• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Қазан, 2024

Болат білекті балуандар шеруі

97 рет
көрсетілді

Бұрындары Астана күнінде өтетін, көпшіліктің көзайымына айналған «Қазақстан барысы» ұлттық жобасы биыл алғаш рет егемен еліміздегі аса маңызды дата – Республика күніне орай ұйымдастырылды. Бұл өзгешелік жарыстың дәрежесін көтерсе, жарыс мерекенің мерейін арттырды.

«Қазақстан барысы» республи­калық XIII турниріне облыстық сайыстардан іріктелген елдің ең мықты балуандары жиналды. Боз кілем үстінде еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шым­кент ірі қалаларынан келген балуандар бақ сынасты. Турнирге былтырғы «Қазақстан барысы» жеңімпазы, «Әскер барысы» додасының бірнеше балуаны қатысты. Барлығы 42 балуан бәсекеге түсіп, 15 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені сарапқа салды. Жалпы жүлде қоры – 27 100 000 теңге, оның 3 720 000 теңгесі спортшылардың бапкерлеріне бөлінген.

Он үшінші жыл өткізіліп отырған таңдаулы турнир жастардың, өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға қы­зы­ғушылығын арттыруға септігін тигі­зетін, шетелдік туристерге қазақ елінің ерекшеліктерін көрсететін жоба екенін тағы бір көрсетті.

Жарыстың ашылу салтанатында Пре­зиденттің кеңесшісі Қуанышбек Есе­кеев қатысушыларды республика күнімен құттықтай келіп, ұлттық спорттағы ұлықтауға бағытталған жарыстың мән-маңызы туралы айтты..

Сондай-ақ қазақ дәстүріне сай Қа­за­қстанның еңбек сіңірген жаттық­тырушысы Ерғали Мұхидинов спорт­шыларға ақ батасын беріп, әділ әрі табыс­ты белдесулер тіледі. «Қазақ балуан­дарының даңқы мәңгі биік болсын. Елі­мізде, алыс-жақын елдерде қазақтың ру­хын көтеретін батырлар көбейе берсін. Турнир әділ әрі шын мықты­лардың жеңісімен өрнектелсін», деді ардагер спорт саңлағы.

Сегіз сағаттық доданы көруге барған көрермен қатары соңына дейін сетінеген жоқ. Жарыс аса тартысты өтті. Оның бір мысалы, сайыстың ел ерекше үміт күт­кен бірнеше фавориті алғашқы кезеңде жарыс жолынан шығып қалды. Ай­талық, былтырғы «Қазақстан барысы» Ғалым­жан Қырықбай мен Маңғыстау облы­сының өкілі Нұрдәулет Жарылғапов екін­ші кезеңде қарсыластарына есе жіберді.

Сөйтіп, турнирдің ширек финалында Айбек Серікбаев (Қызылорда облысы) пен Ерсұлтан Мұзаппаров (Шымкент қаласы), Мақсат Исағабылов (Қызылорда облысы) пен Әділ Оразбаев («Әскер барысы»), Саят Шамшиев (Абай облысы) пен Ер­асыл Нұғмат (Ұлытау облысы), Мұх­тар Дәлелханұлы (Павлодар облысы) мен Ерасыл Қажыбаевтың (Абай облысы) жолы түйісті. Жартылай финалға Ер­сұлтан Мұзаппаров, Әділ Оразбаев, Саят Шам­шиев, Ерасыл Қажыбаевтар өтті. Ал жартылай финалда Ерсұлтан Мұзаппаров пен Ерасыл Қажыбаевтың бағы жанып, қос балуан бәсекенің бас жүлдесін сарапқа салды.

Сонымен қазақ күресінен ХІІІ республикалық «Қазақстан барысы» турнирінің финалында Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаев шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты қосымша уақытта ұтты. Негізгі уақытта қос балуа­н да нәтижелі әдіс жасай алмады. Тек Шым­кент қаласының балуанына төреші екі рет ескерту берді. Қосымша уақытта Ерасыл Қажыбаев қарсыласының әдісіне қарымта сәтті шабуыл ойластырып, та­за әдіс жасады. Осылайша Ерасыл Қа­жыбаев 2024 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы атанып, бәсекенің бас жүлдесі – 15 миллион теңге, алтын белбеу мен тайтұяқты жеңіп алды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ерасыл Қажыбаевқа чемпион белбеуі мен қасқыр терісін салтанатты жағдайда табыс етті.

Ерасыл Қажыбаев жарыс барысында, 1/16 финалда Қостанай облысының балуаны Асылан Сағитбекті таза жеңіспен ұтты, 1/8 финалда «Әскер барысы» Марат Байқамұровтан басым түсті, ширек финалда «Баянауыл барысы» Мұхтар Дәлелханұлын таза жеңіп, жартылай финалда жерлесі Саят Шамшиевтен айласын асырды.

«Мен бұрын осы турнирдің күміс жүлдегері болғанмын, енді тайтұяқ – басты титулды жеңіп алдым. Күш жинап, дзюдо, қазақ күресінен өтетін келесі жарыстарға қатысуға дайындаламын», деді Е.Қажыбаев.

