• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Тағзым 23 Қазан, 2024

Санжар Асфендяровқа мемориалды тақта қойылды

138 рет
көрсетілді

Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарына арналған ес­керт­кіш маңынан Абай атындағы педагогикалық университет пен Алматы медициналық ұлттық университетінің негізін қалаушы және тұңғыш ректоры болған көрнекті қоғам және мемлекет қай­раткері, дәрігер, ұлағатты ұстаз, дарынды ғалым Санжар Асфендияровтың туғанына 135 жыл толуына орай мемориалды тақ­та орнатылды. Іс-шараға қатысушы медицина саласының майталмандары мен университет ұстаздары ең алдымен монументке гүл шоқтарын қойып, жазықсыз құрбан­дардың рухына бас иіп, құран бағышталды.

Ірі тұлғаның құрметіне қойыл­­ған мемориал – табиғи тас­­тан жасалған және оған Асфен­дия­ровтың фотосуреті, қазақтың ұлы ақыны Абайдың дәйексөзі, сондай-ақ QR-код бейнеленген. Кодты сканерлей отырып, Санжар Жапарұлы туралы мұрағаттық құ­жат­тармен, фотосуреттермен және кітаптармен танысуға болады. Санжар Асфендияров 1938 жылы кеңес өкіметі тұсында жазықсыз ату жазасына кесілді. Жаңа­лық ауылында, саяси қуғын-сүр­гін құрбандарына арналған му­зейдің аумағында жерленген. Жи­­налғандар Санжар Асфен­дия­­ровтың ғылым мен медици­наға қосқан үлесі туралы ой толғады.

Салтанатты іс-шара барысында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов С.Асфендияровтың көпқырлы тұлғасын және оның денсаулық сақтау саласындағы баға жетпес рөлін атап өтті.

«Тарихшылар бұл жерде Ах­мет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Май­лин және ҚазҰМУ негізін қалау­шы Санжар Асфендияров сияқты қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерімен қатар, мыңдаған жазықсыз адам жерленген деп мәлімдейді. Санжар Жапар­ұлының ғылым, медицина мен жоғары білімнің дамуына қосқан үлесі Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі болып қала бер­мек. Мемориалдың ашылуы біздің университет үшін ғана емес, оның есімін мақтанышпен атап жүру үшін де маңызды. Санжар Асфендияровтың есімі мемлекеттілігіміздің негізін қалаушылардың бірі, медицина мен білім берудің дамуына баға жетпес үлес қосқан ұлы ғалым ретінде өшпейді», – деп атап өтті Марат Шоранов.

Жыл басынан бері тұлға еңбе­гіне арналған бірқатар ғылы­ми конференция ұйымдасты­рылды. Осы жазда медицина қыз­меткерлерінің кәсіби мереке­сінде Шымбұлақтың жоғары жағындағы 3600 метр биіктіктегі «Медик» шыңына Іле-Алатау ұлттық паркінің келісімімен Асфендияров атынан орындық орнатылыпты. Өткен аптадан бері Асфендияров апталығы жүріп жатыр екен. М.Әуезов атындағы академиялық драма театр актерлерінің қаты­суы­мен сахналық қойылым әзір­ленген. Енді міне, ұлы тұлғаға арнап ескерткіш-тақта орнатылды. Сөз арасында Марат Едігеұлы Санжар Асфендияров тек қана дәрігер, ұстаз емес, үлкен тарихшы болғанын да қосты.

Ескерткіш белгінің ашылуында Саяси қуғын-сүргін құрбанда­ры музейінің меңгерушісі Мейір­­жан Мұсабаев: «Бұл жер – күллі қазақ халқының қаралы тари­хының мекені. Мұнда 4119 адам­ның сүйе­гі жасырын жатыр. 1989 жы­лы құрылыс қарқын алып, әр жер қазылған сайын адамның бас сүйек­тері шығып, барлығының шүйдесінде оқтың ізі болғаны анықталды. Содан кейін ішкі істер органдары саяси-қуғын сүргін құрбандары көмілген қорым екенін мойындап, 1989 жылы репрессия құрбандарының ұрпақтарынан құралған «Әділет» ұйымы құрылып, осы 15 гектар жерді сақтап қалған. Оның 2 гектарына 2002 жылы осы монумент орнатылды. 2018 жылы құрбандардың еңбектерін келер ұрпаққа жеткізіп отыру мақсатында Алматы облысы әкім­дігінің қолдауыменен Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ашылды. Құрбандардың нақ­ты қай жерде жатқандары бел­гісіз, яғни осы ауылдың маңайы түгел құрбандар жерленген жер болғандықтан, рухына құран бағыштау мақсатында 2021 жылы ауыл азаматтарының бастамасымен мешіт салынып, оған «Алаш арыстары» деген атау беріліп, әр жұма намаз сайын Алаш қай­рат­керлеріне жеке құран-хатым тү­сіріліп отырады. Бүгінгі мемо­риал-тақта біртуар ғалым Сан­жар Асфендияровтың сүйегі осы қасиетті жерде жатқанының белгі­сін білдіреді», – деген музей меңгерушісі ел мен жер үшін күрескен тұлғаларды дәріптеп, құрмет көрсету – ұрпаққа парыз екенін айрықша атады.

«Санжар Жапарұлы – шын мә­­нінде тарих қойнауында, идео­­­ло­­гияның көлеңкесінде қа­лып қойған тұлғалардың бірі. Се­­­бебі біздің студенттеріміз осы екі университеттің негізін қа­ла­ған қайраткерлердің сонау қиын-қыстау уақытта өмір сүр­генін, қаншама қажырлы ең­бек етіп, ұлттық мінез көрсет­кенін білмей, еліміз­дің білімі мен медицинасына үлес қоса алмайды. Сондықтан мұндай игі іс-шара жастарымызға рух беріп, өнеге болуы керек. За­ман­­ның қиын уақытында пас­сио­нар тұлғалар осындай ірі уни­верситеттерді құрып, ға­сыр­­лап өмір сүретін дең­гейге жет­кізді. Бүгінгі шара асыл­дың сыны­ғы, тектінің ұрпағы­на сый-құрмет және еліміздің білімі мен ғылымына қолдау ретіндегі бастамалардың бірі саналады. Жастарымыз осы қасиетті жерге келіп, арыстардың рухына тағзым етіп тұруы қажет. Алдағы уақытта санжартану оқуларын өткіземіз. Университетімізде ұлы тұлғаның 135 жылдығына орай халықаралық деңгейде айтыс ұйымдастырылады», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау.

Қазақ медицинасының да­муына орасан үлес қосқан Санжар Ас­фен­дияровтың өмір жолы мен еңбегін Жаңалық ауылының ақса­қалы Қияқбай Төртбаев, қоғам қайраткерлері мен университет түлектері Өмірғали Кенжебек, профессор Ерасыл Әбілқасымов тілге тиек етті.

Саяси құғын-сүргін құрбан­да­ры музейінде Асфендияров­тың көр­месі ұйымдастырылып, онда қойылған заттар көпшілікке таныстырылды.

 

Алматы облысы