салған. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықталып, тергеу шаралары жүргізілу үстінде, – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі сарбаздың белгіленген әскери қызметінің аяқталуына екі апта қалғанын атап өтті.
- Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Оның жақындарына қажетті көмек көрсетіледі, – делінген хабарламада.