Алматыда автокөліктерге арналған мультимедиялық жүйелер өндірумен айналысатын «Kazakhstan Mobility Engineering» зауытының ресми ашылу рәсімі өтті. Зауыт «Астана Моторс» компаниясының құрылымына кіреді. 2023 жылдың сәуірінде «Астана Моторс» компаниясы «Motrex Co Ltd.» компаниясымен меморандумға қол қойып, Оңтүстік Корея технологиясы негізінде мультимедиялық құрылғыларды елімізде өндіру құқығына ие болған еді.
Зауыттың техникалық іске қосылуы 2024 жылдың қыркүйек айында өтіп, алғашқы жабдықтар партиясы «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытына «Tucson» және «Elantra» модельдеріне орнату үшін жеткізілді.
«Зауыт Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастыққа маңызды үлес қосады және елдегі автомобиль саласының дамуына әсер етеді. Жоба еліміздің өнеркәсіптік өсуі жолында ерекше маңызға ие. Мемлекет инвестиция салушы, өндіріс салушы компанияларды қолдайды, сондай-ақ кәсіби кадр даярлау мен экономиканы дамытуға үлес қосады. Негізгі мақсат – отандық ресурстар мен құрамдас бөлшектерді барынша пайдаланып, жоғары деңгейде локализациясы бар өндіріс құру», деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
«Motrex» компаниясының бас директоры Ким Джун Сон ынтымақтастық болашағына сенім білдіріп, зауыттың сала үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар осы күні «Астана Моторс» пен «Sanico Electronics» компаниясы меморандумға қол қойды. Оған сәйкес, біздің тарап мультимедиялық жүйелерге арналған платалар мен корпустарды SMT және PRESS технологияларын қолдана отырып өндіру құқығына ие болады. Келісім автокомпоненттер өндірісін одан әрі өрістетуге, отандық мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал етпек.
Зауыт өкілдерінің айтуынша, енді елімізде шығарылатын «Hyundai» автомобильдері қазақ тіліндегі интерфейсті ұсына отырып, жергілікті пайдаланушылардың қажеттіліктеріне жақсырақ өтей бастайды. Ал 2025 жылы Алматыда «Kazakhstan Mobility Engineering»-те шығарылған қазақ интерфейсі бар мультимедиялық жүйелерді пайдаланатын мультибрендтік зауыт іске қосылады. Бұл жүйелер отандық автокөлік жүргізушілеріне технологияларды ана тілінде пайдалануға мүмкіндік береді.
«Kazakhstan Mobility Engineering» зауыты Алматыдағы аумағы 100 мың шаршы метр болатын индустриялық аймақта орналасқан, автокомпоненттер өндіретін «Astana Motors Engineering» технопаркінің бір бөлігі болып саналады. Өндірістік кешеннің құрылысына 15,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Құрылыс аяқталған соң технопарк аумағында тағы екі кәсіпорын ашылады, олар – автомобиль орындықтарын өндіретін зауыт және автомобильге, сондай-ақ логистикалық хабқа арналған пластика, резеңке бұйымдар өндіретін зауыт. Автомобиль орындықтарын жасайтын зауытты іске қосу биыл төртінші тоқсанға жоспарланған. Технопарктің өндірістік қуаттылығы жылына 100 мың жинақ болады деп күтіледі. Кластер территориясында 90-нан аса маман еңбек етеді, ал өндірістік кешеннің қызметкерлер штаты 400 адамға есептелген. Іске қосылғаннан кейін технопарк өнімдері «Hyundai Trans Kazakhstan» және еліміздің басқа да автомобиль зауыттарына жеткізіледі.