Өзінің тәуелсіздік алған жылдарында Қазақстан конфессияаралық және этносаралық келісім бойынша айрықша модель жасап, оны бүкіл әлем «қазақстандық жол» деп таныды. Біздің елдің тәжірибесі, әсіресе, қазіргі этносаралық және конфессияаралық кикілжіңдер туып отырған кезде ғаламдық деңгейде сұранысқа ие болып отыр.
Еліміз әрқашанда өркениеттер мен мәдениеттердің арасындағы алтын көпір болып келеді. Ұлы Жібек жолы да қазіргі Қазақстанның аумағы арқылы өтіп, Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің өзара мәдени және рухани баюының арнасы қызметін атқарды.
Өз кезегінде Қазақстан да әлемдік діндер көшбасшыларының үнқатысуына алтын көпір болып отыр. 2003 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамашылдығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты дінаралық үнқатысу алаңы дүниеге келді.
Дінаралық алғашқы саммит рухани құндылықтардың жаһандық араласуы процесінің алғашқы қозғаушы күші болды. Осында және одан кейін болған съездерде көптеген бірлескен декларациялар мен мәлімдемелер қабылданып, олар әлемдік қоғамдастықтың барлық халқына жетті.
Астана саммитінің арқасында әртүрлі діндер мен этностар өкілдерінің арасында өзара сенім мен ынтымақтастықтар пайда болды. Төзімділік, бейбітшілік, мәдениеттердің, діндер мен өркениеттердің ынтымақтастығы мемлекетіміздің сыртқы саяси бастамаларын жасауға да негіз болды. Бүгінгі таңда Қазақстан Еуропа елдерімен қатар, мұсылман әлемі елдерімен де бейбітсүйгіштік міндеттерді іске асыратын ынтымақтастық аумағын ұлғайтып келеді.
Қазақстандықтардың болашақ тағдырында Президент Н.Назарбаевтың «Нұрлы Жол» Жолдауын іске асыру маңызды рөл атқарады. Онда елдің жарқын болашағының стратегиясы айқындалған.
Дін көшбасшыларының түрлі жанжалдар мен кикілжіңдерді еңсеріп, бейбітшілікке бастар жолында өзара бірлесе іс-қимыл жасаудың маңызы зор. Өзара үнқатысулар мен ынтымақтастыққа ұмтылу арқылы дін көшбасшылары басқаларға үлгі бола алады. Міне, осы міндетті әлемдік өзекті мәселелерді талқылайтын және өзара қатынасты дамытатын дінаралық форум атқарады.
Екінші деңгейдегі дипломатия – бұл кикілжіңдерді реттеудің стратегиясын әзірлеуге бағытталған топтар мен халықтардың бейресми қарым-қатынастары. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үнқатысу арқылы бейбіт өмір сүруге шақырған үндеулері гуманистік, адамгершіл және негізделген мақсаттарды көздейді. Ол нәсілдік және діни қағидаттармен қудаланған халықтар арасында қолдауға ие болды.
Төзімділік, өзара түсіністік пен сыйластық, теңдік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтар барлық діндерге де тән. Барлық діндегі адамдарды бейбіт өмір сүруге ұмтылыс біріктіреді. Бірақ бүгін біз барлық діндердің өкілдері ортақ үлес қоспаса жеңе алмайтын проблемалар мен қатерлердің алдында тұрмыз.
Мейірлі бастамалар көтеру арқылы Қазақстан барлық әлемдік қоғамдастықтан өзіне деген құрмет пен танымалдыққа қол жеткізді. Дінаралық үнқатысуға қосқан үлесі ұлттар қауымдастығындағы біздің еліміздің беделін көтерді. Ғаламдық құрылымдар да Қазақстанды танып және оған деген өзінің сенімін арттырды.
Барлық бес съездегі кездесулер мен үнқатысулардың арқасында біз діндер көшбасшыларының арасындағы жайлылық пен өзара сенімге де қол жеткіздік. Әрбір келесі съезд әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының арасындағы өзара құрмет пен қарым-қатынасты жақсарта түсіп, әлемдегі бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесім жолындағы ынтымақтастықтарды арттыруда.
Бұл істің табысты болуына Қазақстан халқының өз ішіндегі ғасырлар бойғы діни төзімділігі мен толерантты өмір сүру үлгісі де маңызды факторлардың бірі болып отыр. Қазақ халқының мәдени-этностық дәстүрлерінен бастау алатын рухани өмірдегі қатынасқа деген төзімділік қазіргі және болашақтағы азаматтық бейбіт өмірдің сақталуына жақсы негіз болды. Қазақстанда барлық этностардың мәдениеті мен діндері жалпыұлттық құндылық деп бағаланады. Республиканың азаматтары өздерінің балаларын басқа ұлттар мен ұлыстардың діні мен құндылықтарына қатысты төзімді болуға тәрбиелейді. Бір аумақта тұрып, әртүрлі діндерді тұтынатын көптеген ұлттар мен ұлыстардың тарихи жағдаймен қалыптасқан бірге өмір сүруі халықтар мен діндер арасындағы ынтымақтастықты қажет етеді.
Республиканың сыртқы саяси іс-әрекетінде халықаралық ұйымдар елеулі рөл атқаруда. Қазақстанның халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықтағы басымдықтары туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егеменді мемлекет ретінде Қазақстанның құрылуы мен даму стратегиясы» атты кітабында атап көрсетілген.
Халықаралық ұйымдар арқылы елдің дипломатиялық қызметі Қазақстан Республикасының БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы конференциялар, форумдар, кеңестер мен саммиттерге шығуын қамтамасыз етіп, мемлекеттің халықаралық деңгейдегі танылуы мен рөлін арттырады.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе біздің елімізде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері әлемдік бейбітшілік пен келісімге, жұмыр Жердегі бейбіт өмір сүру мен үйлесімділіктің негізі болатын моральдық және этностық қағидаттардың салтанат құруына ғаламдық кеңістікте жол ашты деп айта аламыз.
Айнель ТОҚМЫРЗИНА,
Мәдениет пен діндердің халықаралық орталығының сарапшысы.