• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Басылым 02 Қараша, 2024

Ғалым мерейі

371 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Қазақ мем­лекет­ті­лігі: бастаулары, тарихи сабақтастығы және эволюция» ат­­ты халық­ара­лық ғылыми-теориялық конфе­рен­ц­ия өтті. Маз­­мұнды іс-шара тарих ғылымдарының докторы, профес­сор Сатай Сыздықовтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйым­дас­тырылды.

Түркі қағанатынан бас­тап, қарахан, қарлық, оғыз және қып­шақ­тардың тарихын індете зерттеп, тарих ғылымына сүбелі олжа салған ғалымның бүгінге дейін 20-дан аса моногра­фия­сы, 200-ге жуық ғылыми мақа­ласы жарық көрген. Әсі­ресе тарихшының «Қарлық-Қарахан мемлекетінің тарихы», «Қарқаралы-Қазылық», «Абай және ұлы дала тұлғаларының мұралары: өркениеттік сабақ­тастық» атты еңбектерін аузы дуалы ғалымдар жоғары бағалаған.

Конференция мерейтой иесін құттықтаумен басталды. Алдымен Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің өкілі министр Саясат Нұрбектің құт­тықтау хатын оқып берді. Одан кейін Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің рек­торы, академик Ерлан Сыдықов пен «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы ізгі лебіздерін білдірді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, профессор Еркін Әбіл Жошы ұлысының бос жерден пайда болмағанын айта келіп: «Оның негізін Түркі мем­­лекеттері қалады. Осы Түркі мемлекеттерін зерттеуге барлық саналы ғұмырын арнаған ғалымның бірі – Сатай Сыздықов. Сондықтан ұлттық санамызды қалыптастыратын осындай тағылымды іс-шараның ғылыми ғана емес, саяси да мәні бөлек», деп тарихшының тың ізденістеріне тоқталды. Іс-шараға алыстан ат арытып келген Тәжікстан ұлт­тық университетінің доценті Рахмоил Сафаров бастаған делегация өкілдері ғалымның Қарлық мемлекетінің тарихын зерттеген еңбегіне лайықты баға беріп, мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Ал конференция барысында ғалымдар пленаралық және секциялық мәжіліске бөлініп, байыпты баяндамалар жасады. Сондай-ақ іс-шара аясында Сатай Мақсұтұлының «Қазылық» атты төрт томдығы таныстырылды.