Бұл мәселе соңғы 20 жылда дамушы елдердің экономикалық эволюциясы туралы пікірталастың ең танымал тақырыбына айналды. Табысың аштан өлтірмейді, бірақ одан әрі жағдайыңды көтеруге мұршаң жоқ. Орта табыс тұзағына шырмалып жүрген экономикалық белсенді азамат зейнетке шыққанда табысы ортадан төмен кедей топтың қатарын толықтырады. «Орта табыс тұзағынан» шығу қажеттілігі №1 стратегиялық міндет ретінде қарастырылған. 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының өзегі де осы бағыт.
Президент 2023 жылы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте осы тақырыпты қаузап өтті.
«Былтыр экономикамыз небәрі 3,2%-ға өсті. Жаман көрсеткіш емес. Ал осы жылдың 3 айында 4,9%-дық өсім көрсетті. Цифрлар жақсы-ақ. Алайда бұған тоқмейілсуге болмайды. Қосымша өсу көздерін іздеу керек. Үкімет экономикалық өсуді қамтамасыз ету жолында биік мақсаттар қоюы тиіс. Соңғы 10 жылдағы экономиканың инерциялық өсу қарқынынан біздің ел «орташа табыс тұзағына» түсіп қалды. Егер қазір сапалы экономикалық өсу үшін берік іргетас қаламасақ, онда халық табысы тоқырайтын кезең де алыс емес. Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстан табыс деңгейі жоғары елдердің санатына қосылуы үшін жыл сайынғы өсім 6% деңгейінде, яғни қазіргі қарқыннан бір жарым есе жоғары болуы керек», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, экономикалық белсенді топ санатындағы 3,5 млн жұмыс күшінің 77%-ы ай сайын 400 мың теңгеден аз табыс табады. Отбасылық бюджеттегі тамақтануға арналған шығыс үлесі – 50,5%, ақылы қызмет – 18,9%, несие бойынша есеп айырысу – 7%. Демек, табыстың 76,4%-ы тек тамақ ішу мен коммуналдық шығынға төленеді.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, 1991-2023 жыл аралығында доллармен есептелген жан басына шаққандағы ІЖӨ 2,3 есе – 5 157 доллардан 11 701 долларға дейін өсті. Мұнай доллары Үкіметке, сол кездегі Мемлекет басшысына мемлекеттің күшін сездірді. Кез келген мәселені ақшамен шешуге болады деген сенім пайда болып, экономиканың барлық сегментінде бағаны жасанды түрде реттеу белең алды.
«Ұлттық қордың құрылуы ресурстық қарғыс тұзағының мемлекеттік деңгейде белең алып кетуіне жол бермеді. Ұлттық қорға мұнайдың үстеме кірісінің бір бөлігі жұмсалғанмен, индустрияландыру мақсаттарына қол жеткізе алмаппыз. Гарвард университетінің экономикалық күрделілік индексінде біздің елдің көрсеткіші теріс болып тұр. Қырғызстаннан 30-орынға төменбіз. Елде қайта өңдеу өндірістері өте аз, шикізатты қайта өңдеу деңгейі төмен. Мұнай барреліне 140 доллар, ішкі жалпы өсім 6-7%-ды көрсетіп тұрған кезде де халықтың табысы мәз болмады. 2023 жылдың есебі бойынша халықтың бір айдағы орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 181 855 теңгені немесе 398,5 долларды құрады. Бір жылдағы табысы – 2 млн 182 мың теңге немесе 4 782 доллар», дейді.
Сарапшының түсіндіруінше, Үкіметтің Ұлттық қорға үңілуінің жиіліп кету себебі де осы. 1998, 2008, 2018 жылдардағы қаржылық дағдарыстың себеп-салдарымен күресіп жүргенде әлемдік экономика дамып кетті. Біздің орта табыс тұзағына түсіп қалуымыздың басы осы жылдардан басталады.
«Халықтың табысы ІЖӨ-нің деңгейіне ілесе алмай отыр. Үкімет оны мемлекеттік шығындарды көбейту, квазимемлекеттік секторды қорландыру, фискалдық ынталандыру есебінен теңестіргісі келеді. Бірақ бұл шешім халықтың табысындағы мемлекеттің үлесін көбейтіп, инфляцияны көтеріп жіберетінін Ұлттық банк сезіп отыр», дейді Б. Зиябеков.
Айтуынша, мемлекеттің үлесі азаймай тұрғанда басқа салаларды әртараптандыру, дамыту бағытындағы әрекеттеріміздің нарыққа әсері сіңімді болмайды.
