• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Республика күні 25 Қазан, 2024

Егемендіктің елең-алаңы: Декларация қалай қабылданды?

515 рет
көрсетілді

Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған Республика күні – Қазақ елінің ұлттық мерекесі. 1995 жылдан бастап ұлттық мереке, 2001 жылдан мемлекеттік мереке ретінде тойланып келген бұл күн 2009 жылдан кейін атаусыз қалғаны белгілі. Ал екі жыл бұрын 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлы­ғы­мен «Ұлттық мереке» мәртебесі беріліп, елдің басты мей­рамы ретін­де қайта жаңғырды. Қайта оралған тарихи күнді бүгін, міне, үшінші мәрте атап өтіп жатырмыз. Бұл – өткенге көз жіберіп, жетіс­тігі­міз бен қателігімізді сара­лап, тарихтан сабақ алар сәт. Тар жол тай­ғақ кеше жүріп тәуел­сіздікке жеткенімізді, азуын айға білеген алып им­пе­рияның құрсауынан қалай құтылғанымызды ой елегінен өткізер мезет.

КСРО конфедерация болды ма?

Иә, 1990 жылдың 25 қаза­нын­да Қазақ КСР-нің Мем­лекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдау оңайға түспегені белгілі. «Азат ел боламыз» деп алға талпынғандар да, «Мәскеудің етегі­нен ұстамасақ, өз күні­мізді көре алмаймыз» деп артқа тартқандар да көп болды. Бірақ уақыт – әділ төреші. Ақыры аңсаған азаттық орнап, ақиқат салтанат құрды.

Жалпы, ХХ ғасырдың екінші жартысы әлемде «бөліп ал да, билей бер» саясатының құрбанына айнал­ған отар елдердің тәуелсіздікке қол жеткізуі­мен ерекшеленгені белгілі. Азия мен Афри­каны түгел қамтыған «азаттық шеруі» 90-жыл­дардың басында КСРО-ның қол астына қараған рес­публ­икаларға да табан тіреді. Осы арада көп адам байқай бермейтін бір қызықты дерек бар.

Кеңес одағының 1977 жыл­ғы, яғни соңғы конс­титу­циясының 76-бабында «Одақтық республика – егемен кеңестік социалис­тік мемлекет» деп жазылған еді. Ал Қазақ КСР-нің бір жыл­дан кейін қабылданған, яғни 1978 жылғы Конституциясы­ның 1-бабында «Қазақ Кеңес­тік Социалистік Республи­ка­сы – социалистік бүкілхалық­тық мемлекет» делінген. Қарап отырсаңыз, екі құжатта да КСРО-ны құрайтын респуб­ликалар «мемлекет» деп ата­лады. Бір мемлекеттің ішін­де республика немесе авто­номиялы республика болуы мүмкін, бірақ басқа бір мемлекет болмауға тиіс. Ал КСРО дейтін «бір­тұтас мемлекеттің» ішінде тағы 15 мемлекет қалай жүр? Бұл – конс­титу­­ция бо­йын­ша кеңес одағы­ның 1977 жылдан бастап фе­дера­ция емес, конфедера­ция бол­ғанын көрсетпей ме? Ең басты­сы, осы тақырыпқа сол кез­де неге ешкім көңіл бөлме­ген деген заңды сұрақ туындайды. Бәлкім оны байқаған адам болмады, болса да ол кез мұн­дай мәселені көтеретін уа­қыт емес еді. Мәскеуге бас ұрған заманда КСРО-ны кон­федерация деп айтуға кім­нің батылы жете қойсын?

Сол кезде «Социалистік Қазақстан» деп аталған біздің газеті­міз­де елдің саяси аренасында болып жатқан барлық оқиға жүйелі жазылды. Осыдан 34 жыл бұрынғы сар­ғайған газет беттерін парақтап отырып, саяси ахуалдың егжей-тег­жейін бажайлауға болады. Мәселен, КСРО конституциясындағы «мемлекет» мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген адам Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы Ерік Асанбаев болғанға ұқсайды. Оның «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 17 қазандағы санында «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы жобасы туралы» атты депутаттар алдында сөйлеген баяндамасы жарияланыпты. Бұл Жоғарғы кеңес депутаттарының күзгі сессияға келіп, декларация жобасын қызу талқылап жатқан кезі еді.

