Солтүстікқазақстандық М.Қозыбаев университеті студенттері 1 200 адамға шақталған жаңа жатақханаға қол жеткізіп, қуанып қалды. Мұнда студенттер ғана емес, отбасылары шағын құрамдағы жас ұстаздар да тұрады.
«Бұған дейін 1970–1980 жылдары салынған 4 жатақханамыз болды. Олардың барлық сыйымдылығы 1 365 орын ғана еді. Іші тар, айналымға келмейтін. АҚШ-тан келген әріптестерімізге оларды көрсетуге де ұялушы едік. Енді мына жатақханамыздың арқасында 2 700 студент жатақханаға қол жеткізеді. Әріптестерімізге де ұялмай көрсете аламыз. Бұл бізге студенттер контингентін 9-10 мыңға дейін арттыруымызға мүмкіндік береді», дейді университет ректоры Ербол Исақаев.
Ал «Береке» шағын ауданында ашылған денсаулық-сауықтыру кешенінде жастар волейбол ойнап, күрес пен боксқа қатыса алады. Қалың көпшілікке арналған жаттығу залы да бар. Ауданда 35 мыңдай тұрғын бар, соның негізгі бөлігі – жастар. Байырғы спортшы, классикалық күрестен қазақтар арасынан облыста ең бірінші болып спорт шебері нормативін орындаған Жамбыл Тасеменов аға көпшілікті спорт сарайының ашылуымен құттықтады.
«Петропавл қаласында тұрып жатқаныма – 62 жыл. Дәл мұндай спорт сарайы бұрын бізде болған емес. Күрес пен бокстың облысымызда кенжелеп қалуының себебі де сол. Енді мына сарайда жаңа спорт жұлдыздары жарқырайтын шығар деген үміт мол», деді ардагер.
Сондай-ақ өңір орталығында жаңа теннис орталығы да бой көтерді. Ашылған бетте үстел теннисінен облыс чемпионаты өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы