• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қараша, 2024

Шағын жинақты білім ордасы ашылды

70 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компания­сы салған шағын жинақты мектеп пайдалануға берілді.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов, КПО бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев, мердігерлер мен тұрғындар қатысты.

КПО бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев Жарсуат ауылының тұр­ғындарын жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттық­тап, бар­лық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған жаңа мектепте оқушылардың білім алуы­на қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда балалардың ауылда да, қалада да сапалы білім мен тәрбие алуға тең жағдай жасау қажеттігін бірнеше рет атап өткен еді. Бүгінгі іс-шара соның бір дәлелі десек болады.

Жаңа мектеп барлық талапқа сай салынып, балалардың сапалы білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалған. Жоба бойынша мектепте 108 оқушы білім алуға тиіс. Нысан оқу, сондай-ақ спорт және мәжіліс залы бар корпустан тұрады. Мектепте қажетті оқу құрал-жабдықтары мен кабинеттер, соның ішінде мәжіліс залы, бөлек салынған жуыну және әжетханасы бар спорт залы, қазіргі заманға сай асхана мен әкімшілік бөлмелері орналасқан. Жоба аясында шағын жинақты мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ШАФ орнатылды. Сонымен қатар оқушыларға арнап спорт алаңы мен жүгіру жолы жасалған.

Айта кетейік, ӨБТК бойынша әлеуметтік міндеттемелер шеңберінде «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы жыл сайын жер­гілікті билік органдарымен бір­лесіп, көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып келеді.