АҚШ-тың Флорида штатындағы Эверглэйдс ұлттық саябағында ұзындығы 4,5 метр және салмағы шамамен 52 келіге жететін питон бұғыны (35 кг) жұтып қойған.
«Мұны шынайы өмірде көру қызық болды. Бұл Флориданың оңтүстік-батысында 12 жыл бойы питондарды бақылаған кездегі ең жарқын және әсерлі көрініс», деді ғылыми координатор Ян Бартошек.
Отаны Оңтүстік-Шығыс Азия саналатын питондар алғаш рет АҚШ-қа ХХ ғасырдың ортасында үй жануарлары ретінде сату үшін әкелінгені айтылады. Жылдар өте келе жабайы табиғатқа жіберілген жыландар тез көбейген, өйткені жергілікті экожүйеде Бирма питондарына бәсекелестер болмаған.
Аталған саябақта питондар жергілікті сүтқоректілердің көптеген популяцияларына қауіп төндіріп тұр. Мысалы, қояндар мен түлкілер мүлдем жоғалып кеткен, ал жанаттар, опоссумдар, аққұйрықтар бұрынғыдан аз кездеседі. Койоттарға (шалғын қасқыры), сілеусіндерге, құстарға және тіпті қолтырауындарға да қауіп төніп тұр.
Инвазиялық түрлердің санын аздап азайту үшін жергілікті биологтар аталған жыландарды тауып, жоюға мәжбүр.