• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 13 Қараша, 2024

Астанада оқушы қыз дәріден уланып қалған

55 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы гимназия мектебінің оқушысы мектеп медбикесі берген дәріден уланып қалған. Бұл туралы оқушының ата-анасы айтты. Қазіргі таңда дәрігерге қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Egemen.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, оның қызы мектептен қайтып келе жатқанда есік алдына құлап қалған. Әйелдің айтуынша, ол алғашында баланы көшеде біреу ұрып-соққан деп ойлаған, бірақ қызы өзін жайсыз сезіне бастағаннан кейін жедел жәрдем шақырып, оның антибиотиктерден уланғанын білген.

«Дәрі қабылдау үшін мектеп мейірбикесі қызымды шақырып алған. Үйде оңайлықпен дәрі ішуге келісе қоймайтын қызыма медицина қызметкері бірден сегіз түйір дәріні мәжбүрлеп ішкізген», дейді қыздың анасы Ақтамақ Аппас.

Бала есін жиған кезде ата-ана 27-ші гимназия мектебінің басшылығынан түсініктеме алуға тырысқан. Бірақ анасының айтуынша, ол директордың қабылдауына кіре алмаған. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі бұл оқиғаны зерттеп жатыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, аумақтық комитет қызметтік тексеру жариялады.

Телеарнаның мәліметінше, оқушы қызға дәрі берген медицина қызметкері оқу орнының өзінде емес, қалалық емханалардың бірінде жұмыс істейді. Антибиотикпен емдеуді фтизиатр дәрігер тағайындаған, себебі қыз бір жылдай бұрын туберкулезбен ауыратын сыныптасымен байланыста болған.

«Осы жылы фтизиатр дәрігерге қаралды, балам сап-сау», деп түсіндірді қыздың анасы.

Дәрігерлер антибиотиктерді белгілі мөлшерде тағайындауға болатынын айтады. Бірақ ол үшін ата-ананың келісімі керек. 

Сонымен қатар педиатрдың айтуы бойынша, кез келген дәріні тамақ кезінде немесе одан кейін қабылдау керек. Ал Айсәуле оларды екінші ауысым біткенде, яғни аш қарынға қабылдаған.

Бүгінде қыздың анасы прокуратураға арыз жолдап үлгерген.