Республика күніне орай, мәслихаттардың 30 жылдығы аясында «Elorda Aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өткен журналистер мен жазушылар арасындағы бильярд жарысы өз мәресіне жетті.
Осымен үшінші рет ұйымдастырылған турнирге белгілі ақын-жазушылар, журналистер, медиа менеджерлер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен баспасөз өкілдері қатысты.
Жарыстың бас төрешісі белгілі қаламгер, спорт журналистикасының корифейі Несiп Жүнicбайұлы болды. Жарысқа қатысушыларға қомақты жүлде қорынан бөлек арнаулы сыйлықтар берілді. «Мәдениетті ойыншы» аталымы қоғам қайраткері Дархан Мыңбайға, «Мерген ойыншы» аталымы Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанға, «Шебер ойыншы» аталымы ардагер журналист Кенже Жұмағұловқа, «Үздік дуплет» аталымы Талғат Ешенұлына бұйырды.
«Астана ақшамы» газетінің бір жылдық тегін жазылымына бильярд турниріне әділ қазылық жасаған Несіп Жүнісбайұлы ие болды. Үздік ойын көрсеткен Аяған Сандыбайұлына «Вечерняя Астана» газетінің грамотасы табысталды. Сонымен қатар номинанттар Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдық мерекелік медалімен марапатталды.
Финалға шыққан ардагер журналист, ақын Тұрмағанбет Ердешұлы мен ақын, Жазушылар одағы Астана филиалының өкілі Дәулеткерей Кәпұлы арасындағы ойын тартысқа толы болды. Нәтижесінде, жарыстың бас жүлдесі Дәулеткерей Кәпұлына бұйырса, екінші орын Тұрмағанбет Ердешұлының қанжығасына байланды. Чемпион – 500 мың, екінші орын иесі 300 мың теңге ақшалай жүлдемен марапатталды.
«Республика күнінің жоғары дәрежеде тойлануы баршамыздың егемендікке деген құрметімізді білдіреді. Ойын барысына келсек, топтық іріктеуден шыққан соң, бірінші кезеңде айтыскер Еркебұлан Қайназарды, екінші кезеңде Базарбек Түкібайды ұтып, жартылай финалда жарыстың басты фавориттерінің бірі Ахмет Қайратұлынан айла асырдым. Сөйтіп, финалда ақын, ардагер журналист Тұрмағанбет Ердешұлын ұтып, жеңіске жеттім. Осындай жарыстарды ұйымдастырып тұру қаламгерлерді, ардагерлер мен жастарды жақындастырады», деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Үшінші орынды Еуразия ұлттық университеті баспасөз қызметінің жетекшісі Ербол Ерденбек пен «Хабар» арнасының қызметкері Ахмет Қайратұлы өзара бөлісті. «Мұндай жарыстар – күнделікті қарбаластан тыс қарым-қатынас орнатуға, аға буын мен жас әріптестер арасында сабақтастықты жалғастыруға жақсы негіз. Бильярд турнирін жыл сайын, дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Elorda Aqparat» медиахолдингінің басшысы Олжас Сыдықбекке алғыс білдіреміз», дейді қатысушылар.