Павлодар облысының елді мекендерінде кәдімгі үй тышқаны шамадан тыс көбейіп кеткен. Қоражайдан бөлек үйлерде де қаптап, тұрғындардың мазасын алып тұр. Жұртшылық кеміргіштердің адамнан қорықпайтынын, аулада асыр салып жүретінін жиі сөз етеді.
Кеміргіштердің қаптап кеткеніне, әсіресе Ертіс, Железин, Май, Тереңкөл, Павлодар аудандарының халқы алаңдап отыр. Ауыл адамдары қақпан, тұзақ құрып, аулап баққанымен, саны одан сайын өсіп жатыр. Железин ауданындағы «Веселая роща» ауылының тұрғыны Аманжол Хамиттің айтуынша, кеміргіш жануардың күрт көбеюі биылғы қыркүйек айынан біліне бастаған.
– Үйімізде тышқан көбейіп кетті. Тұзақ құрып, қаншамасын ұстап, жойып жатсақ та азаяр емес. Қазір ауыл ішіндегі көшенің өзінде тышқандар ойнақ салып жүреді. Мысықтар әбден тойынып, аулағысы да келмейтіні байқалады. Бұл жағдай үйінде қысқа азық ұстайтын адамдарға, қоймасында астық сақтайтын фермерлерге қиын соғатын түрі бар. Жағдай бұлай жалғаса беретін болса, өңірде эпидемиологиялық жағдай ушығып, жұқпалы дерт таралуы да мүмкін. Оның соңы жақсы болмайды. Тышқандардың әдеттен тыс қаптап кетуін өмірімде бірінші рет ұшырастырып отырмын. Орыс халқы ертеде кеміргіштер көбейсе, «үлкен аштық келе жатыр» деп ырымдайды екен. Құдай бетін аулақ қылсын. Бірақ бұл жағдайға мемлекеттік органдар назар аударып, оларды улау, жою шараларымен айналысуы керек. Эпидемиолог мамандар жануарлардың шамадан тыс көбеюінің себебін зерделеп көргені дұрыс, – дейді тұрғын.
Ал Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекова әзірше тұрғындар тарапынан шағым түспегенін жеткізді.
– Тышқан қаптап кетті деген Ертіс, Железин, Тереңкөл аудандарына хабарласып, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшыларына сұрау салдым. Олар жағдайдың қалыпты екенін жеткізді. Тұрғындар тарапынан да ешбір шағым болмаған. Кеміргіштер шын мәнінде көбейіп жатса, өңірлерде оларды жою, алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұған қатысты санитарлық талаптар мен нормалар бар, – дейді ол.
Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметовтің айтуынша, тышқандардың көбею үдерісіне жануарлардың бойындағы күйзеліс немесе токсоплазмоз ауруы себеп болуы да мүмкін. Қолайлы жағдай туындаса, олар жылына бірнеше рет балалай береді. Дегенмен тышқандардың түрі өте көп. Қазіргі уақытта көбейіп жатқан түрін ғылыми тұрғыдан анықтап, зерттеу жүргізсе, артық болмас еді.
«Негізі тышқандар өсімдіктердің дәнімен, қалдық азық-түлікпен қоректенетіні мәлім. Қорек шамадан тыс көбейген жылдары (10-12 жылда қайталануы ғажап емес) олардың популяциясы өсіп кетеді. Биылғы жаздың ылғалды өткеніне орай, кеміргіш жануарлар тауып жейтін азық та аста-төк болды. Мұндай кезеңде тышқандардың көбею үдерісі жүреді. Саны көбейген сайын олар жаңа мекендер мен тұрақтарды іздейді. Бір жерде шоғырланып отыра берсе, тауып жейтін азықтарына бәсекелестері көбейе түседі деген сөз. Осыдан бойларында күйзеліс туындайды. Екінші себеп, олардың арасында токсоплазмоз ауруы тарап кеткен болуы ықтимал. Токсоплазмоз – адам мен жануардың организмінде (токсоплазма арқылы) пайда болатын өте қауіпті паразиттік жұқпалы ауру. Бұл дертпен адамнан басқа үй жануарлары, жабайы сүтқоректілердің көптеген түрі ауырады. Атап айтқанда, мысықтар, қояндар, жыртқыш аңдар, тышқандар, құстар, егеуқұйрықтар, т.б. Ол адамға да жұғады. Жалпы, мен – паразитология саласын терең зерттеп жүрген адаммын. Протопаразиттер деген топ бар, олар өте ұсақ, біржасушалы болып келеді. Ол жануарларда, соның ішінде кеміргіштерде жиі кездеседі», дейді маман ғалым.
Ғалымның түсіндіруінше, токсоплазмоз ауруын тышқандардың өз ортасы таратады. Ал оны сау тышқанға мысық жұқтырады. Кейде мысықтардың кеміргіш жануарды ұстап алып, тісімен жарақаттап жібере салатын әдетін көбіміз байқаған болармыз. Сондай сәтте тышқанға жұғады. Кейін инфекция нәжіс немесе бірге пайдаланатын су көзі арқылы өзге кеміргіштерге жұғуы мүмкін.
«Тышқанның адамнан қорықпай, аулада немесе үй ішінде асыр салып жүруінің негізгі себебі – токсоплазмоз ауруы. Себебі мұндай ауруға шалдыққан жануарда өжеттік пайда болады, бұрынғыдай інінде көп жатқысы келмейді. Бірақ шамадан тыс мұндай өжеттік тышқандардың өз бетімен мысыққа барып жем болуына соқтырады. Бұл да – табиғаттың жануарларды сұрыптау ерекшеліктерінің бірі», дейді Қ.Ахметов.
Жоғарыда айтқандай, токсоплазмоз адамдар үшін де қауіпті. Әсіресе балалар шалдығуы мүмкін. Оны жұқтырған балалардың ойлау қабілеті төмендеп, дамуы тежеледі. Ауру жүйкесіне әсер ететіндіктен, мұндай балалардың бойында да өжеттік пайда болуы мүмкін екен.
Павлодар облысы