• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қазан, 2024

Жаңа нысандар іске қосылды

50 рет
көрсетілді

Алматы облысында бірқатар маңызды іс-шара жүзеге асты. Атап айтсақ, облыста 7 әлеуметтік маңызы бар жаңа нысан – спорт кешендері мен медициналық пунктер ашылып, жылу қазандықтары іске қосылды. Бұл өңірдің өткен жылғы жетістіктерінің жалғасы екені мерейлі мереке – Республика күні қарсаңында Қонаев қаласында өткен салтанатты жиында айрықша аталды. Оған елдің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен құрметті азаматтар қатысты.

«Бұл жыл бізге айрықша ма­ңызды болды. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында облысқа 615 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыс­тырғанда 32,8 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,4 триллион теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімдері 480,6 миллиард теңгеге жетіп, 1,9 па­йызға өсті. Сонымен қатар жалпы көлемі 777,1 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, құрылыс жұмыстарының құны 243,8 миллиард теңгеге тең болды. Жыл басынан бері 45 мыңнан ас­там жаңа жұмыс орны ашылды, бұл – тұрғындардың әл-ауқа­тын арттырудың маңызды көр­сеткіші. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, бірлесе отырып бұдан да үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз», – деді Алматы облы­сының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Салтанатты іс-шарада облыс­тың дамуына үлес қосқан 30-дан астам азамат мемлекеттік награ­далармен марапатталды. Олар­дың қатарында түрлі сала өкілдері бар.

Мереке аясында ашылған нысандар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтар болсақ, Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында көп­тен күткен 150 орындық заманауи спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Бұл оқиға – жер­гілікті инфрақұрылымды да­мытудағы елеулі қадам, ауыл тұрғындарының спортпен шұ­ғыл­дануына, денсаулығын ны­ғай­туға жаңа мүмкіндік ашады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Спорт­пен шұғыл­дану керек. Әсі­ресе жас­та­рымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қа­жет. С­ебебі Қазақстанның бола­ша­ғы – жастардың қолында. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады», – деп атап өтті. Біздің міндетіміз – өскелең ұрпақтың, әсіресе ауыл жастарының бойындағы күш-қуатын дұрыс бағыттау, спортпен шұғылдануға тиісті жағдай жасау. Жаңа спорт кешенінде халқымызды әлемге танытар атақты чемпиондар шығуына тілектеспін. Бұл ғимарат саналы ұрпақ тәрбиелеп, саламатты ұлт қалыптастыратын орталыққа айналатыны сөзсіз. Тәуелсіз елі­міздің көк туын биікте ұстар ұландарымыз көп болсын», – деді іс-шараға қатысқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Спорт кешені Алматы облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен салынды, ал бас мердігер – «СМУ Шығыс» ЖШС. Кешеннің құрылысы был­тырғы жылы басталып, бір жарым жыл ішінде спорттық шара­ларды ұйымдастыруға қойы­латын барлық талапқа сай за­манауи нысанға айналды. Спорт кешенінің жалпы ауданы 1538,6 шар­шы метр, оның ішінде бокс, күрес, волейбол, баскетбол, футбол, гандбол залдары бар. Құры­лыстың жалпы құны – 907, 2 млн теңге.

Республика күні мерекесі қарсаңында Балқаш ауданының Ақдала ауылдық округінде кү­ніне 30 адам қабылдайтын фельд­шерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанаты өтті. ФАП құ­ры­лысы «Ауылдық денсау­лық сақт­ауды жаңғырту» ұлттық жоба­сының шеңберінде жүзеге асты. Жер телімі – 0,3000 га. Сметалық құны 210 239,49 мың теңгені құрайды. Мердігер – «ГрадСтройСервис» ЖШС.

Іс-шараға қатысқан Балқаш ауданының әкімі Азат Құт­панбетов тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтап, жаңа ғи­марат ел игілігіне қызмет етсін деп тіледі.

Халық тығыз шоғырланған Қарасай ауданы, Қаскелең қала­сындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінде әлеуметтік осал топтар санаты бойынша сатып алу құқығынсыз жыл басынан бері 30 үйдің кілті табыс етілген болса, мереке қарсаңында олардың қатары баспанаға мұқтаж 10 от­ба­сымен толықты. Жаңа пә­тер­дің кілтін алған отбасы мүшелері ұлан-асыр қуанышқа ке­нелді.

Мегаполиспен іргелес Іле, Талғар аудандарында, Алатау қаласында блокті-модульдік қазандықтар (БМҚ) іске қосылып, көп­қабатты тұрғын үй иелерінің көп­тен күткен қуанышын есе­леді. Жаңа заманауи технология­лармен жабдықталған қазан­дықтар экологиялық таза әрі экономикалық жағынан тиімді жылу алуды қамтамасыз етеді. Тұрғындардың үйлерінде жы­лудың жайлылығы мен қа­уіп­сіздігі орнайды, бұл әсіресе аяз­ды күндерде маңызды. Жа­ңа қазандықтардың іске қосы­луы, тұрғындардың тұрмыс-тір­шілігін жақсартуға бағыт­тал­ған. Алдағы уақытта авто­мат­­тандырылған жүйелер мен заманауи технологиялар қыз­мет көрсету мерзімін ұзар­туға, жөндеу жұмыстарын оң­тай­ландыруға мүмкіндік береді.

Соның бірі Іле ауданы Бо­ралдай кентіндегі «Алмат» қазандығы жаңа кезеңнің бастауы болды. Мереке қарсаңында қазандықтың барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, желілерді сынау, іске қосу-жөндеу үде­рістері сәтті жүзеге асырылды. Сынақ кезінде қазандықтың қуат­тылығы, жылу бөлу тиімділігі мен қауіпсіздігі тексерілді. Нәти­жесінде, барлығы жоспарға сай орындалып, тұрғындарға се­німділік сыйлады.

Мереке күні Кеңдала ауылында құны 234,5 миллион теңге болатын БМҚ іске қосылды, ол бүгінде қалыпты жұмыс істеп тұр. Ал Алатау қаласындағы «Офи­церлер үйі» қазандығы 13 көп­қабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп отыр.

Қазіргі таңда Талғар ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Алтындән ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жы­лумен қамтамасыз ету мақ­сатында газбен жұмыс істей­тін БМҚ құрылысы жалғасып жатыр. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға орындалып, жобаның жалпы құны 106,6 миллион теңгені құрайды. Жоба қараша айының басында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұл бастамалар тұрғындарды жылумен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына, өмір сүру сапасының артуына ықпал етеді. Облыс тұрғындары алдағы қыс айларында жылумен қалыпты түрде қамтамасыз етілетін болады.

 

Алматы облысы