Бүгінде «Шелек орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қоры 117 437 гектар жерді құрайды, оның ішінде 48 810 гектар жер орманды алқап саналады. Мекеме аумағы 4 орманшылыққа – Табан-Қарағай, Шелек, Іле, Жиделі орманшылығына бөлінеді. Оған қоса орташа орман күзету алаңы 2 500 гектарды құрайды. Мекемеде барлығы 112 адам қызмет атқарады. Биыл қосымша штаттар беріліп, ұжым 17 маманмен толықты.
Президенттің Жолдауындағы мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд ағаш отырғыза отырып, елдегі орман алаңын 500 мың гектарға ұлғайту, елді мекендер мен қалаларда 15 миллионнан астам ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау мақсатында барлық облыс пен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық бағыныстағы мекемелері 2021-2025 жылдарға арналған орманды молықтыру, орман өсіру алаңдарын ұлғайту жөніндегі Кешенді жоспарлар бекітті.
«Қазірде «Шелек орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруда нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Кешенді жоспарға сәйкес 2021 жылы мекеменің орман қоры жерінде аумағы 11,5 га, 2022 жылы 33,68 га, өткен жылы 46,6 га, биыл аумағы 29,2 га жерлерге қарағаш, өрік, жиде ағаштарының орман екпелері отырғызылды. Бүгіндері аумағы 36,1 га жерге өрік ағаштарының орман екпелерін күзгі отырғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында 3 жылда 348 226 дана әртүрлі ағаш екпелері отырғызылды», дейді «Шелек орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Мұхит Сауранбайұлы.
Орманды қорғау іс-шараларының орындалуы барысында мемлекеттік орман қорында биыл потологиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп, 2025 жылға жоспарланған орман екпелерін отырғызатын жерлерге 13 дана шұңқырлар қазылған. Мекеменің орман қоры аумағындағы 122,5 га жерде химиялық тәсілмен орман зиянкестерін жою жұмыстары жүргізіліп, бюджеттен бөлінген 4 179,92 мың теңге игерілген. 29,2 га жерге орман екпелері отырғызылған. Оның ішінде Шелек орманшылығында 11,2 га жерге 49 280 дана ұсақжапырақты қарағаш, Жиделі орманшылығында 10,8 га жерге 36 000 дана жиде екпелері, Іле орманшылығында 7,2 га жерге 24,0 дана өрік екпелері, барлығы 109,280 дана ағаш түрлерінің екпелері отырғызылған. Орманды күтіп-баптау, суару, арам шөптерден тазарту жұмыстары 538,64 га жерде жүргізіліп, 127,131 мың дана орман екпелері қазылып, бұл мақсатқа бөлінген 259,060 мың теңге толығымен игерілген.
«Биылғы жоспарға сәйкес мекемеде 152 кг орман тұқымдары жиналып, сараптамадан өткізілді. Одан өзге 150 кг ұсақжапырақты қарағаш тұқымына ІІІ сынып, 1 кг қырым қарағайы тұқымына ІІІ сынып, 1 кг шығыс биотасына ІІ сынып көрсеткіштері берілді. Тұқым жинау жұмыстарына бөлінген 58,817 мың теңге толық игерілді. Уақытша тұқымбаққа 2,0 га жер дайындалды, 0,50 га жерге орман тұқымдары себілді. Сонымен қатар уақытша тұқымбақтағы мектеп бөлімінде 0,55 гектар жерге 3 жылдық қырым қарағайының 2 500 данасы, 0,30 га жерге шығыс биотасының 3 мың дана екпелері отырғызылды. Жиделі орманшылығында 0,1 га жерге 4 мың дана терек қалемшелері дайындалып отырғызылды», дейді Мұхит Сауранбайұлы.
2024 жылы орман өрттерінің алдын алу жөнінде де тыңғылықты жұмыстар атқарылды. Шелек, Іле орманшылықтарында 5 шақырым жерге минералдық жолақтар салынып, 190 шақырым минералдық жолақтарға күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Жаңа 170 дана аншлаг, 30 дана паннолар жасалып, орманшылықтарға орналастырылды. Орман ресурстарын пайдаланушыларға, шекаралас отырған шаруашылықтарға 944 дана ескерту мен 944 дана үнпарақтар таратылды. Ауыл, аудан тұрғындарына, орман ресурстарын пайдаланушыларға, мектептерде «орманда өрт қауіпсіздігін сақтау, орман заңдылықтарын болдырмау» мақсатында 11 дәріс оқылып, әңгімелер жүргізілді.
Өрт қаупі жоғары аумақтарға жататын Жиделі, Іле орманшылықтарына 2 дана жылжымалы бекеттер орналастырылып, мамандар мен орман күтушілерінің күшімен тәулік бойы кезекшілік жүргізіліп келеді. Жиделі, Шелек орман өрт сөндіру стансалары 3 дана арнайы өрт сөндіру автокөлігімен, 2 дана трактор су бүркігішімен, өртке қарсы барлық құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Осындай мақсатты жұмыстардың нәтижесінде орман қоры жерлерінде ормандағы өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу фактілері тіркелмеген.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап орман қорғау қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға, осы жылдың 1 шілдесінен бастап орман өрт сөндіру стансасы қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға көтерілуі сала қызметкерлерінің өз ісіне деген ынта-жігерін арттыра түскен. 2021-2023 жылдар аралығында орманда отырғызу, себу жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен орындалған. Биылғы жылы 7 197,1 га жерге орман өсіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 36 пайызға ұлғайған.
Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу, 2023 жылғы Абай облысында болған орман өртінен кейін орман қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын тиесілі нормаларына дейін жеткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау барысында бірқатар жұмыс атқарылды. Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етілуі нормативтік көрсеткіштердің 73 пайыздан астамын құрап отыр. Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен шағын өрт сөндіру кешенін, тракторлар, патрульдік автокөліктер, басқа да техникалар сатып алу жұмыстары жүргізілді, бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Алматы облысы