• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 05 Қараша, 2024

6 млн тонна астық бастырылды бірақ бидайға сұраныс төмен

99 рет
көрсетілді

Қостанай облысы биыл 5 млн 973 мың тонна астық алды. Орташа түсім гектарына 14 центнерден келді. Ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген Сарыкөл, Ұзынкөл аудандары 1 гектар алқаптан 17 центнерден жоғары өнім алып отыр. Топырақ құнары төмен, ауа райы егіншілікке қолайсыздау оңтүстік аудандардағы көрсеткіш бұдан әлдеқайда аз. Мысалы, Жангелдин ауданындағы орташа шығым көлемі – гектарына 8 центнерге дейін ғана.

Бидайға сұраныс қандай?

Облыс аумағындағы 36 элеватор жергілікті шаруашы­лық­тан 1,2 млн тонна бидай қабыл­даған. Оның 57%-ы – 3-сұрыпты, 29%-ы – 4-сұрыпты, 10%-ы – 5-сұрыпты бидай. Алайда диірмендердің көбі былтыр жинап алған қорын әлі түгесе алмай отыр. Биылғы өнімді сатып алуға ыждағатсыз. Бидайға сұраныс төмен болғандықтан, бағасы да майлы, бұршақты дақылдардан әлдеқайда арзан. Құрғақшылық пен күзгі жауын-шашын салдарынан бірнеше жыл қатарынан дұрыс өнім ала алмай келіп, биыл маң­дай тері өтелгендей болған шаруаларды да осы бидай нарығындағы баға мәселесі алаңдатып отыр.

Кәнігі диқан Бауыржан Барсақбаев Қостанай ауданында 2 мың, Наурызым ауданында 3 мың гектар жерге дән егеді. Біріншісінен гектарына 20 центнерге дейін өнім алған. Наурызым ауданына қарасты Раздольный маңындағы алқабынан алған өнімі келесі жылғы тұқымдыққа да жетпейді. 

«Науырзым ауданындағы Буре­вес­т­ник, Раздольный, Өлең­ді ауылдарында кеш сепкен егін өспей қалды. Дұрыс өнім бер­ме­ді. Тіпті кейбір алқапқа комбайн кірген жоқ. Аурудан ба, әлде жаңбыр шайып кетті ме, масақта бидай жоқ. Баға болмай жатыр. Мысалы, мен арпаны Қостанайдан 300 шақырым қашықта жатқан Раздольныйдан таси­мын. Жүк көліктерінің қыз­меті қымбат, бір «КамАЗ» арпаны Қостанайға жеткізу үшін 60 мың теңге сұрайды. Мұнда бір тонна арпаға 45–46 мың теңге береді. Сондықтан бірден 4 көлік жалдаймын, соның біреуінің ақшасы жүк кө­лік­терінің қызметіне кетеді», дейді Б.Барсақбаев.

 

Диқандар қашанғы сандалады?

Шаруалардың айтуынша, биыл солтүстік аудандар жақсы өнім алға­ны­мен, бидайдың қа­мыр­­лылығы төмен – 18, 20, 22% шамасында. Өйткені жазда жаң­быр көп болып, күннің көзі дұрыс түспеген. Мемлекеттік стандарт бойынша 3-сұрыпты бидайдың қамырлылығы 23%-дан басталады. Бірақ 23%-ды диірмендер ешқашан 3-сұрыпты бидай деп сана­майды, оған 4-сұрыптың баға­сын береді. Диірменге қа­мыр­лылығы 25%-дан жоғары өнім керек.

«Осыдан 10–15 жыл бұрын «Азық-түлік келісімшарт кор­пора­циясы» бізден өте үлкен кө­лемде, миллиондап бидай сатып алатын. Бағасы да жақсы еді. Осылайша, өңірдегі бүкіл элеваторды жергілікті бидаймен толтырып тастайтын. Оны корпорацияның өзі экспорттайтын. Иран, Ауғанстан, Түркия, тіпті, Италияға дейін жіберетін. Қазір «Азық-түлік корпорациясы» нарықтан тыс қалған секілді. Мысалы, қазір өткен жылы күзде, биыл көктемде өздерінен қарызға ақша алған шаруалардың өнімін ғана сатып алып жатыр. Бұл көлем – өте аз, жалпы өнімнің 5%-ына да жетпейді. Канаданың және бірқатар Еуропа елдерінің шаруалары өнімін көлікке тиеп алып, біз секілді сорлап жүрмейді. Олардың басты міндеті – сапалы өнім өсіру. Біз сияқты өнімім өтпей қалады-ау деп бас ауыртпай­ды. Бидайы кез келген уақытта лайықты бағаға өтетініне сенімді. Біздің би­дайдың құны көк тиын. Өзімізден басқа ешкімге керегі жоқ. Қостанайдың өзінде екі тәулік жүріп арпамызды өткізе алмадық. Қаланың ана ше­тіне бір, мына шетіне бір барамыз, біреуі бағаны түсіреді, екіншісі ақшаңды кейін береміз дейді. Сондықтан жоғарғы жақ осының бәрін нарыққа итере бермей, мәселені реттеу жағын ойластыруы керек. Қанша дегенмен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек қой», дейді шаруалар.

