• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 06 Қараша, 2024

Түркістан түлегі Гарвардта оқып жүр

87 рет
көрсетілді

Біздің заман – білімге сенетін заман. Түркістанның тумасы Әсел Амангелді де осы ұстанымға берік. Ол бака­лавриат бағдар­ла­масын Назар­­баев университетінде аяқтап, қазір әлемнің үздік оқу орын­­да­рының бірі Гарвардта грант негізінде білім алып жатыр.

Әселдің оқушы ке­зін­­дегі басты арма­ны Назарбаев уни­вер­ситеті­не оқуға түсу болған. Оның айтуын­ша, осы мақсаты үнемі алға жетелеп, күш беріп отыр­ған.

«Әуелі NU-мен виртуалды тур арқылы танысып, шетелге бармай-ақ әлемдік дең­гейдегі білімді алуға болатынын түсіндім. Бұрын бұл мүм­кіндіктен хабарсыз едім. 2016 жылы барлық емтиханды сәтті тапсырып, «Foundation» бағ­дарламасына қабылдандым. Университеттегі әрбір күнім жаңа білім мен жаңалыққа толы болды. Онда сабақ берген профессорларым менің дамуыма үлкен әсер етті», дейді ол.

Әселдің сөзінше, университет білім алуына ғана емес, жеке тұл­­ға ретінде қалыптасуына да ық­пал еткен. Сондай-ақ жоғары оқу орнындағы белсенді өмір көш­­басшылық қабілеттері мен өзі­не деген сенімділігін арттыра түс­­кен. Ол «Nomad» дебат клубы­на қатысып, сыни тұрғыдан ой­лау­ды, ойын анық жеткізуді, өз пікі­рін сенімді қорғауды үй­рен­ген.

«Назарбаев универ­си­те­тіндегі студенттік өмірім маз­мұнды әрі әсерлі болды. Елі­міз­дің әр өңірінен келген талпынысы мықты жастармен араласып, оларды өзіме үлгі тұттым. Осы жерден ең жақын достарымды таптым. Университетте қолдау көп болды. Мен толықтай грант негізінде білім алып, шәкіртақы алдым, бұл да демеу. Сонымен қатар көпбалалы отбасынан шық­­­қан­дық­тан, қосымша жеңіл­дік болды. Мысалы, бірінші оқу жы­лында тегін тамақтану ұсы­ныл­ды, сондай-ақ бес жыл бойы жайлы жатақханада тегін тұр­дым. Бұндай қолдау оқуға көңіл бө­луіме мүмкіндік берді. NU-ды бітіргеннен кейін бір­ден е­л­ші­­лікке жұмысқа қа­был­да­нып, тәжірибе жинадым», дейді Әсел.

Назарбаев университетін­де­ математика ғылымынан бака­лавр дәреже­сін алған ол қазір білімін Аме­­­­ри­када «Education Leadership, Organizations, and Entrepreneurship» бағдарламасы бо­йын­ша жалғастырып жатыр. «Бү­гінгі таңда Гарвардта оқып жа­тырмын. Осыған дейінгі алған білі­мім, NU-дағы тәжірибем болмаса, маған мұнда оқу қиын болатын еді», дейді ол.

Әселдің айтуынша, Аме­рикада гранттың екі түрі бар: «Need based пен merit based. Need based» – оқуға қаражаты жартылай жетпей тұрған адам­дарға берілетін мүмкіндік. Өйткені онда оқудың 30–50 па­йызы өтеледі. «Merit based» – адамның жеке жетістіктері мен қабілетіне байланысты беріледі. Мұндай грантты алатындар аз, себебі көптеген үміт­кердің арасында тек үздіктер таң­далады. «Сондықтан балаңыз Аме­рикада оқысын десеңіз, оны 6–7 сыныптап бастап даярлау қажет. Ағылшын тілі деңгейі де өте мықты болуы керек, басқа ел­дерге қарағанда Америка жо­ғары ұпай талап етеді», дейді ол.

