• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Айбын 31 Қазан, 2024

Сарбаздар тегін оқиды

69 рет
көрсетілді

Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің бір топ сарбазына еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге арнайы сертификат табысталды.

Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбас­шы­лы­ғының баспасөз қызметі хабарлады. Тегін білім алуға мүмкіндік беретін гранттар жауынгерлік қызмет және жауынгерлік даярлық барысында ерекше көзге түскен сарбаздарға берілген.

Отан алдындағы борышын атқару бары­сында үздік деп танылған ұландық­тарға Қорғаныс министрлігінің атынан бөлінген сертификаттары әскери бөлім ала­ңында салтанатты түрде табыс етілді. Грант иегері атанған сарбаздың бірі – қатардағы жауынгер Марғұлан Оразбеков.

– Мен Ұлттық ұлан қатарында азамат­тық парызымды атқарып жүрмін. Жастайымнан армандаған жоғарғы оқу орнына «Срочник.2» бағдарламасы арқа­сын­да түсуге мүмкіндік алып отыр­мын. Бола­шағыма жол ашқан, Отан қор­ғаушы ретінде қалыптасуға кө­мектесіп, тәжіри­бе­сімен бөліс­кен командирлеріме ерекше алғыс айтамын, – дейді болашақ студент Марғұлан Оразбеков.

Ол еліміздегі ең беделді оқу ордасы­ның бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, мұндай грантқа қол жеткізген сарбаздар енді еліміздегі таңдаулы оқу орындарына ұлттық бірың­ғай тестілеуден өтпей-ақ түсе алады.

 – Әскери бөлімде, бөліністерде взвод және рота командирлері жауынгерлік даярлық есебін тұрақты жүргізіп отырады. Ол есепте сарбаздың сабақ үлгерімі, белгіленген нормативтерді орындау нә­ти­жесі, жеке басының тәртібі ескеріледі. Осылардың нәтижесінде ай сайын барлық оқу пәні бойынша рейтинг шыға­­рылып, барлық дерек электрондық платформаға жазылады, – деді бөлім командирінің орынбасары майор Дәурен Рахимбеков.

 

Батыс Қазақстан облысы