Биылғы тоғыз айда түрлі өрттен Солтүстік Қазақстан облысында 23 адам қайтыс болды, 5 адам газға тұншығып қаза тапты. 28 тағдырдың сыртында бала-шағасы, ата-анасы тұрғанын ескерсек, бұл оқиғалар жүздеген адамға қайғы құштырып кетті. Миллиондаған теңгенің материалдық шығындарын әкелді. Оның үстіне 35 адам өрттен қатты жарақат алды.
Өрттен опат болғандардың үшеуі бала. Соның ішінде Есіл ауданындағы Ильинка ауылында өртеніп кеткен екі баланың қайғысы жақындарына ауыр тиді. Үйде жалғыз қалған тоғыз және үш жастағы бала жанып жатқан пештің аузы ашылып кеткен шаладан тұтанған өрттен тұншығып өлген. Күндізгі сағат 10-да басталған өрт екі сағаттың ішінде сөндірілгенімен, балалардың өмірін қиып кетті.
Тілсіз жауға құрық беретін себептің бірі – алкогольдік ішімдік. Өрттен қаза болғандардың алтауы – алкогольдік ішімдіктің кесірінен мас күйінде ұйықтап қалғандар. Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖ департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин: «Өрттің негізгі бөлігі жекеменшік секторлардың үйлерінен шығады. Тоғыз айдағы барлық өрттің 74 пайызы, яғни 226-сы солардың үлесінде. 47 өрт автожолдардағы апаттардың кесірінен болды», дейді. Өрттің тағы бір себебі – электр жабдықтарының дұрыс орнатылмауы. Сондай-ақ дұрыс пайдаланылып, уақтылы жөндеу жасалмаса, от жағылатын пештердің де қаупі зор.
Қазір от жағу маусымы басталды. Жуырда ғана Петропавлдың Зайцев көшесіндегі қатар салынған 84 шаршы метрлік екі үй жанып, пәтерде тұратын үш адам өртеніп кетті. Біреуі 2021 жылы туған бөбек. ТЖ сарапшылары өрт тұрғындардың ішімдік ішіп, ұйықтап қалғандығынан шыққан деген қорытындыға келді. Мұндағы өртте бір адамды ТЖ қызметкерлері құтқарған. Қазір үй иесі Ж.Лысенконың үстінен пешті дұрыс салмай, пәтершілерге жалға бергеніне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Тағы бір өрт «Ракета» саяжай бірлестігінен шықты. Саяжайдың иесі, 1953 жылы туған адам өртте қалып, жанып кетті. Үй иесі мас күйінде, қолындағы сөндірілмеген темекісімен ұйықтап қалған.
Өрт сөндірушілер қар кетіп, дала құрғаған сәуір айының басынан басталған жеті айды «өрт қаупі мол кезең» деп атайды. Өйткені жауын аз болса, құрғаған шөп пен былтырғы қау отқа тез тұтанады. Лақтырып жіберген темекі тұқылынан да өрт кетуі мүмкін. Биыл да осындай 63 өрт шығып, 7,1 гектар жерді күйдірген. Дегенмен мұндай өрттің саны былтырғыдан екі есе аз. Сондай-ақ үйіліп тұрған шаруалардың шөбі мен сабанынан да өрт шығады. Биыл осындай 18 өрт болыпты, бірақ былтырғымен салыстырғанда бұл да азырақ. Өрт сөндірушілер далалы жерлерге жиі шығып, бақылауды жүйелі жүргізіп тұрады. Рейдтердің барысында 148 адамға әкімшілік жаза белгіленген. Ал БАҚ арқылы өрт қауіпсіздігін сақтау туралы 1197 рет жарияланым жасалған.
Солтүстік Қазақстан облысы