Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауына сәйкес ел Үкіметі сол жылғы 30 қарашада білім беру саласында «Жайлы мектеп» салу қанатқақты ұлттық жобасын арнайы қаулымен бекіткен еді. Жобаны іске асырудың қаржылық міндеті «Samruk-Kazyna Construction» АҚ белгіленген. Ал ұлттық жобаны жүзеге асыруды жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз ететін болды. «Жайлы мектептердің» ең басты ерекшелігі – мұнда бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқытылады. Бұл қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге тікелей байланысты.
Күні кеше ғана Петропавл қаласының «Орман» шағын ауданында 600 оқушыға арналған облыстағы алғашқы жайлы мектеп ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, қаланың зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен ардагер ұстаздар қатысты. Құттықтау сөзінде облыс әкімі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асып отырғанын жеткізді.
«Біздің балалар жаңа, жайлы барлық заманауи стандартқа сай мектепте білім алуға тиіс. Себебі ол жарқын болашағымызға салынған инвестиция. Жеткіншектерге барлық жағдай жасалса, арамыздан әлемді бағындыратын талай өнертапқыштар, ғалымдар, өнер иелері шығатынына сенімім мол. Біз өрендерге жақсы жағдай жасап қана қоймай, 80-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Осындай мектеп «Береке» шағын ауданында да салынып жатыр», деді өңір басшысы.
Аталған білім ордасында «Орман» шағын ауданымен іргелес «Борки», «Солнечный», «Юбилейный» және жаңадан ашылған «Бірлік» шағын ауданының балалары оқиды. Білім ұясында 30-дан астам сынып бөлмесі, солардың ішінде қазақ, орыс, ағылшын тілдері, физика, химия, информатика, биологияға арналған арнайы кабинеттер, STEM зертхана және роботтехника мен интерактивті тақталар бар. Оған қоса екі спортзал, заманауи шеберханалар, мәжіліс залы, би залы және көпсалалы спорт алаңы жұмыс істейді. Қыздардың шеберхана кабинетінде іс тігетін заманауи тігін машиналары қойылған. Онда қыз балалар 18 түрлі тігін өнерін үйренеді. Асхана мен кітапхана да көрген адамның көзін сүріндіргендей. Ерекше білімді қажет ететін балаларға да қолайлы жағдай жасалған. Оларға арналған инклюзия және логопед кабинеті жұмыс істейді. Мұнда оқушылар қазақ және орыс тілінде білім алады.
Анель Сабыр деген 8-сынып оқушысы жаңа мектептің ашылғанына айрықша қуанышты екенін айтты. «Бұл мектепте бәрі – әдемі. Өзім баскетболмен айналысамын. Сондықтан спортзал ерекше ұнады», десе, Сәбден есімді ата-ана «Жайлы мектеп» барлық талапқа сай салынғанын айтты. «Шынында да, балаларға өте жайлы. Бұрын оқыған мектепте екінші аяқкиім ауыстыратын орын өте тар болып, ата-аналар балаларымен бірге қысылып-қымтырылып жататын еді. Ал мына жаңа мектепте ондай жоқ. Іші кең, орын мол. Адам еркін тыныстайды. Осы білім ордасына немеремді әкелдім», деп ризашылығын білдірді.
Жаңа мектепке басшы болып, тәжірибелі маман, бұрын мектеп директоры болған Гүлжан Жақанова тағайындалды. «Бұл білім ордасы №28 мектеп аталады. Керек дүниенің бәрін жеткізіп алдық. Ерекше білімді қажет ететін балаларға су жаңа, заманауи сауықтыру құралдарын әкелдік. Арнайы жиһаздар да бар. Балалардың дамуына ыңғайлы тактильді жол-көрпешелер, лифт, мәжіліс залының сахнасына шығаратын пандустар – бәр-бәрі қарастырылған. Әзірге балаларымыз толық емес, бірақ уақыт өте келе оқушылар саны артады деп ойлаймын. «Бірлік» шағын ауданының балалары да осында келіп оқиды. Мамандарымыз да әлі де толығатынына сенімдімін», деді ол.
Ел Үкіметі балалардың жарқын болашағы үшін барлық жағдайды жасап отыр, енді тек жеткіншектер оның бағасын біліп, Отанының озық ойлы азаматтары болсын деңіз.
ПЕТРОПАВЛ