Ұлттық кітапханада филология ғылымдарының докторы, профессор, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры Дүкен Мәсімханұлының «Алтай би» (тарихи дастан) атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Би, шешен, Жетісуды жоңғарлардан азат етуге атсалысқан қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі Алтай Найманбайұлын дәріптеуге арналған іс-шараға отандық ғалымдар, тарихшылар, әдебиеттанушылар мен батырдың ұрпақтары қатысты.
Жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қошан Мұстафа тізгіндеді. Алқалы жиында Қазақ аграрлық зерттеу университетінің профессоры Дәмір Әлімқұлов Алтай би туралы тың деректер келтірді.
«Алтай бидің ерлігін, болмысын, қаһармандық жолын, ұлағатты сөздерін ойдағыдай жеткізген автор Дүкен Мәсімханұлына алғысымыз шексіз. Ол Алтай биді қайта тірілтті. Тарихи дастан жазу екінің бірінің қолынан келмейді», деді филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Серік Негимов.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиұлы дастанның әр бөлімінің ерекшелігіне тоқталды. «Автор «Алғашқы жорық» деп атаған бірінші тарауында Алтай би – атамыздың ерлігін, батырлығын сипаттаған. «Тура биде туған жоқ» деген келесі тарауда билігі туралы сөз етеді. Үшінші тарауды «Тұңғыш төрелік» деп атап, бабамыздың алғаш жасаған төрелігі туралы айтса, төртінші тарауда даналығы жырланады. Міне, осылайша, Алтай бидің басындағы бірнеше ерекшелігін қозғаған. Жырда ертедегі қиссалардың дәстүрін сақтаған», деді Б.Қалиұлы.
Алтай би – Жетісу өлкесін Жоңғар шапқыншылығынан қорғауда батырлығымен әрі әділдігімен есімі елге танымал болған би. Абылайдың ақ туының астына бірігіп, елін жоңғар шапқыншылығынан азат етуге тікелей араласқан тұлға. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Қазіргі заманғы қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы айтты. ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев «Алтай би» дастанындағы көркемдік шындықты тілге тиек етсе, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас директоры, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы «Қазақтың билер соты және оның «Алтай би» дастанындағы көрінісі» тақырыбында баяндама жасап, дастан туралы ойын ортаға салды.
Алматы облысы