2027 жылға қарай Еуропада 83 миллион жұмыс орны жойылады, мұның негізгі себебі жылдам дамып келе жатқан жасанды интеллект болмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Euronews бұл туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамдарына сілтеме жасап, мәлімдеді. 2030 жылға қарай 94 миллион еуропалық жұмысшы автоматтандырудың дамуына байланысты қайта оқытуды қажет етеді.
Жасанды интеллекттің дамуы қызметкерлерге ең көп қауіп төндіретін салалар анықталды:
Қонақ үй және қоғамдық тамақтану қызметтері (94 пайыз)
Өнер (80 пайыз)
Сауда (68 пайыз)
Құрылыс (58 пайыз)
Көлік және логистика (50 пайыз)
«Зерттеушілер 2030 жылға дейін 21 миллион адам мамандықты ауыстыруы мүмкін деген қорытынды жасап отыр. Олардың көпшілігінде жоғары білім жоқ», деп көрсетілген материалда.
Сонымен қатар Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, жақын жылдары басқа бағыттарда да жұмыс орындарының елеулі өсімі күтіледі: шамамен 69 миллион жаңа вакансия пайда болады.
Бірақ Еуропада бұл жұмыс орындары тең дәрежеде бөлінбеуі мүмкін. Еуропалықтардың 40%-ы қысқарып жатқан еңбек нарығы бар аймақтарда тұруы мүмкін. Зерттеуде осы аймақтарды қолдау үшін қашықтан жұмыс істеуді ынталандыру ұсынылған.
«Қазіргі уақытта Еуропада еңбек өнімділігі бірнеше еңбек нарығына шоғырланған, мысалы, Амстердам, Копенгаген, Лондон, Мадрид, Мюнхен және Париж», делінген материалда.
Бұл қалаларда Еуропа тұрғындарының тек 20%-ы тұрады, бірақ олар Еуропа ІЖӨ-нің 43%-на, таза жұмыс орындарының 35%-на және 2007 жылдан 2018 жылға дейінгі халықтың өсуінің 40%-на жауап береді.
Екінші жағынан, шығыс және оңтүстік Еуропада қысқарып жатқан еңбек нарығы бар 438 өңір бар, онда 30% халық тұрады. Бұл өңірлер «жұмыс күші азаюы, қарт тұрғындар және төмен білім деңгейімен» сипатталады.