Әдетте шетке кеткендер елге оралғысы келмей жатады. Бірақ Әсел Гарвардты аяқтағаннан кейін туған жеріне келіп, өз мек­тебін ашуды әрі еліміздегі ауыл­дық жерлердегі білім сапасын жақ­сартуды жоспарлап отыр.

«Болашақта білім саласын басқарумен айналысқым келеді. Гарвардта оқудағы мақсатым – өзім құрған ағылшын тілі мектебінің деңгейін көтеру, оған жаңашылдық енгізу. Осында оқып жүріп, еліміздегі білім саласында қандай мәселелер барын жақсы түсініп жатырмын. Әртүрлі жағдайлар­ды зерттей отырып, еліміздегі білім жүйесіне жаңаша көз­қараспен қарауға мүмкін­­дік алдым. Көптеген ой келді, сол тә­жірибемді енгізсем дей­мін. Мен «Болашақ» стипендиясының иегері емеспін. Маған Гарвард грант берді. Бірақ туған еліме деген сүйіспеншілікпен, мені тәрбиелеген университет, мек­тепке деген алғысыммен білімімді елімнің дамуына арнауды өзімнің борышым деп білемін», дейді Гарвард студенті.

Әселдің арманы – еліміздегі білім саласын жаңғырту. Ол ауылдағы дарынды балалар­дың сапалы білімге қол жеткізуі қиын екеніне қынжылады. Оның айтуынша, ауыл балалары­ның көбі үлкен мақсатқа жетуге, жоғары оқу орындарына түсуге құлшынғанымен, қажетті жағдай мен қолдауға ие бола бермейді. Қаладағы замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алмайды. Сондықтан Әсел Гарвардта алған білімін, әлемдік тәжірибесін қолдана отырып, ауылдағы талантты балаларға қолдау көр­се­туге, олардың сапалы білім алуы үшін жаңа мүмкіндік жасауға ниетті. Әселдің пайым­дауын­ша, білім – әр бала үшін жарқын болашаққа апарар жол. Ол әлеуметтік жағдайы мен тұр­ғы­лықты мекеніне қара­мас­тан бәріне қолжетімді болуға тиіс.

«Менде сапалы білім бәріне қолжетімді болады деген сенім бар. Себебі әрқайсысымыз­дың өмірімізді өзгертуге, өз әлеуетімізді жүзеге асыруға құқымыз бар. Арыстан шығып Гарвардқа түсуім – сапалы білімнің арқасы. Бірақ менің ауылдағы құрдастарымның бәрінде ондай мүмкіндік жоқ. Өкінішке қарай, еліміздегі білім саласында теңсіздік бар. Әсіресе тұрмысы төмен отбасылардан немесе ауылдан шыққан балаларды қолдау аз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларды қосымша сабақтарға, қымбат курстарға қатыса алмайды. Көп­теген студент осындай отбасылардан шыққандықтан, оқып жүріп жұмыс істеуге мәжбүр, олар үй шаруасына, өзі­нен кішілерге қарайды. Мұндай тұрмыстық мәселелер олардың дамуына кері әсерін тигізеді, тіпті емтиханға дайын­да­луға уақыты қалмайды. Сал­да­рынан ҰБТ-дан төмен балл алып, тілдерді үйренуге үл­гер­мей, жақсы оқу орындарына түсе алмай қалады. Ал жоғары білім дегеніміз – әлеуметтік және экономикалық жағдайды жақ­­­сар­туға берілген мүмкіндік. Егер әр бала сапалы білім алуға мүм­­кін­дік алса, онда ол өз өмірін ғана емес, елдің де болашағын жар­қын ете алады», дейді Ә.Амангелді.

Әсел үшін білім – та­бысқа жетудің құралы ғана емес, өмір­ді, қоғамды, тіпті бүкіл ұлт­тың бо­лашағын өзгертуге мүм­кіндік беретін күш. Еліміздің шал­ғай ауылынан Гарвардқа дейінгі жолды жүріп өткен ол білім­дегі теңсіздікке өзі де куә бол­ған. Бірақ осы жолда кездес­кен қиындық оны шыңдап, өмір­лік мақсатына жетелей түсті.