Өңірде бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана білген кәсіпорындар баршылық. Олар жеңілдетілген шарттармен несие рәсімдеп, кәсіптерін кеңейтіп, әртараптандырып, тың мүмкіндік іздеудің қамына белсене кірісті. Кепілге мүлік қоя алмағандарға тығырықтан шығар жол қарастырылған. Мұның бәрі елдегі шағын және орта бизнес үлесінің көбеюіне сеп.
«Үміттен» қолдау тапқан кәсіпкер
Наталья Аманның Қостанайда бірнеше жекеменшік балабақшасы бар. «Дамудың» демеуімен таяуда тағы бір балалар клубын ашты. Бүгінде «Ля Перла» ЖШС-ға қарасты үш бөбекжайға 170-ке жуық балдырған барып жүр.
«Алғашқы филиалды 2014 жылы аштық. Қазір Алтынсарин және Әл-Фараби көшелерінің бойында екі балабақшамыз бар. Бұл – үшінші филиалымыз. Мұнда 1 жастан 4 жасқа дейінгі балалар тәрбие алады. Маусым айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» «Үміт» бағдарламасы арқылы 60 млн теңгені жылына 16,5%-бен 7 жыл мерзімге алдық. Балалар төрт мезгіл тамақтанады. Жиһаздың бәрі экологиялық таза әрі сапалы ағаштан жасалған. Өз басым осы жағына баса мән беремін. Арзан дүниеге қызықпаймыз. Біз үшін балалардың денсаулығы мен тәрбие, білім сапасының дұрыс болғаны маңызды», дейді серіктестік директоры Наталья Аман.
Наталья басқаратын заманауи балабақшалар желісінде баланы жан-жақты дамыту сабақтары, мектепке дейінгі біржылдық қарқынды дайындық, мектепке дейінгі екіжылдық дайындық, түрлі танымдық үйірмелер мен тіл үйрету, кескіндеме сабақтары жұмыс істейді.
Бейімдеу орталығы жаңа ғимаратқа кіреді
Бақытгүл Өтебекова басшылық ететін Тобыл қаласындағы медициналық оңалту орталығы күндіз әрі тәулік бойы ересектер мен балаларға оңалту қызметін көрсетеді. Орталық осыдан біраз жыл бұрын міндетті медициналық сақтандыру қорымен тұрақты келісімшартқа отырғандықтан, мұнда келушілердің біразына қызмет тегін ұсынылады.
«20 млн теңгеге жуық несие қаржысына жоғары жиілікті лазер аппаратын сатып алдық. Бұл робот лазер деп те аталады. Яғни бағдарламаны таңдап, маманның көмегінсіз емделуші өзі ем қабылдайды. Ортопедиялық науқасы бар емделушілерге арналған. Бізде жаңа, заманауи құрылғылар жеткілікті. Мамандарымыз елдің және шетелдің озық реабилитологтерінен дәріс алып, үнемі білімін жетілдіреді. Ем қабылдаушылардың ерекшелігін және оның физикалық мүмкіндігін ескере отырып, науқастың денсаулығын қалпына келтірудің жеке стратегиясы таңдалады. Орталықта реабилитолог, невропатолог, хирург, терапевт, дерматолог, УДЗ, физиотерапия, массаж жасаушы, физиотерапия, кинезо және механотерапия, фитнес жаттықтырушы, психолог, логопед мамандар жұмыс істеп жатыр», дейді орталық директоры Б.Өтебекова.
Орталық жылына шамамен 500-ден аса адамды қабылдайды. 12 орындық стационар, 30 орындық күндізгі стационар тәулік бойы жұмыс істейді. Күнара келіп арнайы маманның көмегімен 1-2 сағат жаттығу жасап, ем-дом алып кететіндер де көп. Мысалы, орталық маманы Нұрлан Сапа науқастарды «Redcord» деп аталатын аспалы құрылғымен емдейді.
«Бұл құрылғы қысылған бұлшық етті босаңсытуға арналған. Қандай да бір жарақат алған адамның жансызданған бұлшық етіне қан жүгіртіп, қатайту үшін де пайдаланамыз. Құрылғы емделушінің бұлшық етін тереңірек емдеп, қалпына келтіруге мүмкіндік береді», дейді маман.
Шағын және орта бизнесті қолдауға – 20 млрд теңге
«Даму» қорының облыстық филиалы директорының орынбасары Елена Матвееваның айтуынша, биыл Қостанай облысының шағын, орта кәсіпорындары ұсынған 787 жобаға 20,61 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. 407 жобаға 6,93 млрд теңгеге субсидия, 380 жобаға 13,68 млрд теңгеге кепілдік берілді. 167 жоба жеңілдікпен 109,6 млрд теңге несие алған.
«Субсидияның тиімді тұсы – мемлекет кәсіпкер несиесінің пайызын азайтады. Нәтижесінде, кәсіпкер үнемделген қаражатты ісін дамытуға жұмсай алады. Бизнес ашқысы немесе кәсібін кеңейткісі келген кәсіпкердің мүлкі несие аларда банк кепілдікке сұраған талапқа сай келмесе, оған қордың кепілдігі көмектеседі. Биыл маусым айынан бастап «Даму» қоры агроөнеркәсіп секторы жобаларына, оның ішінде «Кең дала 2» жаңа бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына несие алатын кәсіпкерлерге кепілдік бере бастады. Кепілдік кепілмүлкі аз кәсіпкердің жылына 5%-дық несиесіне беріледі. Қостанай облысында бағдарлама жүзеге асырыла басталғалы бері жалпы несие сомасы 20,49 млрд теңге болатын 39 жоба қолдау алды. «Даму» қоры ұлттық даму институты болғандықтан, барлық өңірдегі шағын және орта бизнестің сапалы дамуына жәрдемдеседі. Бұл – экономикаға айтарлықтай серпін береді», дейді филиал басшысының орынбасары.
2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер 7,7 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 388 млрд теңге салық төлеген. Сондай-ақ жыл аяғына таман «Бизнес-Көмек» атты өңірлік бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама шарты бойынша Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді мен Жангелді аудандары аумағында тіркелген кәсіпкерлер 1 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Бағдарлама жүзеге асырыла басталғалы, жалпы сомасы 703,8 млн теңге болатын 16 субсидия шартына қол қойылған.
«Президент Жолдауда «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет» деген еді. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек деген міндет қойып отыр. Біз осыған орай, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын кеңірек насихаттауды көздейміз», дейді Е.Матвеева.
Қостанай облысы