Аудандағы 23 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етудің негізгі көзі саналатын Нұра топтық су құбырын жаңарту жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды.
Жалпы ұзындығы 68,7 шақырым желінің тозған тұстарын алмастырып, жаңарту жұмыстары толық аяқталып, су беріле бастады. Сөз арасында 337 шақырымдық су құбыры Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарының 14 мыңнан астам тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етеді. Тозығы жеткен құбырдың жайы бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындары үшін өткір мәселеге айналып келген еді.
– Бұл мәселені Мемлекет басшысы ерекше бақылауға алды. Жаңарту жұмыстары басталғанға дейін магистралды су құбырының 90 пайыздан астамы апатты жағдайда болды, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов, – апаттың жиі орын алуы халыққа айтарлықтай қолайсыздық туғызды. Маңызды мәселені шешу мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі 2022 жылы Нұра су құбырын жаңарту, қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді бастаған еді. Ауқымды шара сәтімен аяқталып, халық судан тапшылық көрмейтін болды.
Жаңарту жұмыстары мамандандырылған мердігер ұйымдарды тарта отырып, кезең-кезеңмен жүргізілді. Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылының бас құрылыстарынан Егіндікөл ауылына дейінгі магистралды желілердің әбден тозығы жеткен бөлігіндегі жұмысты сәтті аяқтаған «Bertys Construction» серіктестігінің тиянақты жұмысын атай кеткен жөн. Мердігер 68,7 шақырым су құбырын салып, оның бойына 78 құдық орнатты. Жаңа желілер Қарғалы, Жантеке, Құмкөл, Тоғанас елді мекендері тұрғындарының суға деген сұранысын өтейді. Желі бойындағы кейбір құбырларды жуу, тазарту жұмыстары толық аяқталды.
– Халықтың өтінішіне құлақ асқан басшыларға мың алғыс. Осы бір жанашыр қадам ел ішіне жақсылық лебі болып тарады, – дейді Егіндікөл ауылының тұрғыны Бегіндік Әбілов, – енді ауыл тұрғындары өзге өңірге жайлы жер іздеп, қоныс аударуын тоқтататын шығар.
Биыл Үкімет резервінен Егіндікөл, Қорғалжын аудандарының су қабылдағыш құрылғыларын жаңғыртуға қосымша қаражат бөлінді. Жаңа су құбыры екі аудан тұрғындарының таза ауызсуға үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз етпек.
Ақмола облысы