• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 30 Қазан, 2024

Адалдықты ту еткен азамат

985 рет
көрсетілді

Елімізге танымал журналист Әлисұлтан Құланбай тірі болса, биыл жетпіске толар еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырдан асықпай, аптықпай маңғаз басып өте шыққан азаматтың адамгершілік пен адалдықты биік қойған асыл бейнесі көз алдымнан кетер емес.

Онымен алғашқы та­ныстығым алыс­тап кеткен жастық шақ­тан – Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде оқып жүрген кезден басталған еді. Ол журналис­тика факультетінде, мен филология факультетінде оқыдым. Әле­кеңнің үнемі бірқалыпта асықпай басып келе жататын маңғаз жүрісі, тілдескен ке­зі­міздегі ұстамдылығы, адамды жа­тырқамас кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы есімде ерекше сақталып қалды. Маңдайынан төгіліп тұратын бұйралау қою қара шашы, ештеңеге күй­ге­лек­тенбейтін сырбаз мінезі әдетте қызуқандылау келетін студенттік ортада оны даралай түсті.

Әлисұлтанмен жақынырақ араласуым 1997 жылдың со­ңында тәуелсіз елімізде ал­ғаш рет ұйымдастырылған эко­номикалық тақырыпта жазатын журналистердің бірінші республикалық байқауына қатысуға Өскемен қаласынан Алматыға келген кезімде болды. Байқаудың бірінші, екінші кезеңінен сүрінбей өткен 50-ге тарта журналист бас қалада жиналдық. Байқау қорытындысы шығарылмас бұрын бір аптаға созылған семинар ұйым­дас­тырылды. Еліміздің әр түкпі­рінен келген журналистер «Есік» қонақүйіне орналастық. Ор­та­мызға Алматының өзінен 20 шақты журналист қосылды. Осы топтың ішінде «Егемен Қазақстанның» атынан се­минарға қатысқан Әлисұлтан да болды.

Семинарда министрлер орынбасарлары, компаниялар басшылары дәріс оқыды. Барлығы Қазақстанның экономикалық болашағы керемет екенін айтады, елімізге енгізілген нарық эко­номикасының қыр-сырын тереңнен толғайды. Байқаудың басты демеушілері елімізде жұмыс істеп жатқан АҚШ компаниялары еді.

Семинар барысында Әли­сұлтан екеуміз көп әңгімелестік. Еліміздің бас басылымында қыз­мет етіп, Алматыда тұ­рып жатқан Әлекеңе Шығыс Қазақ­стан облысынан келген мен қызыға қараймын, бос уақытта көбіне оның әңгімесін тыңдауға тырысамын.

Семинардың соңында «Ал­­маты жоғары бизнес мекте­бі­нің нарық экономикасы та­қы­рыбындағы арнайы оқу курсынан өтті» деген табақтай сертификат тапсырылды да, бір-екі ай бұрын байқауға жолдаған материалда­рымыз сарапқа салынды. Бай­қау қорытындысын комиссия төрағасы, Журна­листер одағының басшысы Ка­мал Смайылов бастаған, құра­мында ҚазМУ-дың журналис­тика факультетінің кафедра меңгерушісі Марат Барманқұлов, тағы да бес-алты атақты оқыту­шылар мен журналистер бар әділ­қазылар алқасы шығарды. Бағым жанып, байқауда бірінші орын алдым.

Осы жетістігіме Әлекең ме­німен бірге қуанды. Онымен қоймай «Егемен Қазақстанға» осы байқау мен семинар туралы, менің бірінші орын алғанымды атап көрсете отырып, кең көлемді мақала берді. Әлекеңнің үлкен жүректі азамат екеніне тағы көзім жете түсті.

Осы оқиғадан кейін Әлекең екеуміз телефон арқылы болса да, үзбей байланысып тұрдық. Көп ұзамай ел астанасы Ақмола қаласы болып жарияланып, «Еге­мен Қазақстан» газеті елор­даға қоныс аударды.

