«Қазгидромет» РМК 6-7 қараша күндері қатты жел соғатынын мәлімдеді. Осыған байланысты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті елордалықтарды сақ болуға шақырды, деп жазады Egemen.kz.
Осы күндері оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 23-28 м/с, кей уақыттарда 30 м/с болады деп болжанып отыр.
Астана қаласы ТЖД қатты жел кезінде жарақат алмау үшін азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынды: - Ғимараттардан шығуға асықпаңыз (мүмкіндігінше үй-жайларда болыңыз); - Балаларды ерекше бақылауға алыңыз және оларды қараусыз қалдырмаңыз; - Егер қатты жел кезінде сыртта болсаңыз, жақын маңдағы кіреберісті немесе дүкенді паналаңыз; - Үйлердің қабырғаларына жақын жерде қатты желден жасырынбаңыз, өйткені шатыр материалдары құлап кетуі мүмкін; - Қоғамдық көліктің ашық аялдамаларында, билбордтардың астында, ағаштарда, құрылысы аяқталмаған ғимараттарда жасырынуға болмайды; - Қатты жел кезінде электр желісінің астында тұрып, үзілген электр сымдарына жақындау өте қауіпті; - Жеке автокөлікті ағаштардан қауіпсіз қашықтықта қою ұсынылады.
Төтенше жағдай болған кезде 101 және 112 нөміріне хабарласу қажет.