Есік қаласының шетіндегі саяжай балалары енді алыстағы мектептерге тасымалданып, әуре-сарсаңға түспейді. Күні кеше Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрікті аулынан жалпы аумағы 2 гектар жерге орналасқан үш қабатты, типтік жобалық қуаттылығы 1500 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бұл биылғы оқу жылында инвесторлар тарапынан салынған облыстағы үшінші мектеп екенін еске салу артық етпес. Осы күні облыста 447 мектеп жұмыс істеп, онда 340 мыңнан астам оқушы білім алып отыр.
«Kapital Construction» компаниясы тарапынан салынған «Altyn adam» инновациялық мектебінің ашылу салтанатына саяжай тұрғындары мен ұстаздар, жаңа мектеп табалдырығын аттаған оқушылар қуана қатысты.
«Өңірдегі үш ауысымды мектеп проблемасын шешуде жеке инвесторлар азаматтық танытып, балаларға жаңа білім ордасын салып беріп отыр. «Kapital Construction» компаниясы биыл жыл басында Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақжол саяжай аумағынан дәл осындай зәулім де жайлы 1500 орындық мектеп салып, жерлестерімізді қуанышқа бөлеген еді. Сол арқылы үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген. Енді, міне, жаңа мектепке үш ауысымда оқытатын №1 Рахат орта мектебінің балалары ауысып, аталған білім ордасындағы жүктемені азайтатын болады», деген Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызы жаңа мектеп жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, балалардың білім көкжиегі кеңеюіне тілектестігін білдірді.
Жиында «Kapital Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, мектеп құрылтайшысы Ринат Төренияз мектеп құрылысына атсалысқан еңбек ұжымына алғысын білдіре келіп, жаңа мектепте оқитын оқушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ «Altyn adam» инновациялық мектебінің директоры Ботакөз Бөрібайқызына мектеп кілтін табыс етті.
«Мектебіміз – құндылықтарға негізделген инновациялық тәжірибе енгізу арқылы, әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыратын білім беру ортасын құруды көздейді. Мектепте білім алу тегін. Сабақтан тыс уақытта шахмат, тоғызқұмалақ, бокс, қазақша күрес сынды спорт түрлерімен қоса, қыш, мүсін өнерін меңгерту үйірмелері тегін жүргізілетін болады. Мектеп толығымен материалдық базамен жабдықталып, білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Мектепте роботтехника, стем лабораториялар, олимпиадаға дайындық топтары, «IELTS», «SAT» дайындық курстары, проблемаға бағытталған оқу жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін тамақтанатын болады», деді мектеп директоры Б.Шәрібек.
Еңселі мектепте II тоқсанды 800-ден астам оқушы бастап кетті. Бір ауысымда 1500 бала оқуға мүмкіндігі бар инновациялық мектепке әлі де бала қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр.
Алматы облысы