Мен сол тұста өнеркәсіпті өңір Шығыс Қазақстан облысының металлургиялық, энергетикалық компаниялары туралы, туризмге лайық табиғаты жөнінде «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді ма­­қалалар жолдай бастадым. Ма­қалаларым тоқтаусыз жария­ланып тұрды. Бірде Әлекең телефон шалып, менен «Егемен Қазақстанға» ауыспақ ойымның бар-жоғын сұрады. Егер ондай ойым болса, газет басшылығына мен туралы ұсыныс жасай алатынын жеткізді. Газет басшысы Сауытбек Абдрахмановтың менің газетке жолдаған мақалаларым туралы пікірінің жақсы екенін, лездеме кезінде жазғандарымды мақтағанын да айта кетті.

Әрине, бұл ұсы­нысты қуа­нышпен қабылдадым. Көп ұза­май-ақ Әлекең тағы да телефон шалып, мені газет бас­шы­лы­ғының кездесуге Астанаға ша­қырып жатқанын жеткізді. Сөйтіп, әріптес ағаның дәнекер болуымен бас газеттің редакциясынан бір-ақ шықтым, қызметке қабылдандым.

«Егемен Қазақстан» газетінде Әлисұлтанмен бірге 16 жыл қыз­мет істеппін. Қақ-соқта ісі жоқ әрі өзіме аға тұтып, әріптес дос санаған, талай сырласқан Әлекеңе деген ризашылығым бөлек. Мен ғана емес, оны бүкіл ұжым құр­меттеп, үлкені бар, кішісі бар «Әлеке» деп қадір тұтатын. Оның өзі де жасы үлкендердің алдынан кесе-көлденең өтпейтін. Ал жасы кішілерін інісі есебінде сыйлайтын.

Әлекең еңбек жолын Ұй­ғыр ауданындағы «Октябрь» ұжым­шарында колхозшы болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін орда бұзар жаста тәмамдаған. Журналистік жолын әуелі республикалық «Еңбек таңы» журналында корректор, аға редактор болып бастап, «Ауыл» («Дала дидары») газетінде тілші, сектор меңгерушісі, бөлім редакторы, жауапты хатшы ретінде жалғастырып, «Қазақстан Рес­публикасы Бағалы қағаздар жө­ніндегі ұлттық комиссияның жаршысы» журналында жауапты хат­шы, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарды.

1996 жылдың 1 наурызынан бастап 2018 жылдың тамыз айының ортасына дейін еліміздің бас басылымында жемісті еңбек етті. Саналы өмірінің 22 жылын «Егемен Қазақстанға», тәуелсіз елдің ақпарат саласының дамуы­на арнаған Әлисұлтан Мұқан­әліұлының жүріп өткен жолы, адалдықты ту еткен азаматтығы, қарапайымдылығы мен достарына қамқорлығы, мақаланы асықпай баппен, бірақ үзіліссіз шаршамай-шалдықпай төгілтіп жазатын қасиеті қалам ұстаған қазіргі жастар үшін өзіндік бір өнеге мектебі еді. Ол «Егеменнің» белгілі еңбекторыларының бірі болды. Әрбір мақаласына өте мұқият қарайтындықтан, жазғаны ешбір түзеу-күзеусіз өтетін. Жылдар бойы жинақталған бай тәжірибе мен ерекше жауап­кершілік нәтижесінде мақала жа­зудың жоғары қалыбына қол жеткізгендіктен, оның журна­листік еңбегі еш уақытта бірінен бірі кем түспейтін.

«Егеменде» қызмет еткен жылдары Әлисұлтан Құ­ланбай, Жылқыбай Жағыпар­ұлы үшеуіміз көбінесе бірге жү­ретінбіз. Кабинеттеріміз де қатарлас, үйге қайтар жолы­мыз да бір, тағдырдың өзі табыс­тырған достар едік. Соған сәйкес «үш ноян» деген атқа да іліктік. Ерекше тату едік. Сабырлы да салиқалы мінезіне, не нәрсені де ақылмен шешуге тырысатын байыптылығына қарап, Жыл­қыбай екеуміз Әлекеңді өз арамызда атақты қытай ақылманы, реформаторына теңеп, «Дэн Сяо­пин» деп атап, құрметпен әспеттеуші едік.