«Басқа одақтас республикалар сияқты Қазақ КСР КСРО Конститу­циясына сәйкес егемен социалистік мемлекет болып табылады. Бірақ ол тек қағаз жүзінде ғана «мемлекет ішіндегі мемлекет». Шындық мынадай: қоғамның тіршілік қызметінің барлық саласындағы шектен тыс орталықтандыру басқа одақтас рес­публикалар сияқты Қазақ КСР-нің нақты егемендігі формалды болып шығуына апарып соқтырды. Оның тәуелсіздігі мен егемендігі барынша азайтылды. Елімізде республиканың ішкі және сыртқы саясатының барлық мәселесін орталықтың егжей-тегжейлі тәптіштеуінің кеселді практикасы қалыптасып, конституциялық жағынан тұжырымдалды», деп жазады ол.

 

Жобадағы жер дауы

«Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, егемендіктің елең-алаңында, «ел боламыз ба, жоқ па?» деген мәселе күн тәртібінде тұрған тұста Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің он екінші шақырылымына сайлан­ған халық депутаттарының құрамы ел тарихындағы ең білімді әрі мық­ты депутаттық құрам болған. 1990 жылдың наурыз айында Жоғарғы кеңеске сайлау өткені белгілі. Ал 4 сәуірде «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «су жаңа» депутаттардың тізіміне назар салсақ, Өзбекәлі Жәнібеков, Салық Зиманов, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Шалбай Құлмаханов, Сағадат Нұрмағамбетов, Заман­бек Нұр­қаділов, Камал Смайылов, Иманғали Тасмағамбетов, Сауық Тәке­жанов, Нұрлан Оразалин, Жар­махан Тұяқбаев, Мырзатай Жол­дас­беков, Асқар Жұмаділдаев, Ұзақбай Қараманов, Серікболсын Әбділдин, Оралбай Әбдікәрімов, Рәтбек Нысанбаев, Бірғаным Әйтімова, Қуаныш Айтаханов, Мұрат Әуезов, Өмірбек Байгелдиев секілді ел аға­ларын көруге болады. Мемлекеттік егемендік туралы декларация жобасы талқыға салынып, қиян-кескі текетірес болғанда осындай сөзі де өтімді, қабілеті де қарымды халық депутаттары «Кімнен егемендік аламыз? Қайда барып оңамыз?» деген кейбір «Мәскеуге қарап үрген» әріптестеріне тегеурінді қарсылық көрсетіп, құжаттың қабылдануына ықпал еткені сөзсіз.

«Сол жылғы Жоғары кеңеске ұлтжанды, тек шындықты бетке айтатын нағыз майталман азаматтар депутат болып сайланды. Бұл ел өміріндегі шешуші кезең еді. Наурыз айында КСРО-ны «Егемен республикалар одағы» ретінде сақтап қалу туралы бүкілодақтық референдум өтіп, оны кеңес халқының 64 пайызы жақтап дауыс берді. Енді жаңа одақ құрамына кіру үшін тиісті құжат керек еді. Осыған орай депутаттар алдында Мемлекеттік егемендік туралы декларация жобасын жасап, талқылап, қабылдау міндеті тұрды», деп еске алады сол кезде Жоғарғы кеңес депутаты болған Қуаныш Айтаханов.

Оның айтуынша, көктемгі сессия аяқталғаннан кейін декларацияны дайындау үшін арнайы комиссия құрылып, оған атақты заңгер, академик Салық Зиманов басшылық етеді. Депутаттардың көп бөлігі жазғы демалыста жүргенде жұмыс тобы құжат жобасын толық дайындап, 7 тамызда халық талқылауына шығару үшін баспасөзде жариялайды. «Социалистік Қазақстан» газетінің беттерін парақтап отырсақ, сол күзде егемендік мәсе­лесі кеңінен талқыға түскенін байқауға болады.