 

Сапалы бидай да сатылмай тұр

Меңдіқара ауданындағы «Қар­қын» агрофирмасы да күзгі нау­қанды ойдағыдай аяқтады. Серіктестік бір гектардан 20 центнерден өнім алды. Өнімнің 60%-ы – 3-ші, қалғаны 4-сұрыпты. Яғни бидайы­ның басым бөлігі сапалы.

«Бірақ баға түсті. Сұраныс жоқ. Өзбекстан бидайды ғана алып жатыр, ұн өтпейді. Ал ұн экспортқа өтпесе, диірмендер біз­дің бидайды алмайды. Екін­ші­­ден, бидайды экспорттау да қиын болып тұр. Республика бойынша шамамен 26 млн тонна дәнді дақыл, оның ішінде 18 млн тонна бидай алатын шығармыз. Ал елімізде келесі жылға тұқым қал­дыруға, тұрақтандыру қо­рын толтыруға, халықты бір жыл­дық ұн өнімдерімен, нанмен қамтамасыз етуге 7 млн тонна бидай жетеді. Қалғанын сыртқа сату керек. Біреулер биыл біздің бидайды Қытай алады екен деп жатыр. Олар жылда аламыз дейді. Бірақ Қытайдың көп алғанын көрген жоқпын. Қазір ең сапалы деген 3-сұрыпты бидайдың бағасы 60–65 мың теңге. Сондықтан шаруашылықтардың көбі бидайын сата алмай отыр. Өйт­кені элеваторлар бидайдың қамырлылығын түсіріп, бағаны арзандатып жіберіп жатыр. 3-сұрыпқа 4-сұрыптың бағасын береді. Өткенде қамыр­лылығы 23% болатын 2 мың тонна бидай тапсырып едік, элеватор оны 22%-ға түсіріп тастады. Элеваторға барсаң, қа­мырлылықты 5-6 пункт­ке дейін түсіріп, ылғалды кө­бей­теді. Шаруалар осы мәсе­леге наразы. Элеваторлар жеке­нің меншігінде болған соң, оған ешкім ештеңе айта алмайды. Неге олай екенін білмеймін. Бұрын астық инспекциясы деген болушы еді, оны құртты. Қазір диірмен, элеваторларды ешкім тексермейді, ол дұрыс емес. Үкімет осы мәселені реттеп берсе игі. Элеватор жекенің меншігінде болса да, осы елде тұрғандықтан, бір тәртіпке бағынуы керек қой», дейді Қазақ­станның Еңбек Ері Сайран Бұқанов.

 

Шаруалар несиесін  жаба алмай отыр

Шаруалардың айтуынша, нарықтағы бидай бағасы 40, 50, 60 мың теңгеден аспайды. Сондықтан биыл рекордтық көр­сеткішке қол жеткізген шар­уа­­шылықтардың өзі асты­ғын ла­йық­ты бағамен өткі­зе алмай жатыр. Былтыр «Азық-түлік келі­сімшарт кор­пора­циясынан» форвардты сатып алу бо­йынша қарыз алған шаруалардың біразы әлі күнге дейін берешегін жаба алмаған. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма­сы­ның бас­шысы Ибрагим Бекмұхамедовтің айтуын­ша, бүгінде берешегі бар диқан­дар­­дың 50%-ы ғана борышын өтеген.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілермен күн­де­лікті жұмыс жүр­гізіп жа­тыр­мыз. Олар қарызын 1 қара­шаға дейін өтеуге тиіс. Мұның сыртында, былтыр 19 шар­уа­шылық тауарлық несие мер­зімін ұзартып пролонгация алған. Олардың 13%-ы ғана берешегінен құтылды. Қалған шаруашылықтар желтоқсанның біріне дейін қарызын өтейді деп үміттенеміз. Көбі қарызын бүгін-ертең өтеуді жос­парлап отыр. Шаруашылықтар берешектен биыл құтылуға тиіс. Мұны кәсіпкерлердің бәрі біледі. Егер талап орындалмаса, корпорация берген қарызын келісімшартта көрсетілгендей сот тәртібімен мәжбүрлі түрде өндіріп алады», дейді басқарма басшысы.

