• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Қазан, 2024

Өз құндылықтарымыз да жеткілікті - Қуаныш Сұлтанов

847 рет
көрсетілді

1990 жылы 25 қазан күні ҚазКСР Жоғары Кеңесінің Қаулысымен Қазақ КСР мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. 5 жылдан кейін 18 қазанда ҚР Президенті Жарлығымен декларация қабылданған күн – Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі - Республика күні, деп жарияланды. 2009 жылдың 22 сәуірінен бастап белгілі себептермен ұлттық мереке тізбесінен алынып тасталды.  13 жылдан кейін, яғни, 2022 жылдың 29 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күні» мерекесіне Ұлттық мереке мәртебесін қайтарды. Еліміз үшін ең маңызды мереке қарсаңында, сол жылдары осынау ұлы істің басы-қасында болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Академиясының академигі Қуаныш Сұлтановпен сұхбаттасқан едік.

- Қуаныш Сұлтанұлы, алдымен мереке құтты болсын! Әңгімемізді егемендік декларациясынан бастайық. Барлығы Мәскеу арқылы ғана шешілген «Кеңестік кезеңде» дербес ел болуды халық іштей қалады. Алайда, оны ешкім ашып айта алмады. Қазақстанның Кеңес үкіметі құрамынан ең соңғы болып шығу себебі неде?

- Бірге болсын! Бұл сұраққа жауап беру үшін сәл шегініп, сол жылдардың саяси-қоғамдық құбылыстарына назар аударсақ. Біріншіден, 80-ші, 90-шы жылдардың тоғысында бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде қоғам қайшылықтары мен саясат «қазаны» қайнап тұрды. Екіншіден, сол кеңістігіңізде әсіресе ұзақ жылдар толеранттық қоғамда ұлттар, этностар арасындағы жабық проблемалар ашық айтылып, кейбір өңірлерде азаматтық қақтығыстар белең ала бастады. Үшіншіден, Мәскеудегі Орталық билік пен республикалар, өңірлер арасындағы қарым-қатынастар өзара  түсіністіктен алшақтап, тең құқықтық талаптарға бетбұрыс басталды.

Егемендік Декларациясын жариялауда бәлендей «бұрын», «соң» болуға ешқандай да «жарыс» болмағаны белгілі. Әр республика өзіндегі, ел ішіндегі жағдайды бірінші кезекке қойған болар. Біздің республикамыздағы этностық құрылым мен өнеркәсіп, өндіргіш күштердің орналасуы басқа республикалардан мүлдем өзгеше болатын. Еліміздегі ауыр өнеркәсіп саласының 93 пайызы одақтық кәсіпорындары екенін еске түсірсек те жеткілікті болар. Олардың жұмысшы ұжымдары негізінен Ресейден келген мамандар. Қаншама әскери-өнеркәсіп кешендері, сынақ полигондары, ғарыш айлағы Қазақстан жерінде орналасқан. Осындай жағдайға Қазақстан халқында қазақ саны небәрі 40 пайызға жетер-жетпес болғанын қосыңыз.

- Сол кезде Сіз партияның бөлім меңгерушісі қызметінде болдыңыз, демек ұлы істің басы-қасында жүрдіңіз. Декларацияның қабылдануы халыққа қалай әсер етті? Сол кезеңге көз жүгіртейікші.

-  Халық серпіліп, оянды.

- 1990 жылы 25 қазан күні ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Неге 5 жыл өткеннен кейін ғана – Республика күні болып, ұлттық мереке ретінде күнтізбеге енді?

- Егемендік Декларациясына жалғасып, келер 1991 жылдың 16 желтоқсанында мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария етіп, дүниежүзілік қоғамдастықтың мүшесі болуымыз – ұлттық рухымызды көтеріп, бұрын-соңды көрмеген бостандықты сезініп, қайта түледік қой. Сол кездегі экономикалық, тұрмыстық, дағдарыс, қиындыққа қарамастан «Егемен ел, тәуелсіз мемлекет болдық» деген сана көкірегімізді кернеп, қуаттанып жүрдік. Әр күніміз мереке болды. Ел жиналып, ұмыт болған дәстүрлерімізді жаңғыртты. Тәркіленген тарихымызды, құрбан болған тұлғаларымызды – Абылай хан, Кенесары хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би тойлары сол алғашқы жылдары халықтың бастамасымен жер-жерлерде өтті. Тұңғыш Конституциямыз, тұңғыш ұлттық  теңгеміз қабылданды. Елшіліктер ашылды... Осы шаралардың барлығы да Егемендік, Тәуелсіздігіміздің арқасында болды.

