Аспантаудың етегіндегі Жамбыл ауылында жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашты. Жалпы ауданы 657 шаршы метрлік мәдениет ошағының құрылысына 392 млн теңге қаржы жұмсалды.
Еңселі де әдемі ғимарат ішінде өнер үйірмелеріне арналған кең де жарық бірнеше кабинет жасақталған. Заманауи басқару студиясы, грим бөлмелер, айшықты сахна, 180 орындық акт залы, бір сөзбен, мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған. Алты ай қыс болатын өңірдің ауа райы ескеріліп, 12 тонналық сұйық отын сақтайтын бөшкелер орнатылып, суық, ыстық су жүйелері іске қосылған.
Мыңнан астам тұрғыны бар Қаратоған ауылдық округі – туризмнің қайнар көзі, күрежолы. Қатарласа қоныс тіккен Қаратоған мен Жамбыл ауылдарының ортаңғы көшелерімен атақты Ақкөл, Шоғансай демалыс орындарына жаз айларында күніге жүздеген жолаушы-турист ағылып өтеді. Табиғаты тамылжып тұрған ауыл тұрғындарының туризмді дамытуға деген ынта-ықыластары арта түскен. Сондай-ақ округ тұрғындары халықтық өнерді әспеттеп, өрісін кеңейтуге белсене араласып келеді. Бұл ауылдарда домбыраның қос ішегінен күй төгілдіріп, әуелете ән салатын әнші-термешілер, шежірешілер көптеп өсіп келе жатқанын Баққожа Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Медет Байжұма әсерлі әңгімеледі.
«Қаратоған мен Жамбыл ауылдарында бұрын-соңды мәдениет үйі болмаған. Соған қарамастан, мұндағы тұрғындар мен жас буын өнерден шет қалған емес. Аудандық, облыстық өнер сайыстарына қатысып, жеңімпаз атанғандары жетіп артылады. Дарынды жастарды мамандар мектепішілік үйірмелерге қатыстырып, өнерлерін ұштап келген еді. Енді міне, дарын иелерінің басы қосылып, шығармашылықтарын шыңдауға қолайлы ғимараттың пайдалануға берілуі – тың жаңалық, зор қуаныш болып отыр», – дейді Медет Серікұлы.
Аспантау елінің мерейін тасытып, қуанышын еселеген мерейлі салтанатқа Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев, өнер майталмандары мен ауыл тұрғындары қатысты. Мерекелік көңіл күй сыйлаған рухани шара аудандық «Ақтолқын» халықтық-фольклорлық ансамблінің көңіл тербеген күй-шашуымен басталды.
«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында еліміздің әрбір өңірінде, соның ішінде Райымбек ауданында көптеген әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Ауданымыз 2018 жылы өз алдына жеке шаңырақ көтергелі бері мәдениет саласында көптеген өзгерістер болды. Мемлекеттің қолдауымен ауданның әр түкпірінде жаңа мәдениет ғимараттары ашылды. Бұл нысан да ауылымыздағы мәдени-рухани құндылықтар жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім мол. Осы игі іске қатысқан құрылысшыларға, мәдениет саласының қызметкерлеріне, ауылымыздың өркендеуіне өз үлесін қосқан әрбір азаматқа алғысымды білдіремін», – деді аудан әкімі Б.Дүйсенбаев құттықтау сөзінде.
2019 жылы аудандық мәдениет үйіне құны 25 млн теңге тұратын жылжымалы сахна сатып алынды, 2021 жылы Қақпақ ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ал былтырғы жылы Сүмде ауылындағы мәдениет үйі пайдалануға берілді.
«Ұлттық құндылықтарымыз, оның ішінде спорт пен мәдениеттің арқасында көк туымыз, еліміз бен жеріміз төрткүл дүниеге танылып отыр. Жамбыл – шағын ғана құт қонған ауыл. Бұл жерде Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Сағатхан Әшімбаев сынды ақын-жазушылар, қайраткерлер дүниеге келген. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығында шек жоқ. Мектебі жаңарды, көшесі асфальтталып, жылдан-жылға көркейіп келеді. Бүгінгі мәдениет үйінің ашылуы жастардың тұрақтауына, еңбек етуіне, өнерін өрістетуге септігін тигізері сөзсіз», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Бауыржан Қаптағаев.
Мәдениет үйі ғимаратының құрылыс жұмыстарын Сәдуақас Мүтәлиев басқаратын «Алматы-Construction.БМ» ЖШС сапалы жүргізіп, уақытында тапсырды.
Алматы облысы