• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 13 Қараша, 2024

Қыран құс не алмайды, салса баптап

44 рет
көрсетілді

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Төле би аулындағы «Қыран» дәстүрлі аңшылық орталығында «Сонар-2024» халықаралық құсбегілер турнирі ұйымдастырылды. Турнирдің негізгі мақсаты – құсбегілік өнерін дәріптеу, шетелдік қатысушылар арасында тәжірибе алмасу.

Турнирге еліміздің 13 облысынан келген 80-нен астам құсбегі, 67 бүркіт, 16 қаршыға, 14 ителгі қатысты. Моңғолия, Қытай, Қырғызстаннан келген шетелдік құсбегілер де өз өнерлерін көрсетті. Жалпы, қатысушылар саны жүзден асты, олардың арасында әлем­дік, халықаралық деңгейдегі жа­рыстардың жеңімпаздары мен тәжірибелі құсбегілер де болды.

Турнирдің ашылу салтанатында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов сөз сөйлеп, құсбегілік өнері қазақ халқының мәдениетінің маңызды бөлігі екендігін атап өтті.

«Бұл жарыс – қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасқан дәс­түрін, ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі болып табылатын құсбегілікті дәріптейтін маңызды шара. Құсбегілік – тек спорт емес, ата-бабаларымыздан қалған ұлы мұра, табиғатпен, аңшылық өнер­мен байланысымызды көрсе­тетін ерекше өнер», деді аудан әкімі.

Турнирде негізінен бүркітпен, қаршығамен, ителгімен аң аулау аталымдары сарапқа салынды. Әрбір құсбегі өз құсымен аң­шылық өнерін көрсетіп, ұлттық спорт түрінің үздік өкілі атануға тырысты.

«Құсбегілік – үлкен өнер, оны сақтап, әрі қарай дамыту  бәріміздің ортақ міндетіміз», деген Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы турнир қатысушыларына сәттілік тіледі. Сайыс аяқталғаннан кейін Алматы облысы әкімінің орын­басары Болат Күреңбеков же­ңімпаздарды марапаттады.

Сонымен Қы­тай, Моңғолия, Қырғызстан мемлекет­терінен, еліміздің 13 облысынан құсбе­гілер қатысқан «Сонар-2024» халықаралық турнирдің жарыс нәтижесінде бүркіт баптаған Астана қала­сынан қатысушы Ерасыл Серікбекұлы Ақбас бүркі­тімен, Жетісу облысының құс­­бегісі Жасұлан Бүркітбай Ақбөрте, Абай облысының намысын қорғаған Ринат Әлім­ғазин Қарадауыл қыра­нымен жеңімпаз атанды.

Ителгі ұшырған қара­ған­дылық Танат Оспанқұлов пен Павлодар облысынан қатысқан Ермек Иманғазиев же­ңімпаздар тұғырына кө­терілсе, «қаршыға» аталымында Алматы облы­сының құсбегілері Бексұлтан Сейітжан мен Сағыныш Баетбай, Жамбыл облысының қыраны Қанжар иесі Берікболсын Ба­бажан үздіктер қатарынан көрінді. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль, кубок, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады.

Сонымен қатар еліміздің ең­бек сіңірген әртісі, әнші Нұрлан Өнербаев та жеңімпаздарды марапаттап, қазақ халқының құсбегілік дәстүрінің болашақ ұрпаққа же­туінде осындай шаралардың ма­ңыздылығын атап өтті.

Турнирді ұйымдастыруға Мә­дениет және спорт министрлігі, Алматы облысы әкімдігі, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Құс­бегілік» республикалық федерациясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау көрсетті.

 

Алматы облысы