• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 30 Қазан, 2024

6 млн тонна астық жиналды

123 рет
көрсетілді

Солтүстікте орақ науқаны Республика күні қарсаңында толық аяқталды. Жер ана да төсін иіп беріп, облыс биыл рекорд­ты көрсеткіш – 6,2 млн тонна астық жинап отыр. Был­ты­рғы жиналған астық көлемі 3,7 млн тонна ғана болған еді.

Әрине, орақ енді басталған тамыздың екінші жартысынан бері үзілмей тұрып алған нөсер салдарынан астық жиналмас деген қауіп болғаны рас. Талай диқандардың қабағы түйіліп, сөйлесуге де зауқы соқпай қалған еді. Тіпті бидай сабағынан өріп кете ме деген де қауіпті жорамал да жасалды. Әйтеуір қыркүйектің басынан тұрған ашық күндер астықты жинап алуға мүмкіндік берді-ау.

Облыстық Ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасының мәліметі бойынша, бидайдың облыстағы орташа береке гектарына 18 цент­нерден айналған. Ал ұқыпты шаруалар кейбір егіс алқабынан 40-50 центнерден астық жинады. Соның ішінде гектарынан 31 центнерден астық алған Ти­ми­рязев ауданындағы «Baiterek SK» ЖШС, гектарынан 39,2 цент­нерден жинаған Аққайың ауданындағы «Симаргл» ЖШС, гектар берекесін 40 центнер­ден айналдырған Мамлют ауда­нындағы «Руслан» шаруа қо­жа­­лығы бар. Ал Айыртау ауда­нын­­­дағы Байтас Қазыбеков бас­қаратын «Шангал» ЖШС ас­тықты гектарынан 50 центнерден жинады. 

Бұлар – минералды тыңайт­қыш­­тарды өз уақытында жет­кізіп, арамшөптерді уақы­тын­да жойып, өскінді көзінің қара­шы­ғындай қорғап отырған, озық техникалармен жұмыс істеген шаруақор ди­қандар. Олар биыл егіс алқаптарына 257 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізді. Ал жерді тыңайтуды ойламайтын, оған мал түссе қорғайтын күзетшіге де шығын шығарғысы келмейтін, арамшөбі өскінді басып кетсе де, оны химиялық арнаулы сұйықтықтармен жою­ды білмеген, тек жерді сорып, алуды ғана білген шаруалардың астығы жұтаң болды.

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Облыстық Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Жалғас Сүлей­ме­новтің айтуына қара­ған­да, бүгінде облыстың барлық элеваторына 1,6 млн тонна астық жеткізіліпті. Соның 1,2 млн тоннасы – бидай. Облыс аумағында 3,2 млн тонна астық сақтайтын 46 элеватор бар. Сонымен бірге агроқұрылымдарда өздерінің 3,7 млн тонна астық сақтайтын қоймалары бар. Ұлттық статис­тика басқармасы орақ басталмай тұрғанда облыстың астық қоймаларында 1,4 млн тоннаға жуық былтырғы астық жатқанын жариялаған. Енді ұшы-қиырсыз жаңа астық құйылса, сақтайтын орындар тарлық етеді.

Ж.Сүлейменов әзірге түскен астықтың 41 пайызы үшінші кластық, 47 пайызы төртінші кластық сұрыпқа жататынын айтты. «Бұл – орақ науқаны ке­зінде ауа райының жауын-ша­шынды болғаны себепті астықтың бойындағы ылғалдың молдығынан. Қазір элеваторлар мен қоймаларға астықты құрғату жұмыстарына пайдалану үшін жеңілдетілген бағамен 20 мың тонна дизельді отын, 5 мың тонна сұйытылған газ босаттық. Облыста бір тәулікте 255 мың тонна астықты құрғата алатын барлығы 332 құрғатқыш техника бар. Олар қазір тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», деді ол.

Басқарма өкілі қазірдің өзін­де 2025 жылғы егіске 470 мың тонна тұқым құйылғанын жет­кізді. Бұл – облыс шаруаларына толық жетеді деген сөз. Алғашқы бозқырау өтсе де жинала беретін кейбір майлы дақылдарды ору әлі жал­ға­сып жатыр. Әзірге оның жинал­ған көлемі 15 пайызға да жет­пей­ді. Жиналған зығыр, рапс, күн­ба­ғыс­ көлемі 600 мың тоннаға жеткен. Биыл 7,4 мың картоп, 100 гектардай жерге қызылша, 251 гектар жерге сәбіз егіліп, қазір олар да толық жиналған.

Ал мал азығы үшін облыс биыл 415 мың тонна пі­шендеме, 509 мың тонна сүрлем, 1 млн 244 мың тон­на шөп үйіп алды. Бұл – алдағы жылға еркін жетіп, тіпті арты­лып қалуға тиіс­ті көлем.

 

Солтүстік Қазақстан облысы