Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен төменгі палатаның жалпы отырысы өтті. Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Күн тәртібіндегі үш мәселенің екеуі халықарлық келісімдерді ратификациялауға қатысты болса, ең ұзақ талқыға түскені елдегі жолаушыларды көлікпен тасымалдау саласына бағытталды.
Такси қызметі өзін-өзі реттемек
Депутаттар алдымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын бірінші оқылымда қарады.
Аталған заң жобасы жайлы Көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. Ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов қосымша баяндама жасады.
Жалпы, елдегі жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы мемлекеттік функциялар өзін-өзі реттеуге берілетін болды. Яғни Мәжіліс жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Үкімет әзірлеген заң жобасы аясында жолаушыларды тұрақты халықаралық, облысаралық, тұрақты емес автобус тасымалы, сондай-ақ такси тасымалын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік функциялар өзін-өзі реттеуге берілмек.
М.Қарабаевтың айтуынша, министрлік осы мәселеге қатысты жұмысты 2020 жылы бастап кеткен және оның аясында қажетті қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, тиісті талдаулар жүргізілген. Сондай-ақ осы сала төңірегіндегі халықаралық тәжірибелер де зерделеніпті.
– Дамыған елдерде өзін-өзі реттеу экономиканың барлық саласында орын алған. Халықаралық тәжірибе саланың өзін-өзі реттеуге өтуінің тиімділігін көрсетеді. Өйткені тек бір саланың мәселесімен айналысатын білікті сарапшылары бар жеке ұйымның болуы осы саланың қарқынды түрде дамуын қамтамасыз ете алады. Мәселен, өзін-өзі реттеу Америкада 1934 жылдан бастап кәсіпкерліктің барлық секторында, тіпті денсаулық саласында да жұмыс істейді. Англияда 1889 жылы жүк тасымалы қауымдастығы құрылған, ол қазіргі күні елдегі жүк көлігі паркінің жартысын, сондай-ақ теміржолмен 90% жүкті, ал теңіз көлігімен 70% жүкті тасымалдайтын операторларды біріктіреді. Көрші елдерде өзін-өзі реттеуде Ресей көшбасшы. Ол елде 2007 жылы «Өзін-өзі реттеу туралы» заң қабылданып, «тәуелсіз бағалау», «төрелік басқару», «сәулет-құрылыс/кадастр», «автөкөлікпен халықаралық жүк тасымалы» өзін-өзі реттеуге өтті, – дейді Көлік министрі.
Жалпы, бүгінде елімізде халықаралық – 61, облысаралық – 189, тұрақты емес – 625, такси 2 833 тасымалдаушы тасымал қызметін көрсетеді. Олар өз қызметін жалғастыру үшін Автотасымалдаушылар палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бірігуі керек. Ол үшін алғашқы үшеуінің иелігінде автокөліктердің кемінде үштен бірі, ал таксилерде кемінде оннан бірі болуы керек екен. Ал бұл өзгерістер жалдамалы жұмыскерлері жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысы жоқ. Яғни заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жалдамалы жұмысшылары жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты такси тасымалын ұйымдастырудың қолданыстағы нормаларын сақтау туралы түзетулер енгізіп отыр.
Бұл ретте өзін-өзі реттеуге қатысу үшін мүшелік жарналар қарастырылған. Оны Автотасымалдаушылар палатасы мүшелері өздері белгілейді. Автобус тасымалы үшін 1-ден 7 АЕК-ке дейін, таксилер – 0,4-тен 2 АЕК-ке дейін, таксиге тапсырыс беру қызметтері мен қосымшалары – 2-ден 700 АЕК-ке дейін, вокзалдар мен бекеттерде – 2-ден 70 АЕК-ке дейін болады. Сондай-ақ депутаттардың бастамасымен заң жобасында өзін-өзі реттеуге қатысу жарналарын төлеу шығындарын қызметкерлерге жүктеуге болмайтыны қарастырылған.
Қысқасы, бұл салада өзін-өзі реттеуді енгізу тасымалдаушыларға уақыт талабын ескере отырып, қажетті стандарттар мен ережелерді жылдам қабылдауға, тасымал қызметін бақылауды жетілдіруге, жол-көлік қызметінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға, заңсыз тасымалдауды бақылауға мүмкіндік береді.
Тіпті министр М.Қарабаев бұл саладағы бюрократия мен сыбайлас жемқорлық салдарын азайта келе, қоғамдық бақылау тетігін дамытуды қамтамасыз етуге болатынын алға тартты.
Ал осы мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Нұртай Сабильянов заң жобасының азаматтардың қауіпсіздігін, жүргізушілердің құқы мен мүддесін қорғауға бағытталғанын, сондай-ақ барлық тасымалдаушыны мемлекетіміздің заңдарын орындауға ынталандыратынын атап өтті.