1992 жылы Президентіміз тәуелсіз мемлекет басшысы ретінде тұңғыш рет БҰҰ – мінберінен сөз сөйледі. Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, қазақ баласының ерлігін ғаламға паш етті. Алғашқы әр жылымыз тұңғыш рухани ояну оқиғаларына толы болды. Халықтың ықыласымен санасып, ұлттық мерекелеріміздің тізбесі де жан-жақты қамтылып, жасалды. Ешқандай саяси астар болған жоқ.

- 2009 жылға дейін Республика күні халықтың көңілінен орын алған ерекше мерекелердің бірі болғаны анық. Мереке ретінде неліктен алынып тасталды?

- Ол кезде де қоғамдық пікір халық ұсынысына құлақ асылды. Бір кезде БАҚ-нда мерекелер көбейіп кетті деген де сөз болған. Екі мерекенің календарлық арасы бір жарым ай.

Ең негізгісі – бұл екі мерекені бір-біріне ешқандай да қарсы қоюға болмайды. Бірі бастамасы, екіншісі жалғасы, қорытындысы. Тәуелсіздік мерекелерінде де екі құжат қатар аталады.

- Әлемдік практиканы алып қарасақ, көп елдерде Республика күні мен Тәуелсіздік күндері бөлек тойланатын өзіндік мәнге ие мерекелер. Біздің елде де солай. Тек кейде «мағыналас қатар мереке не үшін?» деген пікірлер айтылып жатады?

- Екі мерекенің екеуі де «бауырлас», үндес, тақырыбы да, мақсаты да, мазмұны да бір емес пе? Егемендік Декларациясы – басты мақсаттың бастауы. Сөз жоқ – Декларация біздің жаңа тарихымыздың ең маңызды қадамы. Сонымен бірге ниетімізді жариялағанымызбен әлі Одақтың құрамында қалдық.  Нағыз толық тәуелсіздікке 1991 жылдың 16 желтоқсан күні «ҚР-ның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылдау арқылы келдік.

- Қос мерекені мазмұндастырып алмаудың қандай жолдары бар?

- Жоғарыда айтқандай мазмұндары бір. Олардың мазмұндас болғаны ешнәрсеге қайшы келмейді. Жылдан жылға төл мерекелерімізді тойлаудың жақсы жақтарын ашып отырсақ – ол ел байлығы.

- 2022 жылдың сәуірінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Республика күніне «Ұлттық мереке» мәртебесі қайтарылды. Енді осы мерекенің мән-маңызы тұрғысында  қазақ қоғамында қандай тақырыпта түсіндіру-насихаттау жұмыстары жүргізілуі керек?

- Тақырып та, тапсырма да, ұсыныс, пікірлер де, міндет те – барлық жұмыс Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауларында, Ұлттық құрылтай жиындарындағы сөздерінде, басқа да ой пікірлерінде айдан анық, тайға таңба басқандай айтылып келеді. «Адал Еңбек». Әділ билік», «Әділ сот», «Қарқынды даму», «Жаңа технология», «Таза Қазақстан», «Халық бірлігі», «Ынтымақ», «Отаншылдық».  Мемлекеттік  қызметкерлер, депутаттар, кәсіпкерлер  халықпен, қоғаммен тығыз байланыста елімізді көркейтуге жұмыс жасаулары  міндетті.

- Символикалық маңызы жоғары осынау мерекеде нендей іс шаралар қолға алынуы қажет? Екі жылдан бері тиісті дәрежеде атап өтіп жүрміз бе?

 - Бұл мерекелердің маңызы «кескін, келбеті» тек атаулы күндерде ғана емес, бүкіл өмірімізде, еңбегімізде, тұрмыс-тіршілігімізде көрініс табуы қажет. Ең бастысы – ұлтымыздың, әрбір азаматымыздың Отан сүйгіштік санасы, сезімі мықты болса, ұлт та мықты болады. Мемлекеттік,  ұлттық егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің қадір қасиетін бағасы жоқ ұлттық құндылығымыз деп түсінсек – абзал.

 - Дамыған елдердің «Республика күнінде» өткізетін іс-шараларынан үлгі ретінде Қазақстан нені алуы керек. Осы орайда қандай нақты мысал ұсынар едіңіз?

 - Біреуден бір нәрсе үйрену тегінде жаман емес шығар. Алайда, өз құндылықтарымыз да жеткілікті. Өзінің арғы, бергі тарихына, тарихи тұлғаларына құрметпен қарау ұрпақтар парызы.

-Әңгімеңізге рақмет.