Шәкәрім университеті «QS Stars» рейтингінің қорытындысы бойынша 4 жұлдызды иеленіп, халықаралық беделі нығайды. Сөйтіп, аталған оқу орны «QS Asia University Rankings 2025» рейтингінде өз орнын айқындап, бірден 100 сатыға жоғарылап, Азиядағы 984 университеттің ішінде 501-520 орындарына тұрақтады.
Бұл жетістік университеттегі білім беру бағдарламасының жоғары деңгейін көрсетіп, халықаралық стандарттарға сай болуға және стратегиялық өзгерістер бағытын ілгерілете түсті.
«QS Stars» халықаралық жүйесіндегі Шәкәрім университетінің «жұлдызды» көрсеткіші – аталған оқу орны стандартының бес негізгі бағыт бойынша сапалы екенін айшықтады. Ең жоғары 5 жұлдыз «Білім беру», «Жұмыспен қамту», «Басқару», «Әлеуметтік ықпал» және «Күшті бағдарлама» сияқты категориялар бойынша берілген. Мұндағы «Күшті бағдарлама» «химия-биология» білім беру бағдарламасына қатысты. Сонымен қатар «Инфрақұрылым», «Әртүрлілік, теңдік және инклюзивтілік», «Академиялық даму» және «Интернационалдандыру» бағыты бойынша да 4 жұлдызға ие болды. Жоғары бәсекелестік жағдайында бұл деңгейге жету – университеттің білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық байланыстарды нығайту бойынша жүзеге асырған дәйекті стратегиясының нәтижесі.
Қазір жоғары оқу орнында оқытушылар құрамының 37 пайызын құрайтын жас кадрларды дамытуға бағытталған игілікті жұмыстар атқарылып жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, көңіл қуантар көрсеткіш – Шәкәрім университетінің білім беру және ғылыми бастамаларды қолдау мен іске асырудың нақты платформасы болып отыр.