• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2024

Депутат квадробер мәселесі туралы дабыл қақты

159 рет
көрсетілді

Шетелдерде белең алып, елімізге де ене бастаған квадробер деп аталатын субмәдениет туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Депутаттың айтуынша квадроберлер дегеніміз – адам болудан бас тартып, итше, мысықша дыбыстап, күнделікті өмірде жануарларға ұқсап төрт аяқтап немесе жануар кейпіндегі бетпердемен жүретін адамдар. Олар сыртқы кейпін өзгертіп қана қоймай, иттер секілді адамдарға шабуылдаған, яғни, тырнау, тістеу фактілері кездескен. Бұндай оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгеріпті. Бұндайды балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізіп, шектен шығып барады. Бұл – балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер.

«Батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарған. Осы субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар, квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылып жатыр», деді Мәжілісмен.  

Дәулет Төлеутайұлының сөзінше, ең қорқыныштысы – балалар аталған ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді.

«Біз алдын алмасақ, ұрпақтан айырылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процесі алға шықты», деді ол.

Мәжіліс депутатының айтынша әлем елдері дабыл қағып, балаларға ерекше көңіл бөлуге шақырып отыр. Балалардың оған қызығушылығы байқалса, ата-аналарға дереу әрекет етуді ескертіп жатыр.

«Бұл ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның және мемлекеттің назар аударарлық мәселесі. Бүгінде Ресейде заң қабылдау талқыланса, Өзбекстанда ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесі қолға алынған. Аталған мәселеге әлеуметтік және құқықтық тосқауыл жасап, әлеуметтік желілерді қатаң бақылауымыз қажет. Мұндай әлеуметтік трендтер жылдам етек алуына байланысты, шұғыл әрекеттерді талап етеді. Балаларымыздың болашағы мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы керек. Біздің елде де құзырды органдар аталған мәселені жан-жақты зерттеп, алдын-алу шаралары бойынша кешенді шаралар қабылдауы тиіс», деп түйіндеген депутат сауалына жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуды сұрады.