Демография – кез келген елдің дамуындағы маңызды, шешуші фактор. Мемлекеттің өсіп-өркендеуіне халық саны барынша ықпал етеді. ХХ ғасырдың басында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы жазбаларында сол кездегі халқымыздың саны 6 миллионға жеткені туралы мәлімет бар. Бірақ халықтың басына түскен түрлі нәубет – аштық, қуғын-сүргін, соғыс сынды сұрапыл оқиғалар қазақтың демографиялық өсімін тежеп, 6 миллионды 1,5 миллионға дейін азайтып жіберді. Ал ХХІ ғасырда 20 миллионға жеттік. Бағалай білсек, бұл да болса егемендіктің арқасы, ел тарихындағы ең басты жетістігіміздің бірі.
Егемендіктің елең-алаңында кедейшілік пен жұмыссыздық, экономикалық тұрақсыздық пен әлеуметтік шиеленіс шегіне жетіп, 90-жылдардың тоқырау кезеңіне тұспа-тұс келген еліміз оны да еппен еңсеріп шыққаны бүгінде баз біреулерге ертегідей көрінуі мүмкін. Азаттықтың алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінен бастап, мемлекет халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік қолдау шараларын бірден қолға алып, қордаланған түйткілдің түйінін шешуге кірісті. Халықтың мазасы қашқан сонау тұста негізгі заңда еліміз «әлеуметтік бағдарлы мемлекет» деп жарияланған еді. Осылайша, әлеуметтік бағытқа ерекше басымдық берілді. Оның аясында халықтың демографиялық ахуалы мен әл-ауқатын дамыту мақсатында мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық бағдары белгіленіп, еліміз нарықтық экономикаға сай әлеуметтік қолдаудың жаңа үлгісін жасауға бел буды.
– Соңғы 20 жылда еліміздегі демографиялық ахуал түбегейлі өзгерді. 1992 жылы басталған халық санының төмендеу үрдісі 2002 жылы аяқталды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында халық саны 1,6 миллионға азайды. Бұл келеңсіздік бірінші кезекте тұрғындардың кейбір бөлігінің тарихи отандарына оралуы, өтпелі кезеңдегі өлім-жітімнің көп болуы, туу көрсеткішінің төмендеуімен байланысты орын алды. 2002 жылдан бастап халық саны өсімнің тұрақты үрдісіне ие болды. Ең алдымен табиғи өсім есебінен, 2004 жылдан бастап көші-қон өсіміне байланысты қалыптасты. Қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдарында еліміздің халық саны жалпы 427 мың адамға немесе 2,6%-ға артты, – дейді демограф Әзімбай Ғали.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары күн тәртібіне қойылған аса маңызды мәселенің бірі этнодемографиялық ахуалды жақсарту болды. Осы жылдары Ақмола облысында – 24%, Көкшетау облысында – 33%, Қостанайда – 18%, Солтүстік Қазақстан облысында – 19%, Қарағанды облысында – 20%, Павлодар облысында 32% ғана қазақ өмір сүрді. Ел көлемінде демографиялық дағдарыс орын алды. Халық саны 1989-1999 жылдары 1,5 миллионнан астам адамға, яғни 8,2%-ға азайды. Сыртқа қоныс аударғандардың басым көпшілігі өздерінің байырғы тарихи отандарына оралғандар еді. Тек 1993-1998 жылдары 1 миллионнан астам шығыс славяндар (орыс, украин, белорус), 400 мыңға жуық неміс көшіп кетті.
Мұндай көші-қон толқыны ел тұрғындарының ұлттық құрамына әсер етіп, байырғы халықтың үлес салмағын өзгертті. Мысалы, қазақ халқы 50 жылдан кейін, 1999 жылы тұңғыш рет өз жерінде көпшілікке айналып, үлесі 53,4%-ға жетті. Осы үрдіс жалғаса келе 2007 жылдың басында қазақтар 9,1 миллионнан асып, үлесі 58,6% болды. Яғни 1989-2007 жылдары аралығында қазақтар үлесі 18,5%-ға өссе, орыстар үлесі – 11,8%, украиндар – 2,6%, немістер 4,4% төмендеді.
Тәуелсіздік жылдарындағы демографиялық дағдарыстың бір көрінісі – 1989 жылмен салыстырғанда, 1999 жылы халықтың жалпы саны 9,2%-ға қысқарып, қазақ саны 22,2% өсті. Бірақ халықтың жалпы саны азайып кетті. Нәтижесінде, сыртқы көші-қонның теріс сальдосы 1933,8 мың адамды құрады. Халықтың ең көп азаюы 1993-1995 жылдары байқалды, ол 1990 жылдардағы теріс сальдоның 44,7%-ын құрады.
– Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылғы 18 қарашада мемлекет тарапынан арнайы шешім қабылданып, сырттағы ағайындар атажұртқа оралды. 1991 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта елге 137 919 қазақ көшіп келді. Дегенмен түрлі себеппен кейінгі кезде көш бәсеңдеп қалды, – дейді демограф.
Ресми дерекке жүгінсек, Тәуелсіздіктің 30 жылында шеттен 1 079 192 қандасымыз оралған екен. Бұл еліміздегі қазақтардың 12%-ын құрап отыр. Мұның сыртында елімізде жүргізілген демографиялық саясаттың оң ықпалының арқасында, әсіресе, халықтың денсаулығын жақсарту, ана мен балаға көрсетілуге тиіс қамқорлық пен әлеуметтік жәрдемақының өсуі этнодемографияның шешуші рөлге ие болуына үлкен әсер етті. Нәтижесінде, 1999-2009 жылдары бала туудың жалпы коэффициенті 63,3%-ға өсті. Өлім-жітім 2,7%-ға төмендеп, табиғи өсім 10 жыл ішінде үш есе артты. Осындай қарқынды өсудің арқасында көбею көрсеткіштері 1990 жылғы деңгейге жетіп, елдегі демографиялық дағдарыс тез еңсерілді.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, қазіргі уақытта еліміздегі барлық халықтың саны – 20 033 842 адам; қалалықтар – 12 507 920; ауылдықтар – 7 525 922; ерлер – 9 783 814; әйелдер – 10 250 028. Ал этнос құрамы: қазақтар – 14 220 321 (71,0%); орыстар – 2 983 317 (14,9%); өзбектер – 6 605 64 (3,3%). Қазір еліміз халық саны жөнінен әлемде 64-орында тұр.
Мемлекет басшысы Жолдауында: «БҰҰ-ның еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген еді. Расында, еліміз тұрғындары 1991 жылмен салыстырғанда 12% көбейсе, осы аралықта өзбектер 59%, тәжіктер 68%, қырғыздар 43%, әзербайжан халқы 37% өсіпті. Қанша дегенмен жоғарыдағы демографиялық биік меже – республика халқы санының 20 миллионға жетуі, соның ішінде мемлекет құраушы ұлт – қазақтың ел аумағында санының басымдыққа ие болуы «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың зор жетістігі. Осы тұрғыда егемендік басымыздағы бағымыз ғана емес, қызғыштай қорғайтын алтын тәжіміз екенін әркез естен шығармауымыз керек.