Такси қызметтері бұдан былай өзін-өзі реттеуге қатысудан тыс жұмыс істей алмайтын болды. Өзін-өзі реттеуге міндетті түрде қатысу талаптары таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің, таксиге тапсырыс беретін мобильді қосымшаларының, автовокзалдардың, автостансалар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметтеріне де қатысты болмақ. Яғни құжат такси тасымалын бақылау үшін «Яндекс.Go», «InDrive», «Апару» және «Везёт» секілді интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеуге қосылуға міндеттемек. Әйтпесе олардың қызметі заңсыз деп танылады және ел аумағында қызмет көрсетуіне шектеулер қойылады.
Түзетулерде өзін-өзі реттейтін ұйымдарға тек көліктік бақылау функцияларын беру ұсынылады. Бақылаудың өзге де түрлерін (жол қозғалысы ережелері, санитарлық, шекаралық, кеден, салық және басқалар) белгіленген тәртіппен тиісті бақылаушы органдар жүзеге асырады.
Осыған байланысты әзірлеушілер өзін-өзі реттеу үшін бақылау механизмін ұсынады. Олар автоматтандырылған диспетчерлік жүйені енгізу және GPS трекерлерін қолдану арқылы автобус қызметтеріне белгіленген талаптардың сақталуын бақылай алады. Сонымен қатар өзін-өзі реттеуге қатысушылардың автобустарының мемлекеттік нөмірлері базада жоқ көліктерді тексеру үшін бақылаушы органдардың деректер базасына көшіріледі.
Құжат аясында «Көлiк», «Автомобиль көлігі», «Астананың мәртебесі», «Рұқсаттар және хабарламалар», «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңдарға түзетулер енгізіледі. Заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу жұмыс топтарының отырыстарында жалғасады.
«Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндады.
Бұдан былай Қазақстан қоймалық куәліктер арқылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалай алатын болды. Мәжіліс ратификациялаған құжатқа Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей 2023 жылы 31 шілдеде Мәскеуде қол қойған.
Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қоймалық куәліктерді (құжатсыз эмиссиялық емес бағалы қағаздарды) пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ Француз даму агенттігінің тобы Қазақстанда өз қызметін бастады. Бұл мәселе Мәжілісте ратификацияланған Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Француз даму агенттігі тобының Қазақстанда жұмыс істеуі туралы келісімде қарастырылған. Онда негізінен құқықтық, салықтық және қаржылық жағдайлар көзделген.
Сақтандыру саласы сын көтермейді
Күн тәртібіндегі заң жобаларын қарап болған соң, депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға бағытталған өз сауалдарын жолдады. Депутат Елнұр Бейсенбаев сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктерді тізіп, Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға жолдады.
Депутаттың айтуынша, біздің елдегі сақтандыру нарығы ширек ғасырдан аса уақыттан бері өмір сүріп келе жатқанымен, қарапайым азаматтар әлі күнге дейін қауіп-қатерден толыққанды қорғалмай келеді.
– Дамыған елдерде сақтандыру азаматтардың қаржылық тәуекелдерін барынша азайтуға арналған әлеуметтік келісімшарт ретінде қарастырылады. Алайда біздің елдегі сақтандыру саласында санаулы ғана адамдар, атап айтқанда, сақтандыру компанияларының иелері ғана пайда көреді, – деді Е.Бейсенбаев.
Қысқасы, депутат елдегі сақтандыру нарығында қалыптасқан қазіргі жағдай жүйені қайта реттеуді қажет етіп отырғанын атап өтті. Сауалының тоқетерін айтсақ, Е.Бейсенбаев сақтандыру жүйесі белгілі бір топты «тойдыру» құралы емес, азаматтардың сенімді қорғаны болғанын талап етті.
«Аmаnаt» фракциясының депутаттары атынан депутат Болат Керімбек Бас прокурор Берік Асылов пен Әділет министрі Азамат Есқараевқа елде қаптап кеткен билер мәселесін жолдады.
– Кемеңгер Абай кезінде аузымен орақ орған пысықайларға қарата «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын» деп, оларды қатаң сынаған еді. Өкінішке қарай, кейінгі кезде елімізде осындай өзін-өзі сайлап алған жалған «билер» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп, көбейіп кетті. Олардың кейбірінің ниеті дұрыс болғанымен, көбінің мақсаты атын шығарып, атақ алу, жұрт үстінен күн көріп, мал табу секілді. Осындай жұрт білмейтін, елге айтарлықтай еңбегі сіңбеген, көпшілік мойындамаған қаптаған билер әр іске жөнсіз араласып, көсемсіп, жұртты жік-жікке бөлуімен қоймай, өзара таласып, қазақтың ғасырлар қойнауындағы қасиетті билер институтына кір келтіре бастады, – дейді Болат Керімбек.
Сондықтан депутат өздерін би сайлап, мәселелерге пәтуа шығарып жүрген түрлі адамның әрекетіне нақты құқықтық баға берілуге тиіс екенін көтерді. Біз заң үстемдік етіп, тәртіп билейтін қоғамда өмір сүруіміз қажеттігін, Әділет министрлігі мен Бас прокуратура еліміздегі қазіргі түрлі «билер» атын жамылған ұйымдардың жұмысына тексеру жүргізіп, олардың қызметінің заңға сәйкестігін пысықтауы керектігін атап өтті.