• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Қазан, 2024

Қазақстан – Моңғолия: Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан байланыс

147 рет
көрсетілді

Қай заманда да қоңсы жатқан моңғол халқымен біздің халықтың араластығының, алыс-берісінің жылнамасы ғасырлардан тамыр тартады. Бұл біріншіден, бүгінгі шекарамыз шектеспесе де жақын жатқандықтан, екіншіден, мемлекет болып қалыптасу жолында небір жаугершілік заманды қатар көргендіктен ежелден етене араластық. Тіпті қазіргі Моңғолия аумағында бір қауым қазақ жұрты өмір сүріп жатыр. Бүгінгі тәуелсіз елдер ретінде де қос елдің саяси-экономикалық байланыстары берік байланған. Дипломатиялық қарым-қатынаста да достыққа сызат түсіретін еш шикілік жоқ.

Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияда мем­лекеттік сапармен жүр. Бұл – Мемлекет басшысының Моңғолияға ат басын бұрған алғашқы мемлекеттік сапары. Қасым-Жомарт Тоқаев 2006 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі кезінде және 2013 жылы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде Моңғолияға екі рет барған.

Мыңдаған жылды артқа таста­ған екі елдің түрлі саладағы байланысы бүгін де тарихи жалғасын тапқан. КСРО ыдырай сала көп ұзамай 1992 жылдың қаңтарында Қазақстан –Моңғолия достастығының алғашқы дипломатиялық қазығы қағылды. Сөйтіп, араға бес жыл салып, 1997 жыл­дың мамыр айында Ұлан-Батырда Қазақ­станның Дипломатиялық миссиясы ашылды. Ал 2007 жылы қаң­тар айында Дипломатиялық миссия Қазақстанның елшілігі болып ауысып, деңгейі жоғарылады.

Негізінде екі елдің арасынан алғаш болып елшілік ашу ісін Моң­ғолия қолға алды. Яғни 1992 жылы қыркүйекте Алматы қаласында Моң­ғолияның елшілігі жұмысын бастады.

Қазақстан мен Моңғолияның сая­си қатынастары 1993 жылғы қазан­да Қазақстан делегациясының Прези­дент деңгейіндегі Ұлан-Батыр­­ға барған ресми сапарынан бастау алды. Бұл сапар барысында екіжақты сау­да-экономикалық қарым-қаты­нас­тағы шарт-құқықтық негіз қала­нып, одан кейінгі үкіметаралық, ведомсво­­аралық кездесулерде тараптар сая­си, сауда-экономикалық және мәде­ни-гуманитарлық салалардағы екіжақ­ты өзара іс-қимылдың өзекті мәселе­лері бойынша пікір алмасып, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәр­тібіндегі өзекті мәселелер төңірегіндегі ұстанымдарын салыс­тырып отырды.

Қос елдің дипломаттары да әр жылдары Астана және Ұлан-Батыр арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары байланыстарының жоғары деңгейін қолдау шараларын пысықтап келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 1991 жылдан бас­тап қазіргі уақытқа дейін екі елдің арасында 40-тан аса халықаралық келісім мен шарттарға қол қойылған екен.

2007 жылдың 14-15 тамызында Моңғолия Президенті Н.Энхбаяр Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп, сапар барысында екі ел президенттері Бірлескен мәлім­демеге қол қойса, 2008 жылдың тамызында да Қазақстан Президентінің Моңғолия­дағы екі күндік мемлекеттік сапары аясында дәл сондай құжат қабылданған.

2019 жылы 10-12 қазанда Моңғолия­ның сол кездегі Премьер-министрі, қазіргі Президенті У.Хурэлсух Қазақ­станға жасаған ресми сапары аясында Қазақстан – Моңғолия бизнес форумының ашылуына қатысып, екі елдің болашақ байланыстарының берік нығаюына сеп болған жан-жақт­ы келісімдерге қол жеткізілді. Сол сапар­да У.Хурэлсух Қазақстанның тәуел­­сіз­дік жылдары және нарықтық эконо­микаға көшкеннен кейін эконо­миканың тұрақты дамуы мен қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ете отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өткен-ді.

«Бізде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі мүмкіндіктер бар. Осы бизнес форум екі ел арасындағы іскерлік қатынастар мен экономикалардың дамуына сер­пін беретініне сенімдімін», деген Моң­ғолия Премьер-министрі мен Қазақ­стан Үкімет басшысының қатысуымен аталған форум аясында қос тараптың іскерлік байланыстарын арттыру мақсатындағы 8 құжатқа қол қойылды.

2023 жылдың 20 қыркүйегінде Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясының аясында Моңғолия Президенті Ухнаа­г­ийн Хурэлсухпен кездескен еді. Онда Мем­лекет басшысы Қазақстан мен Моң­­ғолия арасындағы тығыз әрі дәс­түр­­лі достық қарым-қатынасты атап өтті. Сондай-ақ екіжақты байланыс­тарды стра­тегиялық серіктестік дең­гейіне де­йін кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.

Ал биыл 4 шілде күні Ақордада өткен кездесуде Қазақстан Президенті «ШЫҰ плюс» форматындағы отырыс­тың табысты өтуіне сындарлы үлес қосқаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – еліміздің Азиядағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Қ.Тоқаев екі елді ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын ортақ мәдени-тарихи құндылықтар мен дәстүрлер байланыстыратынын атап өтті.

«Қазақстан мен Моңғолияның ынтымақтастығы өзара құрмет пен қолдау рухында ұдайы нығайып келеді. Елдеріміз арасында сенімді және сындарлы саяси диалог жолға қойылған. Ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқан, мәдени-гуманитарлық байланыстар кеңейіп келеді. Орайлы сәтті пайдаланып, Қазақстандағы бұрын-соңды болмаған су тасқыны кезінде қолдау көрсеткендеріңіз үшін Сізге және барша моңғол халқына ризашылығымды білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Моңғолия Президенті Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесін жоғары бағалап, Қасым-Жомарт Тоқаевты Моңғолияға мемле­кет­тік сапармен келуге шақырған-ды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шақыруды зор ықыласпен қабыл алатынын жеткіз­ген. Сарапшылар осы жолғы сапар екіжақты қатынастардың жылна­ма­­сындағы жаңа кезеңге жол ашатынын айтады.

Тізе берсек, мұндай кездесу, қол жеткізілген келіссөз өте көп, әрине. Бастысы, қай кездесуді алып қарасақ та, тараптар саяси, сауда-эко­н­омика­лық және мәдени-гума­ни­­тар­­лық салалардағы екіжақты ынты­мақ­­тас­тықтың түрлі аспектісін талқылады.

Бүгінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары арасында  83,9 млн долларды құрайды. Мұны екі елге ортақ сауда саласының көрсеткіші демесең, басым бөлігі Қазақстан экспортына тиесілі. Яғни біз осы есепті кезеңде Моңғолияға 83,3 млн доллардың тауарларын өткеріппіз. 586,1 мың доллардың тауарын моңғолдар жеткізген.

Қысқасы, бүгінде Қазақстан­ның Моңғолияға шикізаттық емес та­уарлар бойынша экспорттық әлеуеті шамамен 100 млн долларды құрап отыр. Ендігі меже – тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайту. Бұл – Қазақстан Президентінің ұсынысы. Жалпы алғанда, Қазақстан тарапы қазақ-моңғол іскерлік кеңесін құруға және Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасын қабылдауға мүдделілік танытып отыр.