Жалпы, Әлекеңді біз ғана емес, айналасындағы жұрттың бәрі ерекше құрметтеді. Курс­тастары Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбай, Нұр­төре Жүсіп, Еркін Қыдыр, Айтмұ­ханбет Есдәулетов, Алек­сандр Тасболатов, Ғалым Омар­ханов, Батырбек Садықанов, Асқар Ах­метов, Әлімжан Жа­рылқағанов секілді алды министр, еліміздің ақпарат сала­сында лауазымды қызмет ат­қар­ған азаматтар өзара бас қос­қан кезде Әлекеңнің орны үнемі төрде еді. «Егеменде» бас­­шылық қызметтер атқарған Сейфолла Шайынғазы, Самат Мұса, Ғабит Мүсіреп секілді қа­­тар­ластары мен інілері де Әле­­­­кең­нің алдынан кесе-көлде­нең өтпейтін. Олардың бар­лығы оның жасын ғана емес, аза­маттық, адамгершілік болмысын айрықша құрметтейтін.

Осы мақаланы жазар алдында Әлекеңнің үйіне телефон шалып, отбасының жағдайын білдім. Артында сүйген жары Керімжаны мен бала-шағасы, немерелері қалды. Соған да шүкір дейміз енді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы ғой. Әлекеңнің өмірден өткеніне алты жыл болса да, бұл қайғының олардың қабырғасына әлі күнге дейін батып жүргенін аңғардым.

«Менің әкем – ерекше жан, жақсы адам,

Әкешіме жаза алмадым асқақ ән.

Ол – биік тау, ал мен болсам түбімін,

Әлі күнге тізесінен аспаған»,

деп өзі басқа саланың маманы бола тұрып, әкесіне арнап өлең жазған ұлы Бекжанның са­ғынышын жүрегіммен сезінсем, қызы Жадыраның «Әкешім, сізді сағынғанда үнемі жылап аламын. Сізді ойламайтын күнім жоқ. Көзі тірісінде әкемді неге қатты құшақтап, бетінен сүйіп, оны қалай жақсы көретінімді айта алмадым екен деп өкінемін. Амал қанша, қазір қолымыздан келетіні – мешітке жиі барып, сізге арнап Құран бағыштау» деген қызы Жадыраның сөзі жанымды тебірентті.

Әлекең қайтыс болғанға дейін қолынан қаламы түспей өтті. Бірақ бұл еңбегін бұлдап, марапат алуға ұмтылған емес. Ма­рапаттар оған өз жолымен, жөнімен келіп жататын. Пре­зи­дент пен Парламент палаталары төрағаларының алғысхаттары, түрлі министрліктердің мақтау қағаздары, Журналистер ода­ғының сыйлығы, «Ақпарат сала­­сының үздігі» төсбелгісі, Еу­ра­зия журналистер ассоциа­ция­сының сыйлығы, Прези­дент­тің БАҚ саласындағы гранты – Әлисұлтан Құланбайға бе­рілген марапаттардың мен білген бірсы­пырасы ғана.

Әлисұлтан Құланбай кө­зінің тірісінде «Егемен Қа­зақ­стан», басқа да газеттерде ту­ған жері Алматы облысы Ұйғыр ауданының әлеуметтік-эконо­ми­калық проблемалары туралы сандаған мақала жазды. Туған жері үшін жүрегі ауырып жүретін патриот журналист еді. Аталған ауданнан шығып, Президенттің маңызды шетелдік сапарларына қатысқан, бас басылымның қоғамдық саяси бөлімінде қызмет етіп, елдің дамуына атсалысқан журналист аз шығар. Сол себепті Әлисұлтан Құланбай туралы бір белгі оның туған жерінде қалуға тиіс деп есептейміз.

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

Ақпарат саласының үздігі, «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері