Футболдан еліміздің чемпионаты мәресіне жетті. Алматылық «Қайрат» төрт дүркін ел чемпионы атанды.
Биылғы жылы премьер-лиганың ойын кестесінде бірқатар өзгеріс болды. Ең бастысы, командалар жаңа маусымды 1 наурызда әдеттегідей 14 емес, 13 клубпен бастады. Себебі «Мақтаарал» ұжымы лицензиялау талаптарына сәйкес келмегеніне байланысты қатысудан шеттетілді. Ал осы клубты алмастыруы керек болған «Ақсу» командасы қаржылық қиындыққа байланысты турнирден бас тартты.
Жаңа маусым алдындағы жаңалықтардың бірі еліміздің чемпионатында легионерлерге қойылатын шектеуді алып тастау болды. Бұрын алаңға шыққанда легионер саны міндетті түрде жетеу болса, енді олардың санына шектеу жоқ екені хабарланды. Бірақ өтініш берген кезде жиырма бес футболшының кемінде 13-і Қазақстан футболының өкілі болуы керек деген талап қойылды.
Биылғы ҚПЛ маусымында семейлік «Елімай» мен астаналық «Жеңіс» футбол клубтары дебют жасады. «Елімай» маусымды 6-орынмен, ал «Жеңіс» 10-орынмен аяқтады.
Еліміздегі басты футбол додасында тосын жағдай да болды. Мәселен, «Шахтер» тарихта алғаш рет премьер-лигадан шығып қалды. Қарағандылық команда еліміздің екі дүркін чемпионы, ел кубогінің иегері, сондай-ақ еурокубоктердің топтық кезеңіне өткен бірінші отандық клуб саналады.
ҚПЛ соңғы турында чемпиондыққа талас алматылық «Қайрат» пен елордалық «Астана» арасында өрбіді. Бәсеке соңғы турға дейін сақталды. Шешуші ойында «Қайрат» сырт алаңда «Атырауды» 1:0 есебімен жеңіп, чемпиондықты иеленді. Қонақтар құрамындағы маңызды голды, 11 метрлік айып добын 59-минутта грузиялық легионер Григорий Зария соқты. Пенальти бразилиялық Жоао Паулоны шалып құлатқаны үшін белгіленген болатын. Осылайша, алматылық команда 2024 жылғы ел чемпионы атанды.
Күміс медальді қатарынан екінші жыл елордалық «Астана» жеңіп алды. Григорий Бабаянның командасы соңғы 26-турда «Жетісуды» 5:0 есебімен ойсырата ұтты.
Қола медальді «Ақтөбе» футболшылары иеленді. Олар маусымның соңғы матчында Түркістан облысының «Тұран» командасын 2:0 есебімен жеңді.
Былтырғы ел чемпионы «Ордабасы» бұл маусымда чемпиондық атағынан айырылып, турнирлік кестеде 4-орында қалды. Соңғы ойында олар «Елімайдан» 2:1 есебімен басым түсті.
«Қайрат» командасы чемпиондық атақтың арқасында келесі жылы еліміздің суперкубогі, УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алды. Турнирдің қорытындысы бойынша «Астана», «Ақтөбе», «Ордабасы» командалары да еурокубокке қатыса алады.