Қарашаның басында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Сөгеті ауылдық округі аумағында вольфрамды қайта өңдейтін еліміздегі алғашқы зауыт іске қосылды. Зауыттың іске қосылуы – тау-кен өндірісінің дамуы жолындағы үлкен қадам әрі еліміздің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы айрықша бастама. Тарихи оқиға еліміздің әлемдік сирек металдар нарығындағы орнын нығайтумен қатар, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен өңдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Жобаны толықтай Гонконгте орналасқан «Jiaxin International Resources Investment Ltd» компаниясы қаржыландырған. Зауыт жылына 3,3 млн тонна кен өңдейді. Жалпы құны – 300 млн доллар.
«Бәріңізді екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде іске асырылып отырған «Вольфрам кендерін өндіру және қайта өңдеу зауытының» ашылуымен құттықтаймын. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы – ауданымызда жаңа жұмыс орны ашылып, экономика дамып, әлеуметтік тұрақтылық нығаяды дегенді білдіреді. Мемлекеттің шетел инвесторларын қолдауы нәтижесінде ауданымызға 2024 жылдың 9 айында 84 млрд теңге көлемінде (2023 жылы 9 айда 62 млрд теңге тартылған) инвестиция тартылды. Отандық бизнестің шетел инвесторларына сенімді серіктес болуына барлық жағдай жасалып отыр. Кәсіпорын аймағымыздың әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен үлес қосады деп сенемін», деді аудан әкімі Талғат Байеділов.
Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында бойынша шағын және орта кәсіпорын саны 26 мың бірлікті құрап, 40 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтыды. Оның ішінде 106 бірлік өнеркәсіп орыны жұмыс жүргізіп, өнеркәсіп көлемі биылғы 9 айда 72 млрд теңгені құрады.
Жаңа зауыт халықаралық экологиялық және өндірістік стандарттарды ескере отырып жұмыс істейді. Қазіргі уақытта зауыттың негізгі нысандары – шлам сақтау орындары мен тау-кен байыту фабрикасы 60 пайызға, сыртқы су тарту жұмыстары 85 пайызға, сыртқы электрмен жабдықтау 100 пайызға және ішкі электрмен жабдықтау 90 пайызға аяқталған. Бұл көрсеткіштер жобаның техникалық және өндірістік үдерісінің жоғары сапада іске асырылып жатқанын дәлелдейді. Тарихи жобаны «Арал Кеген» ЖШС басқарады, ал оның акционерлері халықаралық холдинг «Jiaxin International Resources Investment Ltd.» құрамына кіреді, оған «Jiangxi Copper Corporation», «China Railway Construction Company», «China Civil Engineering Construction Company» және «Ever Trillion International Singapore PTE LTD» компаниялары қосылған.
Алдағы уақытта вольфрам мөлшерін 88,5 пайызға дейін жеткізу, жоғары тазалықтағы вольфрам карбидін шығару мақсатында терең қайта өңдеу кешенін салу жоспарланған. Бұл кезеңге арналған инвестиция көлемі – 150 млн доллар.
Зауыттың ашылуы еліміздің тау-кен өнеркәсібінде жаңа кезеңді бастайды. Қазір әлемде вольфрамға сұраныс артқан сайын, оның өндірілуі мен өңделуі де ерекше маңызға ие болып тұр. Біздің ел бұл жобамен тек өзінің табиғи ресурстарын тиімді пайдалануды көздеп қана қоймай, әлемдік нарықта жетекші орынға шығуды да жоспарлайды.
Алматы облысы