Ақтөбе облысының 3 колледжінде 2023 жылдан бастап эксперименттік бағдарламалар енгізіліп, мектептердің 10-11 сынып оқушылары негізгі біліммен қатар, жұмысшы мамандықтарын игеріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, жаңа оқу жылында бағдарламаға 128 студент қабылданған. Оның ішінде, Ақтөбе автожол колледжіне 58, Сервис колледжіне 40 және Ойыл кәсіптік колледжіне 30 студент оқуға түскен. Бүгінде 199 студент техник-механик, тігінші, ауыл шаруашылығын механикаландыру, аспазшы мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Бағдарламаға Ақтөбе қаласындағы №1 және №39 орта мектептері, сондай-ақ Ойыл қазақ орта мектебі қатысқан. Оқушыларға мамандықтарды игеру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие болу мүмкіндігі беріліп отыр. Аталған бастама – өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға және жастарды еңбекке баулуға бағытталған.
2025 жылдың қаңтарында алғашқы түлектерге дипломдар табысталады. Осылайша, мектеп түлектері еңбек нарығына дайын маман болып шығады деп күтіліп отыр.