• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қараша, 2024

Аккредиттеу ережелері сөз бостандығы құқығын шектемейді - Сот

74 рет
көрсетілді

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты 12 журналистің ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің төменде көрсетілген бөліктерін заңға қайшы және жарамсыз деп тану туралы талап қою бойынша істі қарады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Істің мән-жайларынан 2024 жылғы 20 тамызда журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидалары бекітілгені, олар қол қойылған сәттен бастап қолданысқа енгізілгені көрсетілген. Талапкерлер бұйрық әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден бұрын және ресми жарияланғаннан бұрын заңсыз қолданысқа енгізілген деп санайды. Үлгілік қағидаларда аккредиттелген журналистің міндеттерінің тізбесі көзделген, оның ішінде аккредиттеуге тиісті өтініш келіп түскен БАҚ-та ғана тарату мүмкіндігі туралы көрсетілген. Осы талаптарды екі немесе одан да көп рет бұзу журналисті тұрақты аккредиттеуден айыруға әкеп соғады», делінген хабарламада. 

Талапкерлердің пікірінше, Үлгілік қағидалардың аталған тармақтары басқа БАҚ-та, онлайн-платформаларда, әріптестерімен, достарымен әңгімелесулерде (чаттарда) ақпарат таратуға байланысты сөз бостандығына құқықты шектейді.

Министрлік шолуда белгілі бір БАҚ-пен еңбек қатынасында тұратын аккредиттелген журналист олардан аккредитация ала отырып, еңбек міндеттерін атқаратынын көрсетті. Тиісінше, бірнеше БАҚ-та жарияланатын болса, олардың әрқайсысынан аккредитация алуы керек.

 Сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.

«Сот қорытындылары аккредиттеу қағидалары сөз бостандығына конституциялық құқықты шектемейді, тек аккредиттелген журналистердің ақпарат алу және тарату тәртібін реттейді. Бұл «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 28-бабына сәйкес Министрліктің тиісті құзыретімен бекітілген», деп хабарлады сот.

Осылайша, аталған бапта уәкілетті орган журналистерді аккредиттеудің үлгілік қағидаларын бекітетіні анықталды.

Сонымен қатар, аккредиттеу рәсімі барлық БАҚ журналистеріне тең шарттарда ақпарат беруге бағытталған. 

«Талап қоюдың екінші бөлігі бойынша «Құқықтық актілер туралы» Заңның 42-бабына сәйкес министрлердің нормативтік құқықтық бұйрықтары, егер құқықтық актінің өзінде өзгеше көзделмесе, олар алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.  Аталған қағидалар 2024 жылғы 20 тамызда бекітілді – яғни «Құқықтық актілер туралы» Заңның нормаларына сәйкес қолданысқа енгізудің өзге мерзімі белгіленген», деп жазды соттың баспасөз қызметі.

Осы Қағидаларды ресми жарияланғанға дейін қолданысқа енгізу талапкерлердің құқықтарын бұзбайды және нормативтік құқықтық актінің жарамсыздығына әкеп соқпайды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.