Шымкентте балабақша тәрбиешісі бүлдіршінді ұрып-соғып, аяғынан сүйрегені үшін қылмыстық жауапқа тартылмайтын болды. Ол бастапқыда «тәрбиелеу мекемесі жұмыскерінің кәмелетке толмаған балаға қатыгездік көрсету» бабы бойынша айыпталған. Сотта оның кінәсі толық дәлелденгенімен, тәрбиеші мен жәбірленуші тараптың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сотталушы өз кінәсін мойындап, шынайы өкініш білдіріп, жәбірленушінің заңды өкілінен кешірім сұрады. Материалдық және моральдық шығынды толық өтеген соң, тараптар татуласты. Осыған байланысты сот Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істі тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатты», деп хабарлады Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұл оқиға қыркүйек айында болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада тәрбиешінің бүлдіршінді белгісіз затпен ұрып, аяғынан сүйрегені көрсетілген. Оқиға болғаннан кейін тәрбиеші жұмыстан шығарылып, қылмыстық іс қозғалған еді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.