Абай ауданының Топар кентінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Жаңа спорт нысаны ұлттық мереке қарсаңында тұрғындарға тамаша тарту болды. Спорт кешенінің ашылу салтанатына арнайы барған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев абайлықтарды мейраммен құттықтады.
– Президент өз Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Өңірде бұл бағыттағы жұмыс өркенді деуге болады. Жыл сайын спорт нысандары саны көбейіп келеді. Кент тұрғындары бұл кешенді көп күтті. Енді осы жерден туымызды биікте желбірететін чемпиондар шыға берсін! – деді аймақ басшысы.
Кешенде барлық инженерлік инфрақұрылым ескерілген. Спортпен шұғылдануға қажетті спорт жабдықтарының бәрі бар. Мұнда жаттығудан бөлек, шеберлік сабақтары мен жарыстар өтеді. Алдағы уақытта түрлі секциялар ашу жоспарланып отыр. Енді ауыл жастары футбол, волейбол, баскетбол, күрес, үстел теннисі сынды спорттық ойындармен емін-еркін айналыса алады.
– Кентте 10 мыңнан аса адам тұрады. Оның 30 пайыздан астамы спортпен белсенді түрде шұғылданады. Спорт кешені толық жабдықталған. Медициналық пункт, спортшылардың демалыс бөлмесі, түрлі спорт залдар, әдіскерлер кабинеті бар. 18 жасқа дейінгі спортшылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт секциялары тегін. Ал студенттерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған, – деді спорт ғимаратының меңгерушісі Ғалия Мәлікқызы.
Топар кенті әлемдік ареналарда нәтижелі өнер көрсеткен спортшыларымен жақсы танымал. Паралимпиадалық жүзуші Андрей Афанасьев, ауыр атлет Данияр Сейсенов, пауэрлифтер Қайрат Ісжанов, полиатлоншы Әмірлан Имашев секілді байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген спорт саңлақтары бар. Жаңа спорт кешенінде жаттығатын жас ұрпақтың күні ертең спорт жұлдызы атанып, жарқ етіп шығатынына негіз де, сенім де, үміт те мол.
Жалпы, Абай ауданында бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні 113 спорт нысаны жұмыс істейді. Жыл соңына дейін ауданда бокстан екі ірі республикалық турнир өткізу жоспарланған.
Қарағанды облысы,
Абай ауданы,
Топар кенті