«Бюджеттің шығыс бөлігі ІЖӨ деңгейіне ілесе алмай жатыр. Орта табыстың тұзағы емес, институционалды тұзаққа жақындап қалдық. Сарапшы айтып өткендей, Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемі 1,2 трлн теңгеге дейін төмендеуге тиіс, бірақ іс жүзінде одан өсіп кетті. Бюджет тапшылығы да сондай жағдайдан алыс емес. Жағдайды «орта табыс тұзағы» деп сылап-сипаудың қажеті жоқ. Біздің қазіргі көрсеткішіміз – экономикалық мәдениеттің қалыптасуына мүмкіндік бермейтін «төмен табыстың тұзағы». «Кедей» санатынан «ауқаттылар» қатарына өткен елдер біз айтқан тұзақтың әсерін бірнеше ондаған жыл бойы сезген. Дәл қазір Үкімет орта және төменгі табыс тұзағынан алып шығатын формулаға басымдық беруі керек. Еліміздің дамуы осы тұзақтан қашан шығатынымызға байланысты», дейді.
Ел экономикасы шикізаттық-экспорттық модельге құрылған. Тіпті ІЖӨ құрылымындағы үлесі басым (54%) қызмет көрсету саласының қомақты бөлігі мұнай-газ, тау-кен өндірісіндегі қызмет көрсетуден тұрады.
«Экономиканың 27,5%-ы шикізатты өңдіру мен өңдеуге жатады. Мұндай жағдайда экономика өсуі үшін сыртқы шикізаттық нарықтарда мұнай, уран, ферроқорытпалар бағасы ұдайы қымбаттап отыруы шарт. 2023-2024 жылдары нарықтағы жағдай мәз болмады. 2025-2026 жылдарға арналған болжамдарда да қымбаттайды деген белгі жоқ. Шикізат экспорты арқылы экономиканы алға жылжыта алмаймыз», дейді Б.Зиябеков.
Сарапшы Жарас Ахметовтің айтуынша, инновациялық даму сегментіндегі көрсеткіш дамыған елдерден алыс тұр. Арадағы алшақтық іс жүзінде өзгеріссіз қалуда.
«Экономикалық өсімді орта табыс тұзағы тежеп отыр. Экономикалық дамудағы тежелу халықтың нақты табысы мен оның өмір сүру сапасы өсімінің баяулауына алып келді. Біз бұл тұзақтан шыға алмасақ, тоқырау кезеңіне түсіп қаламыз деп болжауға болады», дейді сарапшы.
Қаржыгер Мұрат Темірхановтың пікірінше, Ұлттық қорда жинақталған мұнай долларларының сомасы экономикалық модельдегі кемшілікті бүркемелеуге мүмкіндік береді.
«Экономикалық келешек әртараптандырудың барысымен айқындалады. Табиғи ресурстарға және мемлекеттік басқаруға негізделген өсудің қазіргі моделі «орта табыс тұзағына» түсіп қалу қаупін арттырады. «Орта табыс тұзағы» экономикалық өсім баяулағанда немесе орташа табыс деңгейіне жеткеннен кейін тоқтаған кезде пайда болады. «Ресурстық қарғыс тұзағы» өнімділіктің өсуі немесе экономиканы әртараптандыру нәтижесінде емес, табиғи ресурстардың молдығы нәтижесінде пайда болды. Ұлттық қорда жинақталған мұнай доллары біздің кемшілігімізді жасыруға мүмкіндік берді. Ұлттық қор қаражатын дұрыс пайдаланбағандықтан, экономикалық саясат мәселелері шешілмеді», дейді М.Темірханов.
М.Темірхановтың айтуынша, бизнеске нарықтық мөлшерлемеден төмен пайызбен несие беру нарықтық несиелеудің кеңеюіне өте жағымсыз әсер етті.
«Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде мойындалды, бірақ Үкімет оны шешу жоспарларын ұсына алмады. 2021 жылдың ақпанында Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет үшеуі «2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге» қол қойды. Нәтижесінде, 2021 жылдың соңына қарай Үкімет қаржы нарығындағы мемлекеттік қолдаудың нарықтық емес құралдарынан кезең-кезеңімен бас тартудың 5 жылдық жол картасын әзірлейді деп жоспарланған болатын. Өкінішке қарай, бұл жоспарлар орындалмады», дейді М.Темірханов.
АЛМАТЫ