Ұлттық мереке – Республика күніне орай, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған көрме ашылды, деп жазады Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Дүние дидарындағы Димаш» көрмесінің ашылу салтанатына әлемге әйгілі әншінің ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, әке-шешесі Қанат Айтбаев пен Света Айтбаева қатысты.
Құттықтау сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров:
«Миллиондаған көрерменді өнерімен тәнті қылған Димаш – Ақтөбе облысының Құрметті азаматы. Сондықтан да оның шығармашылығына арналған көрме – қонақтар мен тұрғындарды бей-жай қалдырмасы анық. Көпшілікке ұсынылып отырған көрме өмірі мен өнердегі жетістіктерінен құралып отыр. Осы орайда көрменің Астанадан кейін туған жерінде ұйымдастырылуына септігін тигізген Димашқа және ата-анасына шынайы алғысымызды білдіреміз», деді.
Шарада Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы халық әні «Дайдидауды» А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушылары орындады.
Шашу шашылып ашылған көрмеде алтын дауысты әншінің қазақы болмысын, оның қайталанбас үнін қалыптастырған ортасын, жеке оқиғаларды қозғауға мүмкіндік беретін экспонаттар және танымал тұлғалар мен көптеген жанкүйердің сыйлықтары ұсынылды.
Көрме мазмұны жағынан бір-бірімен байланысты 4 бөлімнен тұрады.
Біріншісі «Шабыт көздері» деп аталады. Онда әртістің өмірбаяны, өскен ортасы, балалық шағы, шығармашылық жолы көрсетілетін заттар (фотосуреттер, жекеленген заттар);
Екіншісі «Даңққа апарар жолда» – кәсіби білім жолында республикалық, халықаралық байқауларда және т.б. алған дипломдары мен марапаттары;
Үшіншісі «Жанкүйерлер махаббаты» - әртістің жанкүйерлерінің тарту еткен сыйлықтары;
Төртінші бөлім «Ұлт мәдениетінің жаршысы» деп аталады, әлемдік аренада ұлттық мәдениет пен брендтің танылуына ықпал ететін заттары (ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық костюмдері, баспа материалдары және т.б.) қойылған.Көрме жұмысы 24 желтоқсанға дейін жалғасады.