Астанадағы «Көктал» саябағында Республика күніне орай спорт сүйер қауым арасында жаппай жүгіру марафоны өтті. Спорттық іс-шараға қаланың 500-ге жуық тұрғыны қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Бұл спорттық іс-шара, ең алдымен, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ нашақорлыққа қарсы күреске бағытталған», деді Сарыарқа ауданы әкімдігінің қызметкері Дамир Хисматуллин.
Марафон “Көктал” саябағынан басталып, Бейбарыс Сұлтан көшесімен өтті. Кейбір қатысушылар Marvel комикс кейіпкерлері Өрмекші адам және Бэтменнің жарқын костюмдерін киіп келді.
Қатысушылар бірнеше санатта бақ сынасты: балалар (14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар), ересектер (18-49 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер) және 50 жастан асқан қатысушылар.
14 жасқа дейінгі ұлдар үшін қашықтық 2 км, ал 14 жасқа дейінгі қыздар үшін — 1 км, қалған санаттағы қатысушылар бірдей қашықтықты — 5 км жүгірді.
«Мен осындай жарыстарға жиі қатысып тұрамын, өйткені әрқашан физикалық жағдайымды бағалау маңызды және әрбір осындай іс-шарамен менің нәтижем жақсарады. Марафон өте жақсы өтті, қатысқаныма қуаныштымын» , деді марафонға қатысушы Данияр Ахтанов.
Соңында балалар мен ересектер арасындағы марафонға қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Жарыстың жеңімпаздары мақтау қағаздары мен медальдарға, сондай-ақ бағалы сыйлықтарға ие болды.