• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Шахмат 07 Қараша, 2024

Шаршы тақтадағы «шайқас»

53 рет
көрсетілді

Ақыл мен ой, ми мен жүрек қуаты таразыға түсетін спорт ойындарының төресі – шахмат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде есімдерін әлем жұртшылығы жақсы білетін Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева сынды шаршы тақта шеберлерімен кездесуінде елімізде шахматпен шындап шұғылданатындардың саны 200 мыңнан асатынын, бұл көрсеткіш кемінде екі есе артуға тиіс екенін тілге тиек ете келіп, аталған спорт түрін алдағы уақытта мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде енгізген дұрыс деген еді.

Президенттің осы игі бастамасы өңірде облыстық шахмат феде­рациясынан тыс, жеке­ле­ген кәсіпкерлер тарапынан да қол­дау тауып жатқаны қуан­тады. Мәселен, таяуда астатөк ас­тығымен әйгілі Меңдіқара ауданына қарасты Харьков ауылында жылдам шахматтан Қазақстанның Еңбек ері Сайран Бұқановтың кубогі өтті. Сайран Балкенұлының өзі демеушілік еткен ашық турнирге астаналық Нұрлан Ыбыраев, қостанайлық Петр Костенко сынды халықаралық дәрежедегі кәсіби шахмат шеберлері де қатысты. Екеуі де – ФИДЕ гроссмейстері. Ку­боктан үміткер 60 адамның үл­кені – 85 жастағы Асхат Зәкіров ақ­сақал, ең кішісі – сегіз жастағы жас талапкер Аңсар Демесінов.

Аядай ауылдағы үлкен шахмат мерекесінің ашылу рәсіміне аудан әкімі, облыстық шахмат федерациясының өкілдері арнайы келіп, ауыл спортын дамытуға үзбей қолдау көрсетіп келе жатқан еңбек қаһарманына алғыс айтты. Сайран Балкенұлы өз сөзінде спортшыларға сәттілік тілей келіп, аталған спорттық іс-шараның ел өмірінде алатын маңызы зор екеніне тоқталды.

«Президент спортты дамыту мәселесін жиі айтып, көптеген тапсырма беріп жатыр. Спорт төменнен, осы біздің Харьков сияқты шағын ауылдардан бас­талуы керек. Қазір үлкен спортқа үлкен қаржы жұмсалып жатыр. Ал ауыл спорты, өкінішке қарай, көбіне көңілден таса қалып қояды. Бұл турнирдің бас­ты мақсаты – қалталы азамат­тарды, ірі кәсіпорын басшыларын ауыл спортын дамытуға үндеу. Мен бүгін өз атымнан шахмат кубогін өткізсем, ертең басқа бір кәсіпкер өз ауылында қазақ күресін, екіншісі бокстан жарыс ұйымдастырып жатса, нелері кетеді. Аудан басшылары осыған баса назар аударуы керек. Биыл Президент айтқандай, 200 мектепке шахмат сабағын енгізеді. Бара-бара барлық мектепте шахмат пәні оқытылып, жаттықтырушыға арнайы жүк­теме беріледі. Кәсіпкерлер осы шаруаның ойдағыдай іске асуына атсалысып, жәрдемдесуі керек», деді кәнігі диқан.

Турнирдің жүлде қоры 2 млн теңгеден асады. Жарыс қоры­тындысында астаналық гроссмейстер Нұрлан Ыбыраев 500 мың теңге сыйақы тағайындалған бас жүлдені ұтып алып, кубок иегері атанды. 9 мүмкіндіктен 8 ұпай жинаған шахмат шебері Шыңғысхан Саржановтың да ойын мәнері ерекше екен. Алай­да Шыңғысхан бір ғана ұпай айыр­машылығымен екінші орын­ға тұрақтады. Үшінші орын – қос­танайлық гроссмейстер Петр Костенконың еншісінде. Төр­тінші, бесінші орын алған Павел Дубровин мен Алмат Сер­ғазиновқа да ақшалай сыйлық табыс етілді.

Әйелдер арасында өткен шахмат сайысында Сәуле Саркинаға қарсы қауқар танытар жан табылмады. 12 жасқа дейінгі балалар арасында Иман Нәбиев, Родион Филиппов, Әләзиз Смағұлов сынды жас шахматшылар жүлделі орындарды бөлісті. Ал 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасынан Жанәлі Ізбасар, Аян Өмірханов, Бағдат Тұқатовтар озып шықты. Сонымен қатар, озық ойын өр­негімен ерекшеленген үш талап­кер Меңдіқара ауданының үздік шах­матшысы сыйлығына ие болды.

«Сайран Балкенұлы өзге кә­сіпкерлерге өнеге боларлық жол көрсетті. Турнир өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Мұн­дай сыйлығы қомақты жарыстар облыс орталығының өзінде жиі бола бермейді. Қаншама адамды жарысты ұйымдастырушының өзі тамақтандырып, жақсы жағдай жасап қойған. Жарысқа қатысқан балалардың да талабы жақсы. Ең жоғарғы нәтиже көрсеткен Ма­хаббат Есілова есімді қыз бала болашағынан үлкен үміт күттіреді. Сондай-ақ Қуаныш Байғазинов, Қуаныш Бұқанов, Медина Мол­дахметова тәрізді жас дарындар өзіндік ойын өрнегі бар екенін танытты», дейді облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Павел Русанов.

Айтулы турнирден қарттар да қалыс қалмады. Ардагерлер ара­сында құрметті кубокті жеңіп алған Владимир Ещенкоға 200 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Зейнеткер Валерий Ни­колаев екінші орынды енші­лесе, Валерий Пилиппенко үшін­­ші орынды қанағат тұтты. Жүлдегерлердің бәрі ескерткіш ме­даль­дармен, қаржылай сый­лық­тармен марапатталды.

 

Қостанай облысы,

Меңдіқара ауданы,

Харьков ауылы