Был­тыр несие алған, жоға­ры­да аталған корпорация­мен ке­лісімшарт жа­сас­қан шар­уа­шылық өкілдері мәсе­ле­нің түйінін бидайдың бағасына әкеп тірейді.

«Корпорацияның осыдан бір ай бұрын берген бағасы жаман емес. Өте сапалы бидайға 100 мың теңгеден, орташа 3-сұрыпты бидайға 85 мың теңге, 4-сұрыпқа 75 мың теңге берді. Бірақ қазір бұл бағамен ешкім алып жатқан жоқ. Нарықтағы баға 50–60 мың теңге. Корпорация жазғытұрым шаруаларға 40 млрд теңге көлемінде несие үлестірген. Енді соны жабу бізге қиынға соғып отыр. Өйткені бидай алып жатқан элеватор жоқ, элеваторды ба­қы­лап жатқан адам жоқ. Апарған 3-сұрыпты бидайды 4-ші, 4-сұрыпты бидайды 5-сұрып қып жібереді. Таяуда Қостанайда Мәжілістің Аграрлық мәселелер комите­ті­нің отырысы өтті. Осы жиында да біраз мәселе көтерілді. Тасымалдау мәселесі сөз болды. Бірақ әлі нақты шешім жоқ. Элеваторлар бидай қабыл­да­майд­ы. Кейбір жекен­мен­шік элеваторлар корпорациямен мүлде жұмыс істегісі келмейді. Биыл майлы дақылдардың да түсімі жоғары болды. Бірақ оны да нарықта сатып алып жатқан адам жоқ. Мысалы, Ресейде күнбағыстың 1 тоннасы 45 рубльге бағаланады. Біздің валютамен 210–215 мың теңге. Бірақ біз күнбағысты не Ресейге, не Қытайға шығара алмаймыз. Себебі отандық күнбағыстың тоннасын 100 еуроға бағалап қойған квота бар. 100 еуроңыз – 52–55 мың теңге. Сонда біздің күнбағыс 150 мың теңгеге арзан болып шығады. Қазір бізде май зауыты күнбағысты 140–150 теңгеден қабылдап жатыр. Оның өзі көп мөлшерде қабылдай алмайды, өйткені мол шикізат сатып алатын қаражаты жоқ», дейді Меңдіқара ауданындағы «Азат» ЖШС басшысы Марат Ахметов.

 

Мемлекет берешегін қашан өтейді?

Шаруалар Аграрлық мәсе­ле­­лер комитеті өкілдеріне арнайы комиссия шы­ғаруды, ол комис­сия элеваторлар боса­­ғанша шар­уа­шылық қойма­ларында жат­­қан бидайдың сапасын анықтап, қол­хат арқылы қойманы құлып­тап қоюды сұраған. Комитет өкіл­дері бұл ұсы­нысты қолдаған сыңай та­ныт­­қаны­мен, әлі нақты нәти­же жоқ.

«Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Биыл тәубе, егінді бәріміз жинап алдық. Мем­лекет берген арзан жанармай жеткілікті болды. Мемлекет кептіргіштерге де субсидия берді. Біз өзіміз 4-5 мың тонна майлы, дәнді дақы­лымызды осы құрылғылармен кеп­тірдік. Бірақ өнім көп, сапа төмен. Бидайдың 65–70%-ы сапалы дегенді естіп қалып жатырмыз. Бұл дұрыс ақ­парат емес. Өйткені өзіміз өндіріп жатырмыз ғой, біздің Меңдіқара өңірінде би­дайдың 30%-ы сапалы, қалғаны – 4-ші, 5-сұрып», дейді М.Ахметов.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шаруалар берешек мер­зімін желтоқсан айына дейін ұзартуды сұрайды. Мұның сыр­тында, өңірде 9 түрлі мем­ле­кет­тік бағдарламаға қа­тысқан шаруа­шы­лық­тар өздеріне тиесілі субсидия қар­жысын біраз уақыттан бері ала алмай отыр. Яғни мем­­ле­кеттің облыс шаруа­шы­лық­тарына 45 млрд теңге көлемінде берешегі бар.

«Субсидия мәлесесі бойынша Ауыл шаруашылығы министр­лігімен тұ­рақ­ты байланыс жасап отырмыз. Әйт­кен­мен тиесілі қаржының нақты қашан түсе­тіні әзірге белгісіз», дейді Ибрагим Бекмұхамедов.

 

Қостанай облысы