Басылымның 2 қазанда жарық көрген санында Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Досмұхамед Кішібековтің «Шын мәніндегі егемендік керек» деген мақаласында жер дауы мәселесі көтеріліп, КСРО халық депутаты С.Васильева Ертістің оң жағын, Қазақ КСР халық депутаты В.Водолазов Орал өңірін Ресейдің жері деп шу шығарып жүргенін тілге тиек етеді.

«Талқыға салынып отырған Дек­ларация жобасында мұндай аран­дату­ларды, республика терри­тория­сы­ның қалыптасқан қазіргі шекарасына қол сұғуға тырысқандарды әшкерелейді, оларға заң бойынша шара қолдану керек деп отыр. Бұл – өте дұрыс, әділетті ұсыныс. Халық санасында ұлтшылдық қиқымын шашып, халықтар достығына іріткі салған адамды қастандық әрекет жасаушы деп қарау керек», деп жазады ол.

Одан соң автор кезінде қазақ жерінде айдауда болған А.Сол­женицынның орталық басылымдарда жарық көрген «Ресейді қалай гүлдендіреміз?» атты сәуегейлік мақаласына тоқталады.

«Сәуегей-жазушы Қазақстанда жергілікті ұлт саны мұнда тұратын халықтың тең жартысынан кем дей келіп, Қазақстанның дербесті­гіне күмән туғызады. Сонда қазақ халқының мұндай аз болуына кім кінәлі? Оны ол айтпайды. Ал бізге бұл жағдай белгілі: бір жағынан бұған қазақ халқының ашаршылық жыл­дары тең жартысының қырылып қалуы, екіншіден Қазақстан жеріне сырт­тан ұлты бөлек адамдардың көп­теп келтірілуі кінәлі. Бұларды А.Сол­женицын неге ескермеген?» дейді.

 

Тіл үшін тартыс

Халық талқылауына ұсынылған декларация жобасының 8-тармағын­да «Қазақ КСР-інде қазақ тілі – мемле­кеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл болып табылады» деп жазылған еді. Д.Кішібеков өз мақаласында осы бапты сынға алады.

«Сонда ресми деген не? Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде ол «айрықша», «ерекше», «арнаулы» деп түсіндірілген. Сонда орыс тілі айрықша не ерекше тіл ме? Неге біз осындай түсініксіз істер жасаймыз? Өткен жылы қабылданған Тіл туралы заңда қазақ тілі республика­мыз­да мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі делінген жоқ па еді? Солай деп неге алынбаған? Республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын қуаттай отырып, оның сегізінші бабын­дағы жаңағы айтылған мәселелерді көтеру үшін оларды нақтылап, талдап айту керек дер едім», деп сөзін тәмамдайды.

Тіл мәселесі «Социалистік Қазақ­стан» газетінің 3 қазандағы санында да «Егемендік алдымен тілге берілсін» атты мақалада көтерілген. Оның авторлары, филология ғылымдарының докторлары Бабаш Әбілқасымов пен Сапарғали Омарбеков орыс тілін Қазақ КСР-нің ресми тілі деп жариялау қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жоққа шығарумен пара-пар екенін жазады.

«Орыс тілін КСРО Жоғарғы советі заң шығарып, Одақ көлеміндегі ресми тіл деп жариялап қойды. Енді осы тезисті Қазақ КСР Жоғарғы советі қабылдағалы отырған Деклара­ция­да қайталаудың қаншалықты қажеті бар? Өкіметтің өткен жылы бекіткен заңындағы республика­дағы ұлтаралық қарым-қатынас тілі орыс тілі болады, ол республика­да мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қатар қолданылады деген тезис орыс тілінің тақиясына тар келеді дегенге кім иланар. Заң бір рет қабылданған екен, оны әркімнің қас-қабағына қарап жалтақтап, екі күннің бірінде өзгертіп отыратын болсақ, оның несі заң? Мұндай заңның халық алдында сенімі, қадірі бола ма?» деп сұрақ қояды авторлар.