«Қабанбай» лақап атымен танымал, Ерасыл – Семей қаласының тумасы, 30 жаста, бойы – 187 см, салмағы – 152 кг. 2015 жылы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін дене шынық­тыру және спорт мамандығы бойынша бітірді. Бүгінде Алматыдағы Спорт коми­теті – Армия орталық спорт клубы филиалының оқу-жаттығу орталығы штат­тық командаларын даярлау бөлі­мінің (дзюдо бөлімшесі) спортшы-нұсқау­шысы болып қызмет етеді. Ерасыл бұған дейін «Қазақстан барысының» екі мәрте финалына дейін жеткен тәжірибелі балуан. 2018 жылы финалда Ержан Шынкеевтен жеңілсе, 2019 жылы Айбек Нұғымаровқа есе жіберіп, турнирде екі дүркін күміс жүлдегер атанған.

– Боз кілем төрінде салмағы мен жасына сай әр түрлі спортшылар күш сынасты. Осындай айырмашылықтарға қарай жекпе-жектің нәтижесін соңына дейін болжау мүмкін болмады. Турнирге қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Спортта қашанда сәттілік деген болады. Бұл жеңістің артында спортшы мен оның жаттықтырушысы Елдар Бейсенбаевтың орасан зор еңбегі тұр. Ерасыл өзінің нағыз балуан екенін көрсетті, – деді Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы, полковник Арман Әбеуов.

Осы жолғы бәсекеде қорғаныс сала­сының балуандары мен олардың залдағы жанкүйері көп болды. Айталық, Қорғаныс министрлігі АОСК-нан са­йысқа барлығы алты балуан қатысты, олар – аға лейтенант Марат Байқамұров, кіші сержант Әділ Оразбаев, қатардағы жауынгер Ғалымжан Қырықбай, ефрейтор Айбек Ізтілеуов, кіші сержант Ерасыл Қажыбаев, Қарулы күштер қызметкері Бейбарыс Әбдіғани.

Үшінші орынды Абай облысының тағы бір балуаны Саят Шамшиев иеленді. Ол шешуші белдесуде «Әскер барысы» Әділ Оразбаевты таза әдіспен жеңіп, үздік үштікті түйіндеді. Саят Шамшиев аталған турнирдегі жасы ең үлкен балуан (35 жаста).

Абай елінің апайтөс ұлдары жарап-ақ тұр. Қарап отырсақ, облыс балуандары 13 жылда 5 алтын белбеу иленіпті. Айбек Нұғымаров 2 рет (2013, 2019), Мұхит Тұрсынов (2014), Дәурен Нұралинов (2021) бір реттен бас жүлдеге ие болса, би­ыл Ерасыл Қажыбаев сол жеңісті жолды тағы бір жаңғыртты. Жоғарыда айтқа­нымыздай, Е.Қажыбаев бұған дейін екі рет (2018, 2019) күміс белбеу тағынса, Шалқар Жоламанов 2011 жылы қола, 2012 жылы күміс белбеудің иесі атанған.

Ал «Әлем барысының» күміс жүлдегері, Дүниежүзі көшпелілер ойын­дарының жеңімпазы, қазақ кү­ресінің сәнін кіргізген Ерсұлтан Мұзап­паровтың ерлігін санап тауысу мүмкін емес. Небәрі 98 кило салмақтағы Ерсұлтан өзінен 40-50 кило ауыр салмақтағы балуандары алып та, шалып та жықты.

Биылғы бәсеке несімен есте қалды? Ең алдымен, «Әскер барысы» Әділ Оразбаев жарыс жолында Ғалымжан Қырықбай (2023 жылғы чемпион) мен Мақсат Исағабыловтан (2022 жылғы чемпион) басым түсіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Әділ балуан ақырында 4-орынға тұрақтады.

1/4 финалда Ерсұлтан Мұзаппаров пен Айбек Серікбаев (Қызылорда облысы) арасындағы белдесуде жеңімпаз анықталмай, салмағының жеңілдігіне байланысты Ерсұлтан келесі айналымға өтті. Бұл да Ерсұлтанның айла-тәсілде­рінің бірі деуге болады.

Қазақ күресінде ағайынды Ұлан Рысқұл (2011 жылғы «Қазақстан барысы») мен Руслан Әдіразақовтың («Қа­зақстан барысының» күміс жүл­дегері) ат-атағы көпшілікке жақсы мәлім. Бұл жолғы бәсекеге Маңғыстау облысынан ағайынды Нұрдәулет пен Дәурен Жарылғапов, Батыс Қазақстан облысынан Замир мен Ерназар Хам­зиндер қа­тысты.

Сонымен аталған турнирдің жеңім­пазына 15 млн теңге берілсе, 2-орын алған спортшы 3 млн 300 мың теңгеге ие болды. Ал 3-орынға қол жеткізген балуан 1 млн 80 мың теңге көлемінде сыйақы алады. Со­нымен қатар әр балуан әр белдесуде жеңіске жеткен сайын тағы 100 мың теңгеден алып отырды.

Аламан сайыс барысында, белдесулер арасындағы үзіліс кезінде көрермен рухын көтеретін кон­церттік нөмірлер  орындалды. Белгілі өнер шеберлері ән мен жырдан шашу шашты.