• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ұстаз 25 Қазан, 2024

Оқушыларды классикаға баулыған

264 рет
көрсетілді

Еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуын­дағы аса үздік жетістік­тері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған қос ұстаздың бірі – Орал қаласындағы Асан Тай­манов атындағы №34 мек­теп-гимназиясының мұғалімі Эльмара Траис­о­­­-ва.

Эльмара Асқарқызы Орал облысының Жым­пи­ты ауылында дүниеге келген. Тарас Шевченко атын­дағы Орск мемлекеттік пе­д­а­гогикалық институтының фило­логия факультетін бітірген маман содан бері орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келеді.

Болашақ еңбек ері ұстаздық жолын ауылда, Жымпиты орта мек­тебінде бастаған. 2000 жылы Орал қаласына ауы­сып, әуелі №37 мектепте, кейін №5 мектепте қызмет етті. Ал 2007 жылдан бүгінге дейін Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі болып жұмыс істеп ке­ле­ді. «Педагог-зерттеуші» дәре­жесіне жеткен ұстаздың жалпы педагогикалық өтілі – 34 жыл.

Эльмара Асқарқызы Қазақ­стан Республикасы филолог­терінің «Қазақстанда филоло­гиялық білім берудің негізгі жолдары» тақырыбында өткен бірінші сьезіне делегат болып қатысты. Облыс көлемінде «Жас театр көрермені» әдеби драма үйірмесінің бағдарламасын құрастырды. Облыс көлеміне 10-сыныптарға арналған «Пуш­киниана» қолданбалы курсы іс-тәжірибесі таратылды.

Мұғалім Батыс Қазақстан об­лысы мен Орал қаласында өт­кен пән олимипиадалары­на, байқауларға әділқазы ретінде қатысып келеді. «Орыс тілі» мен «Орыс әдебиеті» оқулықтарын талдауға арналған Ғылыми Рес­пуб­ликалық білім беру орта­лығында эксперттік комис­сия мүшесі. Облыстық шығар­машылық топ құрамында 5-11 сы­ныптарға арналған орыс тілі мен әдебиеті пәнінен тақы­рыптық-күнтізбелік жоспар құрастыруда облыс мұға­лім­де­ріне әдістемелік көмек көрсетеді.

Эльмара Асқарқызының оқушылары жыл сайын Орал қалалық, Батыс Қазақстан об­лыс­тық, тіпті республикалық сайыс, олимпиадаларда жүл­дегер, жеңімпаз атанып жүр.

Атап айтар болсақ, 2019-2020 оқу жылында рес­пуб­ликалық ғылыми жоба сайы­сында 11 сынып оқушы­ла­ры Н.Ғабдулғазизова мен З.Төлемісова қалалық дең­гей­ді – І орын, облыстық дең­гейде – ІІ орынға ие болды. «Поэзия души Пушкина» атты мәнерлеп оқу сайысында Н.Ғабдулғазизова республикада жеңімпаз атанды. Эссе байқауында З.Төлемісова рес­публикада ІІ орын алды.

Бұдан бөлек, республикалық «Театрдың ғажайып әлемі» конкурсында Э.Траисова баптаған оқушылар тобы қалалық деңгей­де де, облыстық деңгейде де І орынға ие болды. 10-сынып оқушысы А.Нұрланұлы «Үздік ер адам рөлі» атағын иеленсе, Н.Ғабдулғазизова «Үздік актерлік орындаушы» атағымен марапатталды.

Мақтаулы мұғалімнің шә­­кірт­тері халықаралық бай­қау­ларда да биіктен көрініп жүр. 2020-2021 оқу жылында халықаралық орыс тілі пән олимпиадасында Г.Асқарова, М.Жантөлина «Алтын сертифи­катқа» ие болды.

Осындай жүйелі жетістіктері үшін Эльмара Асқарқызының өзі 2016 жылы республиканың «Үздік педагогі» атанған болатын. Оның есімі «Лучшие люди, лучшие в образовании» атты халықаралық энциклопедия жинағына енген.

«Эльмара Асқарқызы – бо­ла­шақ­та да шығармашылық жұ­мысын толықтырып, оқу­шы­ны жеке тұлға ретінде қалып­тастыруға барын салатын жаңа­шыл, ізденімпаз мұғалім», дейді әріптестері.

Байқағанымыздай, Эльмара Асқарқызының шәкірттері театр өнерін ерекше қадірлейді. Бұл оқушының бойына ұстаздың ұлағатымен сіңген құбылыс. Өткен 2022-2023 оқу жылында ғана Э.Траисованың шәкірті А.Ислям «Театрдың ғажайып әлемі» атты респуб­ликалық фестиваль-бай­қауының «Екінші пландағы үздік рөл» номинация­сы бойын­ша жеңімпаз атанды. Рес­пуб­ликалық ғылыми жобалар жарысына қатысқан А.Ай­басова «Театр уж полон...» тақырыбында қалалық ке­зеңінде – І орын, облыстық кезеңде – ІІ орын алып, респуб­ликаға жолдама жеңіп алды. Ал 5-сынып оқушылары С.Қилау, А.Исмағұлова, А.Би­сен­ғалиев, З.Холматова облыс­тық «Табиғатты аяла» жас өлке­танушылар форумында «Эко­театр» номинациясы бойынша І орын иеленді. «Театрдың ғажайып әлемі» театр өнерінің қалалық фестиваль-байқауында Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының «ТЮЗ» командасы ІІ орын иеленді.

«Театрды сүйетін, әдебиетке құмар жас өрен зиялы азамат болып қалыптасады. Елдің бола­шағы – осындай өрелі жастар» дейді Қазақстанның Еңбек Ері.

 

Батыс Қазақстан облысы