Мемлекет басшысы ұйытқы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында елді мекендердің, ормандардың, саябақтар мен скверлердің аумағын тазарту жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді.
«Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің аумағында «Таза Қазақстанмен біргеміз» жастар экологиялық акциясы өткізілді. Іс-шараны облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері ұйымдастырды. Акцияға колледж студенттері, еріктілер, жұмысшы жастар қатысты.
«Табиғатты қорғау өте маңызды, өйткені ол – ортақ байлығымыз. Әрқайсымыз қоршаған ортаны қорғауға үлесімізді қосуымыз керек. Өз басым қаламызда өтіп жатқан барлық экологиялық акцияға үзбей қатысуға тырысамын. Еліміздегі экологиялық қозғалыс дамып, әрі қарай нығая түсетініне кәміл сенемін. Табиғатты қорғаудың маңыздылығын көп жастар жақсы түсініп келеді. Осындай акцияларды бірге ұйымдастырып, экологиялық мәселелерді жиі көтеріп отырсақ, елімізді таза әрі жасыл ел ете аламыз», дейді «Жастар Ассамблеясы» бірлестінің СҚОФ басшысы Дариға Смайылова.
Жастардың «Birgemiz» волонтерлік фронт-кеңсесі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, Мещан орманының аумағында спорттық-экологиялық марафон өткізді. Бұл орманға ертеректе қалалықтар демалыс алып, таза ауамен тыныстау мақсатында келіп тұрады екен. Ол кезде орман қаланың орталығынан 10 шақырымдай жерде. Оған ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев та жарымен келіп, достарымен дидарласатыны жөнінде оның немере інісі Ғаділша Қаһарманов өзінің «Жәжеке» деген кітабында жазған. Қазір орман қаланың аумағына кірген. Біраз жері оталып қалғанымен, негізгі сұлбасы сақталған. Осы ормандағы «Таза орман» атты экологиялық акциясы аясында қоқыс жинау жарысына жұмысшылар, студенттер, сондай-ақ еріктілер бар, барлығы 80-дей адам қатысты. Марафон тазалық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Акция 40 минуттық қоқыс жинау марафоны түрінде өтті. Жеңімпаздар дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.
Акция басталғаннан бері аумақтарды тазартуға 152,2 мыңға жуық жастар жұмылдырылған. Есіл өзені жағалауы күл-қоқыстан тазартылды. Барлығы 211 сквер мен саябақ абаттандырылып, 150,6 мың тонна қоқыс шығарылды, 32,5 мыңнан астам ағаш, 3,2 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Солтүстік Қазақстан облысы