Айта кетейік, С.Зиманов баста­ған комиссияның дайындаған декларация жобасымен қатар Жоғар­ғы кеңестегі «Демократиялық Қазақстан» тобы балама деклара­ция жобасын әзірлеп ұсынған еді. Отыз адамнан құралған бұл топ­тың жетекшілері – депутаттар Б.Белик, М.Оспанов, Е.Ертісбаев, Ю.Сухов еді. Олар ұлттық мемлекет емес, азаматтық қоғам мемлекетін құруды жақтап шықты. С.Зиманов бастаған комиссияның декларация жобасында жергілікті емес ұлт өкілдерінің мүдделері нашар ескерілгенін, сондықтан Қазақ­станның жағдайында тек азаматтық мемлекеттіліктің егемендігі декларациясын жариялау ғана сая­си тұрақтылық пен ұлттардың татулығын қамтамасыз ететінін алға тартады. 16 қазанда өткен Жоғарғы кеңес отырысында депутат Ю.Сухов: «Біз топтасуымыз керек. Сондықтан тиісті жағдай пісіп-жетілгенше қазақ және орыс тілдерін мемлекеттік тіл етіп жариялай тұру керек. Бұл пікірімді бүкіл халық қол соғып құптай қарсы алады деген ойдамын» деп пікір білдірген. Дегенмен академиктер С.Зиманов, С.Сартаевтар бастаған депутаттар «Демократиялық Қазақстан» тобы ұсынған балама декларация­ның кемшіліктерін көзге шұқып көрсетіп, оның қабылдануына жол бермеді.

Газет бетіндегі жарияланымдарға назар салсақ, жобаның аталған сегізінші тармағы, яғни тіл мәселесі баспасөзде ең көп талқыға түскен. Алайда декларация қабылданған­да оның ішінен осы тіл туралы тармақтың мүлдем түсіп қалғанын көреміз. Осылайша, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заң өзінің күшін сақтап қалды.

 

Ядролық қаруды сынауға жол берілген жоқ

Мемлекет және қоғам қайрат­кері Қ.Айтаханов декларация төңіре­гіндегі талас-тартыс тек жер және тіл мәселесімен шектелмегенін, соның ішінде құжаттың кіріспесін­дегі «қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып» деген сөзге байланысты да пікірталас өрбігенін айтады.

«Ол уақытта Жоғарғы кеңестегі депутаттардың жартысы өзге ұлт өкілдері еді. Одан қалды, өзіміздің орыстілді қаракөздеріміз бар. Солардың ішінен «Біз неге «қазақ ұлты» деп жазамыз? Қазақстан – көпұлтты қоғам, сондықтан «көпұлтты Қазақстан халқының тағдыры» деп жазбаймыз ба?» деп дау көтергендер табылды. Осы «қазақ ұлты» деген бір сөздің өзін тақылауға екі сағаттан аса уақыт кетті. Сондай-ақ «Біз егемендік алып, өз бетімізбен қайда бара жатырмыз?», «Кімнен бөлінеміз?» деген әңгімелер де көтеріліп жатқан еді. Бірақ мұн­дай сөздердің әрбіріне Жоғарғы кеңестегі С.Зиманов бастаған мүйізі қарағайдай заңгер, зиялы қауым өкілдері дәлелді түрде жауаптарын беріп отырды. Декларация мәтінінде 17 тарау болса, соның әрқайсысы үшін жан алып, жан беріскен тартыс орын алды. Міне, бұл құжат осындай қиыншылықпен қабылданды. Декларация негізінен жаңа одақтық шарт құру үшін керек болғаны белгілі. Дегенмен одан кейін Тәуелсіздік туралы конститу­ция­лық заңды, сондай-ақ бірінші Конституциямызды қабылдауға да негіз болды. Сондықтан бұл декларацияның мәртебесін басқа ешбір құжатпен салыстыруға болмайды. Ол – кеңес империясы әлі де қылышынан қаны тамып тұрғанда қабылданған құжат. Оның ең бас­ты артықшылығының бірі – Қазақ КСР-інің заңдары одақ заңдарына қайшы келіп қалса, Қазақстанның заңы үстем болатынын бекітіп беруі еді. Бұл – халқымыздың рухын көтерген күн. Соның арқасында біз көп кешікпей Тәуелсіздігімізді еркін жарияладық», деп ойын түйіндеді Қ.Айтаханов.

