• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қазан, 2024

Жайық өңірінде газ тапшы

154 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында автокөлік иелері қазан айының басынан бері газ отынының тапшылығын көріп жатыр. «Бұл Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысына байланысты» дейді мамандар.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы бас­қармасының басшысы Мирас Мүлкәй өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өңірде қалыптасқан жағдайға түсінік берді. Батыс Қа­зақ­стан облысының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізумен 19 нысан айналысады. Облыс аумағында жалпы саны 109 газ құю стансасы бар. Өңірдің орташа айлық сұйытылған газды тұтыну мөлшері – 4000-4500 тонна.

Батыс Қазақстан облысына төртінші тоқсанда 11 566 тонна сұйы­тылған мұнай газын жеткізу жоспарланған екен. Соның ішінде қазан айында – 3510 тонна, қарашада – 4030 тонна, желтоқсан айында 4026 тонна жеткізу көзделген. Алай­да 14 қараша күнгі жағдайға қарағанда «Жайық­мұнай» ЖШС қазан айындағы жоспарын небәрі 41% орындап, 1442 тонна ғана газ берген.

– 1-25 қазан аралығында Атырау мұнай өңдеу зауы­ты уақытша жөндеуге жабылды. Осыған байланысты Энер­­­ге­тика министрлігі Атырау облысына қажетті газ көле­мінің бір бөлігін, яғни 2490 тонна өнімді «Жайық­мұнай» компаниясынан алуға шешім шығарған. Ал бұл ком­пания тәулігіне 220 тонна ғана сұйық газ жөнел­те алады. Қазір осы газдың 120 тоннасы – Батыс Қазақстан облы­­сына, 100 тоннасы – Атырау облысына жеткізіліп жатыр, – деп түсіндірді Мирас Мүлкәй.

Міне, өңірдегі газ тапшы­лығы, кейбір газ құю стансаларында талон пайда бол­­ғаны сондықтан екен. Бұған қоса, соңғы кезде өңірде сұйытылған газ отынымен жүретін көлік көбейіп кеткен. Полиция департаментінің мәлі­ме­тін­ше, өткен жылы газ жабдығы орнатылған көлік саны 15 650 болса, бір жыл ішінде ол 30 пайызға артып, 22 432-ге жеткен.

«Осы оқиғалардың себебі­нен сұйытылған газ құю стан­са­ла­рында кезек көбейіп, кей жерде талон пайда болды. Бірақ бұл уақытша жағдай. Қазір Энергетика министр­лігі қосымша сұйытылған мұнай газының қажетті көле­мін басқа көздерден бөлу мәсе­лесін қарастырып жатыр», деді бас­қарма басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы