Қазақ даласы ежелгі мәдениеттің ошағы екенін археологтер дәлелдеп келеді. Атақты археологтер жас шәкірттерімен бірге жаз маусымында күнге күйіп, жауында қалып, кейбір салқын күндері дірдектеп тоңып жүріп, ежелгі мәдениеттің артефактілерін тауып, жер тарихы, ел тарихы туралы адамдардың білігін алға жылжытады.
Сондай археолог ғалымдардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ К.Ақышев атындағы археология ҒЗИ-дің директоры, профессор Марал Хабдуллина. Петропавлдың педагогикалық институтын бітірген соң ол КСРО ҒА Археология институтының аспирантурасын аяқтап, көп жыл бойы өзі оқыған ЖОО-да оқытушы болып істейді. Кейін Ә.Марғұлан атындағы Археология институтында қызмет етіп, ұстазы К.Ақышевтің жетекшілігімен тарих ғылымдарының кандидаты, ғылыми атағын қорғаған. 215 ғылыми еңбектің, соның ішінде 7 монография мен 5 оқу-әдістемелік құралдың авторы.
КСРО тарап, темір шымылдық түрілген жылдардан бастап ол өзінің сүйікті ісі археологиялық қазба жұмысымен айналысып, көптеген қала, бекініс орындарын ашуға қатысқан. Соның бірі – Шағалалы өзені бойындағы қазіргі Астана қаласының маңынан табылған Бозоқ қалашығы болса, тағы бірі – Есіл өзені жағасындағы Петропавл қаласының маңынан табылған Ақтау бекінісінің орны. Қола дәуірі, яғни осыдан 2500 жыл бұрынғы бекініс сақтар заманынан қалған белгі. Ақтау аталуының басты себебі – осы маңнан кейін адамдар құрылыс салуға әк, ақбалшықтар алған екен. Тастары да бозғылт, бір замандарда ақ болғанға ұқсайды.
Осы Ақтау бекінісі, оның алдындағы Ботай қыстағы, кейінгі «Қызыл оба» – Алтын Орда хандарының пантеоны, т.б. Солтүстік Қазақстан жерін ежелден адамдар қоныстанып, мұнда үлкен өркениет ізі қалғанын дәлелдейді. Кеңес одағы жылдарында мұндай археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды. Өйткені ресми идеология қазақ даласын жабайы мекен, бұрын алдындағы малымен бірге көшіп-қонып жүретін адамдар ғана қоныстанған, тек орыс саяхатшылары келіп, жорықшылары бекіністер, қала салған деген сияқты насихатты жүргізіп, адамдарға теріс түсінік қалыптастырды.
Құдайға шүкір, тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақ даласы ежелден белгілі өркениеттің орталығы екені дәлелденіп жатыр. Осы қатарда археологтердің тапқан жаңалықтары орасан зор. Қаншама шетелдік білікті археологиялық экспедициялар да келіп, өздерін көптен күпті қылған сұрақтарға жауап тапты.
Жуырда Қызылжардағы Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ мектебі атақты археолог Марал Хабдуллинаны шақырып, кездесу өткізді. Өйткені осы мектептің оқушылары ғалымның еңбегін жалғастырып, оның Петропавл түбіндегі Солнечный шағын ауданынан тапқан «Ақтау» бекінісін одан әрі қазып, ғылыми жобаларын іске асырған екен. Жобаның жетекшісі – «Асыл мұра» орталығының ғылыми қызметкері, белгілі өлкетанушы Дәстен Баймұқанов. Бұл кездесуге қаланың өлкетанушылары, мектептердің тарих пәндерінің мұғалімдері, жергілікті археолог ғалым Анатолий Плещаков, университеттің тарихшы студенттері қатысты.
Кездесуді ашқан мектеп директоры Айнагүл Есқалиева оқушылардың Ақтау бекінісін қазу жобасына белсене кірісіп, көп жұмыс істегенін, тіпті оның макетін жасағандарын айтып, зерттеуші оқушылар арасынан Айым Шештібаева мен Алина Тұяқова баяндама жасады. Оқушылар екі жылға жуық бекіністің орнын қазып, көптеген артефакті тапқанын айтты. Олардың арасында ұршықтастар, пышақтың, қанжардың, қылыштың сынықтары, жебенің, найзаның ұштары бар. Қазылған жер көлемі 1 700 шаршы метрді құрайды. «Ұршықтастар сол кездегі адамдардың малдың жүндерін өңдей алғанын көрсетеді. Сонымен бірге найзаның ұшын, қылыштың жүзін қайрайтын арнаулы тастары болған. Тіпті ас-суларын салқын жерде ұстау үшін жертөлелер де қазып алған», деді баяндамашылар.
Табылған артефактілердің бәрі Д.Баймұқановтың басшылығымен облыстық өлкетану музейінің экспонаттар қорына қосылыпты. «Біздің мақсат – осы алаңды үстіне құрылыс жүріп кетуден сақтау үшін этноауылға айналдыру. Ондай ұсынысымызды жергілікті билікке жеткізетін боламыз», деді Дәстен Абылайұлы.
Балалардың да археологиямен айналысуға талабы зор екен. Қазба жұмыстарына қатысқандар жазғы демалыстың тезірек болғанын күтіп жүрген көрінеді.