Иә, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдау үшін 1990 жылдың 25 қазанында өткен «шешуші шайқас», яғни сол күнгі Жоғарғы кеңес отырысы алты сағатқа созылған еді. Онда декларация жобасын жетілдіру жөніндегі Жоғары кеңес комиссиясы атынан оның төрағасы С.Зиманов сөз сөйлейді. Ақыры 360 депутаттың 71-і қарсы болғанына қарамастан, кешкі сағат 18:55-те көпшілік дауыспен қабылданды.

Бұл күнгі оқиғаны Жоғарғы кеңестің сол кездегі депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова былай деп еске алады: «Мен ол уақытта Жоғарғы кеңестің Жастар ісі жөніндегі коми­тетінің басшысы болғандықтан, Президиум мүшесі едім. Мемлекеттік еге­мен­дік туралы декларацияны қабылдауға байланысты болған барлық оқиғаның куәгерімін. 1990 жылдың 25 қазаны тарихта ерекше күн ретінде қалды. Құжат жобасын қорғап шыққан Салық Зиманов ағамыздың айрықша еңбегін атап өткен жөн. Ол 6 сағат бойы мінберде тұрып, әрбір қойылған сұраққа мүдірмей, тиянақты әрі дәлелді жауап беріп отырды. Біз ол кісіге осы еңбегі үшін тағзым етуіміз керек. Декларация жобасын дайындауда да, оны қорғауда да оның сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі ұшан-теңіз».

Б.Әйтімова Мемлекеттік еге­мендік туралы декларация несімен құнды деген сұраққа былай жауап берді: «Біріншіден, респуб­ликамыз ұлттық мемлекеттілігін сақтау, қорғау және нығайту шараларын қабылдайтыны айтылды. Екіншіден, Қазақ КСР-нің территориясы бөлінбейтіні және оған ешкімнің де қолы сұғылмайтыны, сондай-ақ жері мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, табиғи ресурстар, мәдени-тарихи қазыналары, жалпы ұлттық байлығы Қазақстанның меншігінде болады делінді. Қазір көп адам біле бермейді, сол кезде Мәскеудегі қорғаныс ведомствосы біздің жерімізде екі ядролық қаруды сынауға рұқсат сұраған еді. Бірақ біздің үкімет декларацияны алға тартып, рұқсат берген жоқ. Өйткені декларацияда «Республика террито­риясында ядролық қарудың сынал­уына тыйым салынады» деп жазылған еді».

Сонымен қатар мемлекет қай­раткері құжатта Қазақ КСР-нің халықаралық қарым-қатынастардың дербес субъектісі болуға құқылы, оның өз азаматтығы бар екені жазыл­ғанын ерекше атап өтті.

«Декларацияда одақтан еркін шығу құқығымыз бекітілгені де тайға таңба басқандай көрініс тапты. Тәуелсіздікке кедергісіз жетуіміз де осының арқасында деп есептеймін. Бұл – біздің жаңа замандағы мемлекеттілігіміздің бастауында тұрған құжат. Оның құндылығы шексіз. Біз мұны бағалауымыз керек. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайтарғаны – тарихи тұрғыдан әділдік салтанат құрған шешім болды», деді Б.Әйтімова.

Иә, осылайша қазақ халқы ғасырлар бойы күткен егемендігіне қолы жетіп, шынайы азаттыққа бағытталған ең үлкен асу еңсерілді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі де ерте еді, өйткені алдымызда талай қиындық күтіп тұрды. КСРО валютасы ғарыштық жылдамдықпен құнсызданып, ел экономикасы бұрын-соңды болмаған дәрежеде құлдилады. Территориямызды талан-таражға салғысы келген сепаратистер әрекеті күшейді. «Қазақтар мемлекет бола алмайды», деп сәуегейлік танытқандар да бой көрсетіп жатты. Ал бір жыл өткенде егемендіктен толыққанды тәуелсіздікке өту міндеті алдымызда тұрды. Иә, бұл – енді басқа тарих.